Ұлттық өнер ұлықталған күн
Аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімі мен мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі көптеген ілкімді іс-шаралардың өтуіне атсалысып жүретіні баршамызға белгілі. Өткен бейсенбі және жұма күндері осы екі бөлім қызметкерлері бірлесіп, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалалары аясында «Ұлттық өнер – рухани қазына» деген тақырыпта мазмұнды шара ұйымдастырды. Іс шараның мақсаты – ел азаматтары мен азаматшаларын ұлттық өнерді насихаттау арқылы қазақстандық патриотизмге баулу, домбыра мен қобыз аспаптарын үйрену, сондай-ақ, этнос өкілдері арасында ұлттық өнерді дәріптеп, достық қарым-қатынасты нығайту болып табылады.
Іс-шараға қатысушылар алдымен Мельс Өзбеков атындағы мәдениет Үйі өнерпаздары мен Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің ұстаздары дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалады. «Сұлутөр» фольклорлық ансамблі күмбірлете күй тартып, «Құлан сазы» фольклорлық ансамблі әннен шашу шашты.
«Әдемі-ау» ән-би ансамблінің арулары мың бұралып, би билеп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Айта кетейік, аталмыш іс-шараға өнерімен талайды тамсантқан мүмкіндігі шектеулі жандар Х.Кеупова, Б.Әшімова, А.Оразбекқызы да қатысты.
Ашық аспан астында, ұлт зиялысы, алаштың ардақты ұлы Тұрар Рысқұловтың ескерткішінің алдында өткен іс-шара барысында Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің домбыра және қобыз үйірмелерінің оқытушылары Айман Сұлтанбергенова мен Айшабибі Орманова, ұйғыр қызы Гузаль Касымова мен кәріс қызы Анастасия Янға домбыра және қобыз тартудың тәсілдерін үйретіп, жиналған қауымға шеберлік сағатын өткізді. Саз мектебінің ұстаздары Айдана Құлтасова мен Лескүл Жиенбетова да ұлттық аспаптар көрмесін таныстырып, әр аспап туралы деректерді жария етті. Аталмыш шарада аудандық тарихи-өлкетану музейі де ұлттық аспаптардың көне тарихымен таныстыратын тақырыптық көрме ұйымдастырды.
Шараның екінші күні ұлттық қолөнер бұйымдарының фестиваліне ұласты. «Көрпе FEST» қолөнер фестиваліне округтерден қолөнер шеберлері, осыған бейімділігі бар жас аналар, көп балалы және жұмысы жоқ аналар, мүмкінідігі шектеулі азаматтар мен жасөспірімдер келіп қатысты.
Фестиваль көрмесіне қошқармүйіз, гүл, құстұмсық, тұмарша, жыланбас бейнелі текемет, сырмақ, кілем, сүйек, ағаш, зергерлік тағы басқа бұйымдар қойылды. Олардан қолөнершілердің әр түрлі тұспалдарын, ою-өрнекпен әшекейлендірілген композицияларын байқауға болады. Мәселен, ата-анасына тұрмысқа шыққан қызынан орамалға түйілген құстұмсық жүзік келсе оған қуанып, қызының ұзатылған жерінің жақсы екенін біледі. Осындай сан түрлі қолөнер бұйымдарын жасап, көптің алдына ұсынған Луговой ауылының тұрғыны, ұлағатты ұстаз, белгілі қолөнер шебері, ауыл ардагерлер кеңесінің мүшесі Тұрсынкүл Сағымбекованың, құландық кәсіпкер Жамал апайдың, каменкалық шебер Кенжекүл Байқұлованың қолынан шыққан туындыларды көріп, тамашалады.
Фестивальдің жұмысына аудан әкімінің орынбасары Б.Әлпейісов, аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Л. Өтеулиева қатысып, шара соңында қатысушыларды марапаттап, олардың ұлттық өнерге қосқан үлестеріне жоғары баға берді.
Марат Жолдасбекұлы.