Ел болашағы – әрқайсымыздың қолымызда
36 ViewsКеше ел азаматтары Атом электр станциясын салуға қатысты жалпыхалықтық референдумға қатысып, өз таңдауларын жасауда. Жалпы бұл еліміз тәуелсіздік алғалы өтіп жатқан төртінші референдум. Өзім…
Мал, мақтан, ғиззат-құрмет адамды өзі іздеп тапса, адамдықты бұзбайды һәм көрік болады. Егерде адам өзі оларға табынып іздесе, тапса да, таппаса да адамдығы жоғалады. Енді хақиқат сүйіп, шынды білмек құмарың бар болса, адамдыққа лайықты ықыласты құлағыңды қой. Әуелі дін исламның жолындағы пенделер иманның хақиқаты не сөз екенін білсін. Иман дегеніміз бір ғана инанмақтық емес, сен алла тағаланың бірлігіне, уә құранның оның сөзі екендігіне, уә пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа салаллаһу ғалайһи уәссәлләм оның тарапынан елші екендігіне инандың. Жә, не бітті? Сен алла тағалаға алла тағала үшін иман келтіремісің я өзің үшін иман келтіремісің? Сен иман келтірмесең де, алла тағалаға келер ешбір кемшілік жоқ еді. Өзің үшін иман келтірсең, жә инандың. Ол инанмақтығың құр ғана инанмақтықпен қалса, саған пайда бермейді. Оның үшін сен өзің инанмақтығыңнан пайда ала алмадың, пайдаланамын десең, пайда береді, кәміл иман болады. Пайданы қалайша алуды білмек керек. Сіз «Әмәнту биллаһи кәмаһуә би әсмайһи уасифатиһи» дедіңіз. Ол есім аллалар һәмма ол алла тағаланың фиғыл ғазимләрінің аттары, олардың мағынасын біл һәм сегіз сифат затиялары не деген сөз, кәміл үйрен. Өзіңді оның құлы біліп, өзіңе муслим ат қойып, тәслим болғаныңа раст боласың да. Өз пиғылдарыңды соған өз халіңше ұқсатуды шарт қыл. Алла тағалаға ұқсай алам ба деп, надандықпен ол сөзден жиіркенбе, ұқсамақ — дәл бірдейлік дағуасыменен емес, соның соңында болмақ. Оның үшін алла тағаланың сипаттары: Хаят, Ғылым, Құдірет, Басар, Сәмиғ, Ирада, Кәлам, Тәкин. Бұл сегізінен алла тағаладағыдай кәмәлат-ғазамат бірлән болмаса да, пендесінде де әрбірінен өз халінше бар қылып жаратыпты. Жә, біз өзіміздің бойымыздағы сегіз зәррә аттас сипатымызды ол алла тағаланың сегіз ұлығ сипатынан бас бұрғызып, өзге жолға салмақпенен біздің атымыз муслим бола ала ма? Болмаса керек. Жә, ол сегіз сипатына сипатымызды һәм ол аттары бірлән ағламланған фиғыл құдаға фиғлымызды ертпек неменен табылады, қалайша табылады, оны білмек керек. Ол — алла тағаланың заты, ешбір сипатқа мұқтаж емес, біздің ақылымыз мұқтаж, жоғарғы жазылмыш сипаттар бірлән тағрифлап танымаққа керек. Егерде ол сипаттар бірлән тағрифламасақ, бізге мағрифатулла қиын болады. Біз алла тағаланы өзінің білінгені қадар ғана білеміз, болмаса түгел білмекке мүмкін емес. Заты түгіл, хикметіне ешбір хакім ақыл ерістіре алмады. Алла тағала — өлшеусіз, біздің ақылымыз — өлшеулі. Өлшеулімен өлшеусізді білуге болмайды. Біз алла тағала «бір» дейміз, «бар» дейміз, ол «бір» демеклік те — ақылымызға ұғымның бір тиянағы үшін айтылған сөз. Болмаса ол «бір» демеклік те алла тағалаға лайықты келмейді. Оның үшін мүмкинаттың ішінде не нәрсенің ужуді бар болса, ол бірліктен құтылмайды. Әрбір хадиске айтылатұғын бір қадимге тағриф болмайды. Ол «бір» деген сөз ғаламның ішінде, ғалам алла тағаланың ішінде, құдай табарака уатағала кітаптарда сегіз субутия сипаттары бірлән, уә тоқсан тоғыз Әсмаи хұсналар бірлән білдірген. Бұлардың һәммасы алла тағаланың затия субутия уә фиғлия сипаттары дүр. Мен мұнда сіздерге төртеуін білдіремін. Оның екеуі — ғылым, құдірет. Сегіз сипаттан қалған алтауы — бұларға шарх. Ол алтауының бірі — хаят, яғни тірлік.
Алланы бар дедік, бір дедік, ғылым, құдірет сипаты бірлән сипаттадық. Бұл бірлік, барлық ғылым, құдірет олула боларлық нәрселер ме? Әлбетте, ғылым құдіреті бар болады: хаяты — мағлұм, бірі — ирада, яғни қаламақ. Ғылым бар болса, қаламақ та бар. Ол еш нәрсеге харекет бермейді. Һәммаға харекет беретұғын өзі. Ол ирада ғылымының бір сипаты кәләм, яғни сөйлеуші деген, сөз қаріпсіз, дауыссыз болушы ма еді? Алланың сөзі — қаріпсіз, дауыссыз. Енді олай болса, айтқандай қылып білдіретұғын құдіреті және басар, сәмиғ, яғни көруші, есітуші деген. Алла тағаланың көрмегі, естімегі, біз секілді көзбенен, құлақпенен емес, көргендей, естігендей білетұғын ғылымның бір сипаты. Бірі — тәкуин, яғни барлыққа келтіруші деген сөз. Егер барлыққа келтірмегі бір өз алдына сипат болса, алла тағаланың сипаты өзіндей қадім, һәм әзали һәм әдәби болады да, һәмишә барлыққа келтіруден босанбаса, бір сипаты бір сипатынан үлкен я кіші болуға жарамайды. Олай болғанда ғылым, құдірет сипаттары секілді босанбай, һәр уақыт жаратуда болса, бір ықтиярсыздық шығады. Ол ықтиярсыздық алла тағалаға лайықты емес. Оның барлыққа келтірмегі — құдіретіне ғана бір шарх. Бұл ғылым, құдіретте ешбір ниһоятсіз, ғылымында ғафләт, құдіретінде епсіздік және нашарлық жоқ. Саниғын сұңғатына қарап білесіз. Бұл көзге көрілген, көңілге сезілген ғаламды қандай хикметпенен жарастырып, қандай құдіретпенен орналастырған, ешбір адам баласының ақылы жетпейді. Бірақ пендесінде ақыл — хүкімші, қайрат, қуат — қызмет қылушы еді. Соған қарап ойлайсың: алла тағаланың сипатында солай болмаққа тиіс. Бірақ әуелде айтқанымыз: ғылым, құдірет — біздің ұғуымызға ғана екі хисап болмаса, бір-ақ ғылымды құдірет болуға тиіс. Олай болмаса сипаттар өз орталарында бірі тәбиғ, бірі матбуғ болады ғой. Бұл болса, тариф раббыға жараспайды. Сегіз сипат қылып және ол сипаттар «Лағаиру уәлә һуә» болып, бұлай айтуда, бұлардан бір өз алдына жамағат яки жамиғат шығып кетеді. Бұл болса келіспейді. Егерде сипаттарды әрбірін басқа-басқа дегенде, көп нәрседен жиылып, иттифақпенен құдай болған болады. Бұлай деу батыл, бір ғана құдірет пендеде болған қуат; құдірет ғылым ақылдан басқа болатұғын, алла тағалада болған құдірет — ғылым һәм рахмет. Ол – рахмет сипаты, сегіз сипаттың ішінде жазылмаса да, алла тағаланың Рахман, Рахим, Ғафур, Уадуд, Хафиз, Сәттар, Раззақ, Нафиғ, Уәкил, Латиф деген есімдеріне бинаһи бір ұлығ сипатынан хиссаптауға жарайды. Бұл сөзіме нақлия дәлелім — жоғарыдағы жазылған алла тағаланың есімдері. Ғақлия дәлелім құдай тағала бұл ғаламды ақыл жетпейтін келісіммен жаратқан, онан басқа, бірінен бір пайда алатұғын қылып жаратыпты. Жансыз жаратқандарынан пайда алатұғын жан иесі хайуандарды жаратып, жанды хайуандардан пайдаланатұғын ақылды инсанды жаратыпты.