Абайдың қара сөздері

485 Views

ОТЫЗ ТӨРТІНШІ СӨЗ
Жұрттың бәрі біледі өлетұғынын және өлім үнемі қартайтып келмейтұғынын, бір алғанды қата жібермейтұғынын. Қазақ осыған да, амал жоқ, нанады, анық өз ойына, ақылына тексертіп нанбайды. Және һәмманы жаратқан құдай бар, ахиретте сұрау алады, жамандыққа жазғырады, жақсылыққа жарылғайды, жазғыруы да, жарылғауы да пенде ісіне ұқсамайды, бегірек есепсіз қинауы да бар, бегірек есепсіз жетістіруі де бар деп — бәріне сендік дейді. Жоқ, онысына мен сенбеймін? Олар сендім десе де, анық сенген кісіге уайым ойлап не керек? Осы екеуіне лайықты жақсылықты өздері де іздеп таба береді. Егерде осы екеуіне бұлдыр сеніп отырса, енді неге сендіре аламыз? Оны қайтіп түзете аламыз? Оларды мұсылман деп, қалайша иманы бар ғой дейміз?
Кімде-кім ахиретте де, дүниеде де қор болмаймын десе, білмек керек: еш адамның көңілінде екі қуаныш бірдей болмайды, екі ынтық құмарлық бірдей болмайды, екі қорқыныш, екі қайғы — олар да бірдей болмайды. Мұндай екі нәрсені бірдей болады деп айтуға мүмкін емес. Олай болғанда, қай адамның көңілінде дүние қайғысы, дүние қуанышы ахирет қайғысынан, ахирет қуанышынан артық болса — мұсылман емес. Енді ойлап қарай бер, біздің қазақ та мұсылман екен! Егерде екі нәрсе кез болса, бірі ахиретке керекті, бірі осы дүниеде керекті, бірін алса, бірі тимейтұғын болса, сонда біреу ахиретке керектіні алмай, екінші бір кез келгенде алармын деп, жоқ, егер кез болмайтұғын болса, кең құдай өзі кеңшілікпенен кешіреді дағы, мына кезі келіп тұрғанда мұны жіберіп болмас деп, дүниеге керектіні алса, енді ол кісі жанын берсе ахиретті дүниеге сатқаным жоқ деп, нануға бола ма?
Адам баласына адам баласының бәрі — дос. Не үшін десең, дүниеде жүргенде туысың, өсуің, тоюың, ашығуың, қайғың, қазаң, дене бітімің, шыққан жерің, бармақ жерің — бәрі бірдей, ахиретке қарай өлуің, көрге кіруің, шіруің, көрден махшарда сұралуың — бәрі бірдей, екі дүниенің қайғысына, пәлесіне қаупің, екі дүниенің жақсылығына рахатың — бәрі бірдей екен. Бес күндік өмірің бар ма, жоқ па?.. Біріңе-бірің қонақ екенсің, өзің дүниеге де қонақ екенсің, біреудің білгендігіне білместігін таластырып, біреудің бағына, малына күндестік қылып, я көрсеқызарлық қылып, көз алартыспақ лайық па? Тілеуді құдайдан тілемей, пендеден тілеп, өз бетімен еңбегімді жандыр демей, пәленшенікін әпер демек — ол құдайға айтарлық сөз бе? Құдай біреу үшін біреуге жәбір қылуына не лайығы бар? Екі ауыз сөздің басын қосарлық не ақылы жоқ, не ғылымы жоқ бола тұра, өзімдікін жөн қыламын деп, құр «ой, тәңір-ай!» деп таласа бергеннің несі сөз? Оның несі адам?

ОТЫЗ БЕСІНШІ СӨЗ
Махшарға барғанда құдай тағала қажы, молда, сопы, жомарт, шейіт — соларды қатар қойып, сұрар дейді. Дүниеде ғиззат үшін, сый-құрмет алмақ үшін қажы болғанды, молда болғанды, сопы болғанды, жомарт болғанды, шейіт болғандарды бір бөлек қояр дейді. Ахиретке бола, бір ғана құдай тағаланың разылығын таппақ үшін болғандарды бір бөлек қояр дейді.
Дүние үшін болғандарға айтар дейді: «Сендер дүниеде қажеке, молдеке, сопеке, мырзеке, батыреке аталмақ үшін өнер қылып едіңдер, ол дүниең мұнда жоқ. Сендердің ол қызықты дүниең харап болған, сонымен қылған өнерлерің де бітті. Енді мұнда құрмет алмақ түгіл, сұрау беріңдер! Мал бердім, өмір бердім, не үшін сол малдарыңды, өмірлеріңді, бетіңе ахиретті ұстап, дін ниетің дүниеде тұрып, жұртты алдамақ үшін сарып қылдыңдар?» деп.
Ана шын ниетіменен орнын тауып, бір құдайдың разылығы үшін өнер қылғандарға айтар дейді: «Сендер бір ғана менің разылығымды іздеп малдарыңды, өмірлеріңді сарып қылып едіңдер, мен разы болдым. Сіздерге лайықты құрметті орным бар, дайын, кіріңдер! Һәм ол разылықтарыңнан басқа осы махшар ішінде, сендердің осы қылғаныңа өзі қылмаса да, іші еріп, ынтық болған достарың табылса, шафағат қылыңдар!» — деп айтар дейді.

