Қарт ананы құттықтады
27 ViewsЖурналистика – жүрекке салмақ салатын мамандық. Неше түрлі кейіпкерлермен тілдесесің. Бірінде қуанасың, енді бірінде кейбір адамдарға қолдың қысқалығынан көмектесе алмай, «өзіңді-өзің жейтін» сәттер көп…
Төребек салкүреңін ерттеп, тазысын ертіп қансонарға бүгін ерте шыққан. Өндіре жүрген ол Талдысайдың өкшесіне іліккенде көкте қалықтаған қыран құсты байқады. Жүрісін баяулатып, төмендеп ұшқан құзғынды көріп: «Сен қайдан жүрсің? Әлде кешегі қойшының суға кеткен құлынын таптың ба?»деді ішінен. Бірақ қыран құс өлексеге жоламады, биіктей берді. Шіркін…тау самалы қандай? Аңшы тауға өрлеген сайын ерке жел есіп, еңсеңді көтереді. Төкең көшеден шыққалы бір ырғақ тауып, соны ыңылдап айтып келеді. Қазір қолында домбырасы болса сонардағы күйді күмбірлетіп ала жөнелер еді…
Салкүрең иесін «Қарабұлаққа» іліктіргенде әлгі жол-жөнекей көрген қыраны екеу болып, айнала төңіректі шыңнан бағдарлап ұшып, шыршалы шатқалдан гөрі бетегелі беткейге көбірек жақындап қалықтай берді. Бұл кезде жалғызаяқ тау сүрлеуі де қалың жынысқа кеп тірелген. Жерден жаңа көтеріле берген шілдерді алақұйын боп аспаннан төмен құлдилап ұшқан қырғи көз ілеспес шапшаңдықпен бірінен соң бірін теуіп түсіріп, біреуін жерге түсірмей іліп әкетті. Құстың алғыры тұйғын ғой, алайда қырғидың топалаңын өз көзімен көріп тұрған Төкең оған риза болды. Бұл кезде аңшының тазысы да қарап тұрмай қырғидың жемтігін іздеп, тауып алып иесіне әкеліп тұр еді. Аңшы: «Ал, ала ғой, бұл сенің сонарда тапқан олжаң ғой»деп шілді итінің алдына тастай салды. Ілкі сәт Төкеңнің құлағына желдің ызыңы естілді. Дереу көкке көз тастады. Қыран төменге құлдилап келеді екен.
Аңшы атын қамшылап, биік жотаға қарай шаба жөнелді. Бүркіт сүт пісірім мезгілде жемтігін алып үлгеріпті. Аңшы биік төбеден айналаға дүрбі салып көріп еді, қыран құстың алған олжасы әдеттегі аңға ұқсамайтын тәрізді. Ол құс қонған тұсқа жақындай берді. Тағының тірсегіндегі шідерлігі әбден ақжем болып тозып кетіпті. Аңшы ішінен: «Мынау қолдың құсы болды ғой» деді. Аңшы тағы да жақындай түсті. Жанары жарқылдаған қыранның аяғында ескі жарақаты бар екен. Дегенмен адамға айбат шеге қоймаған соң аңшы әкесінен үйренген үйреншікті сөзін айтып еді қыран жемтігін тастап, үлкен тастың үстіне барып отырды. Шиебөрі әлі шалажансар жатыр екен, Төкең аса сақтықпен барып жыртқыштың езуін тұзақтап болған соң барып қынынан кездігін суырып алып, бауыздай салды. Аңның өкпе-бауырын қыранның алдына қойды. Бүркіт содан соң барып жемтігін қарпып жей бастады.
Аңшы қыранға қарап: «Мұның иесі кім болды екен?» деген ойға шомды. Кенет тазысы қыңсылады. Иесі Ұшарға сыбаға тастауды ұмытып кеткен екен, тазыға да бір кесім ет тастап жатып шиебөрінің аузында қалған шідерліктің екінші ұшындағы «Ә.Қ» деген жазуды анық байқады. Енді ол: «Мынау бүркіт сонда менің әкемнің бүркіті болғаны ма?». Дәл осындай жазуды тоқымнан да көрген аңшы еріксіз көзіне жас алды. «Сұңқарым» деп ерекше бір емеуірінмен қыранға жақындады. Қанша тағы болса да бүркіт өз иесін танығандай тыныш отыра берді. Төкең аткөрпесін қолына киіп алып: «Кел, кел қыраным!» деді бар болмысымен бүркітті тұғырына шақырып. Қыран бүркітшінің қолына келіп қонды. Жатырқамайтын сыңайлы. Дәл осы кезде бала бүркіт бұларды айнала ұшып шарқ ұрып жүрген. Енді ол да құлдилай үшып, жақын бір тұсқа келіп қонды. Атақыран екі мәрте «шаңқ» етіп шаңқылдап еді, баласы оған қарай қазбауырлай жөнелді. Бұл кезде Төребек қыранды ер басына қондырып өзі бәрін сырттай бақылап тұрған. Қанша дегенмен бала қыран қолға үйренбеген, адамға айбат шегуі де ғажап емес қой. Дегенмен аңшы тәуекелге бел байлап, бала қыранға жақындай түсті. Әкесінен үйренген «соп» сөзін айтып, оны да тұғырға шақырды. Алғашында айбат шегіп, адамды жатырқағанымен келе-келе қолға да үйренді.
Кеш келіп, тау бөктерлеріне көлеңке түсе бастағанда аңшы қос қыранды бірдей қолына қондырып, ауылға бет алды. Ол: «Құс екеш құс та адамның жақсылығын ұмытпайды екен-ау. Атажұртты айналшықтап жүргеніне қарағанда иесін, әкем Әбдікерімді сағынған-ау, шамасы» деп аңшы көзіне жас алды.
Төкеңнің қолынан таңға домбыра түспеді. Ол осы түні күндізгі көргендерін «Сонар» атты тұңғыш күйіне түсіріп, таңғы шәй кезінде онысын ақын әрі сазгер інісі Жорабекті шақыртып алып тартып берді. Үйде Төкеңнің әйелі ғана жоқ еді. Сәлден соң Жорабек: «Көке, жеңешем ұл тапты»деген қуанышты хабар жеткізді. Әбдікерімовтер әулеті дәл сол күні дүниеге келген сәбиге азан шақырып Бүркіт деген ат қойды.
С.Қожеке.
Әбжапар ауылы.