Алғыс арқалаған Аслан
Луговой станциясы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері қызмет барысында небір жағдайларды бастан өткеріп жатады. Бірде қулығына құрық бойламайтын әккі айлакерлерді құрықтаса, енді бірде поезд ішінде әр түрлі жағдайға тап болған жолаушыларға көмек қолын созып жатады. Бұл көрініс олар үшін күнделікті дағдыға айналған десек те болады. Әсіресе, үлкен кісілердің жанынан табылып, оларға көмек қолын созу ұжым қызметкерлерінің негізгі парызының бірі болып саналады.
Жақында «Қызылорда – Көкшетау» бағытына қатынайтын №56-шы поездың жолаушысы, 75 жастағы Айнаш апаға көрсетілген құрмет осы сөзіміздің айғағы іспетті. «Қарттарым аман сау жүрші» дейтін қағиданы берік ұстанатын Луговой станциясы желілік полиция бөлімінің патрульдік полиция тобының полицейі, полиция старшинасы Аслан Молдақұлов Қызылордадан келе жатқан Айнаш апаға кішілік ықыласын білдіріп, жанына демеу болды. Өз кезегінде Айнаш апа полиция старшинасының іс-әрекетіне балаша қуанып қалған деседі. Жолаушы ішкі істер органдары қызметкерлерінің имиджін көтеріп, оларға қоғам мүшелері оң көзқарас таныту қажет екенін айтып, антына адал болған Асланға ақ алғысын жеткізді. «Адам баласы алдымен еңбектеп өседі, содан соң еңбекпен есейеді» деген ақын Қадыр Мырза Әлінің өнегелі сөзін қызметтік ұстанымға балайтын Луговой желілік полиция бөлімі бастығының кадр саясаты жөніндегі орынбасары, полиция капитаны Дәурен Қожабергенов те әріптесінің ғана емес, жалпы жеке құрамның қызметіне дән риза болып, жүрекжарды лебізін білдірді.
Марат Аятберген.