ОТЫЗ АЛТЫНШЫ СӨЗ
Пайғамбарымыз салаллаһу ғалайһи уәссәлләмнің хадис шарифінде айтыпты: «мән лә хаяһүн уәлә иманун ләһу» деп, яғни кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы да жоқ деген. Біздің қазақтың өзінің мақалы да бар: «ұят кімде болса, иман сонда» деген. Енді бұл сөзден білінді: ұят өзі иманның бір мүшесі екен. Олай болғанда білмек керек, ұят өзі қандай нәрсе? Бір ұят бар — надандықтың ұяты, жас бала сөз айтудан ұялған секілді, жақсы адамның алдына жазықсыз-ақ әншейін барып жолығысудан ұялған секілді. Не шариғатқа теріс, не ақылға теріс жазығы жоқ болса да, надандықтан бойын керістендіріп, шешілмегендік қылып, ұялмас нәрседен ұялған мұндай ұят шын ұялу емес — ақымақтық, жамандық.
Шын ұят сондай нәрсе, шариғатқа теріс, я ақылға теріс, я абиұрлы бойға теріс бір іс себепті болады. Мұндай ұят екі түрлі болады. Біреуі — ондай қылық өзіңнен шықпай-ақ, бір бөтен адамнан шыққанын көргенде, сен ұялып кетесің. Мұның себебі сол ұят істі қылған адамды есіркегендіктен болады. «Япырым-ай, мына байғұсқа не болады, енді мұның өзі не болады» дегендей, бір нәрсе іштен рахым секілді болып келіп, өзіңді қысып, қызартып кетеді. Біреуі сондай ұят, шариғатқа теріс, я ақылға, я абиұрлы бойға теріс, я адамшылыққа кесел қылық, қатеден яки нәпсіге еріп ғапылдықтан өз бойыңнан шыққандығынан болады. Мұндай ұят қылық қылғандығыңды бөтен кісі білмесе де, өз ақылың, өз нысабың өзіңді сөккен соң, іштен ұят келіп, өзіңе жаза тарттырады. Кірерге жер таба алмай, кісі бетіне қарай алмай, бір түрлі қысымға түсесің. Мұндай ұяты күшті адамдар ұйқыдан, тамақтан қалатұғыны да бар, хатта өзін-өзі өлтіретұғын кісілер де болады. Ұят деген — адамның өз бойындағы адамшылығы, иттігіңді ішіңнен өз мойныңа салып, сөгіс қылған қысымның аты. Ол уақытта тілге сөз де түспейді, көңілге ой да түспейді. Көзіңнің жасын, мұрныңның суын сүртіп алуға да қолың тимейді, бір ит боласың. Көзің кісі бетіне қарамақ түгіл, ешнәрсені көрмейді. Мұндайлыққа жетіп ұялған адамға өкпесі бар кісі кешпесе, яки оның үстіне тағы аямай өртендіріп сөз айтқан кісінің өзінің де адамшылығы жоқ десе болар.
Осы күнде менің көрген кісілерім ұялмақ түгіл, қызармайды да. «Ол істен мен ұятты болдым дедім ғой, енді нең бар?» дейді. Я болмаса «Жә, жә, оған мен-ақ ұятты болайын, сен өзің де сүйтіп пе едің?» дейді. Немесе «пәленше де, түгенше де тірі жүр ғой, пәлен қылған, түген қылған, менікі оның қасында несі сөз, пәлендей, түгендей мәнісі бар емес пе еді?» деп, ұялтамын десең, жап-жай отырып дауын сабап отырады. Осыны ұялған кісі дейміз бе, ұялмаған кісі дейміз бе? Ұялған десек, хадис анау, жақсылардан қалған сөз анау. Осындай адамның иманы бар дейміз бе, жоқ дейміз бе?!

Поделиться ссылкой: