Шығыстың ұлы ойшылы

786 Views

2020 жылы ұлы ойшыл, шығыстың Аристотелі атанған атақты жерлесіміз Әбу Насыр Мұхамед ибн Тархан ибн Узлаг әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл толады. Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз 870 жылы сол кезде дүние жүзіндегі ірі қалалардың бірі болған Отырарда дүниеге келді. Әл-Фарабидің ілім-білімге деген алғашқы ынтасы, ғылыми ойының алғашқы ұшқындары туған жері Отырарда, оның тамаша кітапханасында пайда болды. Кейіннен ол Шаш, Самарқан, Бұхара, Хорасан, Бағдат, Дамшық (Дамаск), Каир қалаларына барып білімін тереңдете түсті. Ол үнемі бір қаладан екінші қалаға саяхат жасап, білімін шыңдаған. Ғұлама ойшыл өмірін ғылым мен білімге арнады. Кейбір деректерге сәйкес, ол 70-ге жуық тіл меңгерген.
Әл-Фараби Аристотельден кейінгі дүние жүзі білімі мен мәдениетінің екінші ұстазы атанған данышпан, энциклопедист ғалым, астрономия, астрология, математика, логика, музыка, медицина, табиғаттану, социология, лингвистика, поэзия, риторика, философия ғылымдарын меңгеріп, 200-ге жуық трактаттар жазған. Өкінішке қарай, осынау ұшан-теңіз рухани туындылардың көбісі жоғалып, біздің заманымызға тек 40 шақты еңбегі ғана жеткен. Азияның ұлы ғалымдары мен ойшылдары Әбу Әли ибн Сина (Авиценна), Беруни, Бозжани, Омар Хаям және т.б. өздерін Әбу Насыр әл-Фарабидің шәкірттеріміз деп есептеген. Әбу Әли ибн Сина: «Бұрын еш түсіне алмай жүрген грек метафизикасын толығымен осы әл-Фарабидің кітабын оқып түсіндім» деген екен.
Әл-Фараби өз заманында дарынды ақын болған. Халық аузында сақталған мына өлеңінде ол өмір жолы туралы:
Кешір мені, туған жер, сені артқа тастадым.
Кешір мені, туған ел, жолды алысқа бастадым.
Кешір мені, ұлыс -ұрпағым, бақ, байлық, даңқ таппадым.
Кешір мені, ар-ұжданым, білім болды баққаным, – деп тебіренеді. Өкінішке қарай, ұлы ойшылдың поэзиялық мұрасы біздің дәуірімізге дейін толық сақталмаған, мүмкін әлі толық ізделіп зерттелмеген де шығар. Әйтсе де бізге жеткен аз ғана жыр жолдарынан оның зор шабытты, кең тынысты, терең ойлы, нәзік сезімді ақын екенін аңғарамыз. Әл-Фараби бабамыз ән-күй шығаратын композитор, музыка зерттеушісі, музыкалық аспаптарда шебер орындаушы болды. Ол музыка теориясы мен тарихы жөнінде «Музыканың ұлы кітабы» атты еңбек жазды. Бұл үзінді Әл Фарабидің музыкадан хабары бар екенін білдіретін бір қыры ғана. Әл Фарабидің еңбектері күннен күнге маңызы артып, айқындала түсуде.
Әл-Фараби мұраларын зерттеуге еліміздің атақты ғалымдары Ә.Марғұлан, А.Көбесов, Р.Бердібай, А.Қасымжанов тағы басқалар да ат салысты. Әлем мұрағаттары мен кітапханаларында сақталған Фараби мұрасын жинап, жүйелеп, зерттеп, ғылым игілігіне, ұлт мүддесіне жаратуда Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен жасалған «Мәдени мұра» бағдарламасы шеңберінде әл-Фарабидің он томдық еңбектерінің жарыққа шығуы үлкен маңызға ие болды. Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы талабынан қарасақ, бұл жұмыстарды әлі де тереңдете түсу керек. Әл-Фараби сияқты ғұлама бабамыздың еңбектерін толық, жан-жақты зерттеп, оны қазақ, орыс, ағылшын тілдеріне аудару орайында, әлі де көп тер төгуге тура келеді. 2020 жылы тойланатын Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО деңгейінде, әлемдік мәдениеттің ұлы мерекесі дәрежесінде өзінің туған жері Қазақстанда өтуі тиіс. Сонау қиын тоталитарлық жүйе кезінің өзінде әл-Фараби бабамыздың Отырардан шыққанын дәлелдеп, өз Отанына қауыштыру, 1100 жылдық мерейтойын өткізу аға ұрпақ өкілдерінің теңдесі жоқ ерлігі болды. Енді, еліміз тәуелсіздік алып, дамыған мемлекеттер қатарына қосылып жатқан кезде Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында тарихымызға терең бойлап, біз мақтанатын, дүние жүзі өркениетіне өлшеусіз үлес қосқан бабамыздың 1150 жылдық мерейтойын өткізу бәріміз үшін үлкен сын, ол жан-жақты дайындықты керек етеді.
Әл Фарабидің еңбектері күні бүгінге дейін өз мән-маңызын жоғалтқан жоқ. Әл Фарабидің мемлекет, ел басқару жөніндегі тұжырымдары, әлеуметтік-этикалық саяси көзқарастары бүгінгі қоғам үшін де айрықша маңызды. Оның еңбектері еуропалық Ренессанстың өрлеуіне үлкен ықпал етті. Фараби Шығыс пен Батыстың ғылымы мен ежелгі мәдениетін табыстыруда зор рөл атқарады.

САРА БАЙТАН,
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті филология және
журналистика кафедрасының
1 курс студенті.

Поделиться ссылкой: