Тіл тағдыры — ел тағдыры
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр» деген тақырыппен жарияланған республикалық «Ана тілі» газетіндегі сүбелі сұхбатын зор ықыласпен оқып шықтым. Белгілі журналист Жанарбек Әшімжан да Мемлекет басшысына өтімді сұрақтар қойыпты. Көлемді сұхбатта Қасым-Жомарт Кемелұлының тіл мәселесіне қатысты айтқан пікірі мені ерекше толғандырды. Ел Президентінің:
-Қазақ тілінде сөйлеу мақтаныш болуы үшін қоғамда оған деген қажеттілікті арттырған жөн. Мемлекеттік қызметке, оның ішінде, халықпен тығыз жұмыс істейтін лауазымға тағайындау кезінде кәсіби біліктілігіне қоса, қазақ тілін жақсы білетін азаматтарға басымдық беру керек. Парламентте немесе баспасөз мәслихаттарында мемлекеттік тілде сөйлеп, пікір алмаса алмайтын мемлекеттік қызметкер ұғымы, ең алдымен, қазақ азаматтарының арасында – анахронизмге айналуға тиіс, сондай-ақ, мектептердің бастауыш сыныптарында қазақ тіліне басымдық берілгені дұрыс,- деген пайымды пікірлері өте орынды айтылған деп білемін.
Қазіргі таңда теледидарда мән-мағынасы жоқ, арзан күлкіге құрылған шоу бағдарламалардың қаптап кеткені рас. Қазақша мен орысшаны араластырып кино түсіретінін қайтерсіз. Бұл жөнінде де Қасым-Жомарт Кемелұлы тұшымды ой айтты. «Телевизиялық және радио хабарларының сапасын арттыру қажет. Бұл ақпарат өнімдері Ресей бағдарламаларының көшірмесіне емес, қайта қоғамдық ойдың қайнар көзіне айналуға тиіс. Арзан ойын-күлкіден гөрі, ұлттық идеяға қызмет ететін топырағымыздан тамыр алған төл бағдарламаларды молайту қажет» деген сөзі де көңілге ерекше жігер сыйлады.
Қазақ халқының ең құнды байлығы – тәу етер Тәуелсіздік . Бүгінгі күнге дейін жеткен жетістігіміздің барлығы Азаттығымыздың арқасы. Қазақстан шекарасы шегенделген іргетасы берік, экономикасы жоғары дамудың даңғыл жолына түскен тұғырлы мемлекет. Мемлекет басшысының салиқалы саясатын жүзеге асырып, татулықпен ғұмыр кешсек, Ана тіліміздің де ғұмыры өміршең болары сөзсіз. Біздің келешегіміз алда. Мен оған сенімдімін.
Марат Диханбай.