Алға қойылған мақсат айқын

549 Views

Өткен жұмада аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын аудан мұғалімдерінің тамыз кеңесі болып өтті. Аудандық білім бөлімінің жаңадан тағайындалған басшысы Майра Базарова «Білім және ғылым: жаңа оқу жылының ерекшеліктері» деген тақырыпқа баяндама жасады. Күллі әлемді әбігерге салған пандемияға байланысты жиналыс жылдағыдай емес, онлайын режимде өрбіді.
– Білім беру қызметкерлерінің тамыз кеңесі – педагогтар үшін жаңа оқу жылының басталуына және педагогикалық идеяларға есеп беретін дәстүрлі жиын. Сондай-ақ, осы бас қосуымызда ауданымыздың білім саласындағы тың мақсаттар мен міндеттерімізді айқындаймыз. Былтырғы жылы өздеріңіз білетіндей, еліміздің тарихында алғашқы рет ең маңызды екі құжат қабылданды. Біріншісі, «Қазақстан Республикасында білім беру мен ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламасы болса, екінші құжат «Педагог мәртебесі» туралы заң. Осы заңның шеңберінде ауданымызда педагогтардың мәртебесін көтеруге ықпалын тигізетін біршама игі жұмыстар атқарылуда. 2019-2020 оқу жылында 1872 педагогтың жалақысы 25 пайызға артып, оған республикалық бюджеттен 1 миллиард 121 миллион 132 мың теңге қаражат бөлінді. Қазіргі күні ұстаздардың біліктілік санаты үшін 30 пайыздан 50 пайызға дейін үстеме ақы төленуде. Сөз барысында атап өткенімдей, ауданда 1872 педагог қызмет етеді. Оның 1735-сі жоғары білімді, 137-сі орта арнаулы білімді. Жоғары санатты – 257, 1-ші санатты — 652 ұстаз бар, сонымен қатар 42 педагог-зерттеуші, 55 педагог- сарапшы еңбек етеді. 1872 мұғалімнің 948-і күндізгі, 923-і сырттай оқу орнын бітірген,-деді баяндамашы.
Ал, мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеу жөнінде ауданның бас педагогы мынадай мәліметті сөз етті. «Бүгінгі күнде жалпы білім бөліміне қарасты 23 балабақша жұмыс атқарып келеді. Мемлекеттік 14 балабақшада – 1532, жекеменшік балабақшада – 1020 бүлдіршін тәрбиеленуде. Аудан бойынша мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылғандардың үлесі 1 мен 6 жас аралығында – 88,2 пайызды құраса, 3 пен 6 жас аралығындағылар 100 пайызды құрап отыр». Білім бөлімінің басшысы өзінің баяндамасында 2019-2020 жылғы оқу жылындағы ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысына да тоқталып өтті. Мәселен, 2019-2020 оқу жылын 610 түлек бітірген. Оның 510-ы, яғни 83,6 пайызы ҰБТ тапсырды. 40 түлек «Алтын белгі», 24 түлек «Үздік аттестат» иегері атанды. Алайда, осы «Алтын белгі» иелерінің 27-сі 35-93, «Үздік аттестат» иегерлерінің 24-і 35-96 аралығында балл жинапты. Қандай сылтау айтып жалтарсақ та, биылғы ҰБТ көрсеткіші алдыңғы жылдармен салыстырғанда 32 пайызға төмендепті. Шекті деңгейден өтпегендердің саны 207-ге көбейген. Аталмыш статистика жөнінде Майра Базарова «Бұл дегеніміз – мектеп басшыларының басқару мен бақылауды әлсіретіп алғандығының көрінісі, оқушылардың білімін бағалаудағы шынайылық пен әділдіктің жоқтығының белгісі» деп, ойын бүкпесіз айтты.
Ал, жаңа оқу жылы төңірегінде білім бөлімінің басшысы: « Биылғы оқу жылын 15 мың 4 оқушымен бастаймыз. Мектеп табалдырығын алғаш рет 1600-ден астам бүлдіршін аттағалы отыр. Елдегі жағдайды көріп, біліп отырсыздар. Сондықтан ауданымыздағы 12 мектеп дәстүрлі, 27 мектеп қашықтан оқыту режимінде жұмыс жасайды. Сонымен қатар, жұмыс істейтін, үйінде балаларын онлайн режимінде оқыта алмайтын ата-аналар үшін бастауыш сыныптарда «кезекші сынып» ашылады. «Кезекші сыныптар» ата-аналардың немесе заңды өкілдерінің өтініштері негізінде санитарлық талаптарды қатаң сақтайтын болады» деді.
Содан соң мінбеге көпбалалы ана Роза Отыншиева көтеріліп, тәрбие саласында мектеп, ұстазбен қатар ата-ананың рөлі тақырыбында өзекті мәселелер қозғады. Роза Биғазықызының пікірінше, бала тәрбиесіне тек мұғалім ғана емес, ата-ана да тікелей жауапты болуы тиіс. Біздіңше, көпбалалы ана сөз еткен пікір өте орынды. Себебі, ата-ана ұстаз хақында балаға негативті пікірді емес, мұғалімнің мәртебесі әрқашан жоғары екендігін айтып отыруы қажет.
Жиын соңында Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Сәуле Естаева, Ақтоған шағын орталықты орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Хадиша Оразова, Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің биология және математика пәндерінің мұғалімдері Айгүл Алдажанова мен Салтанат Кенжебаева, аудандық білім бөлімінің әдіскері Кәдіржан Медеров Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасымен марапатталса, білім саласында ұзақ жылдар бойы нәтижелі еңбек еткен Райымбек Смаилов атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қалбүбі Оспаналиеваға «Ыбырай Алтынсарин» төс белгісі табыс етілді.
Тамыз кеңесіне аудан әкімі Ерболат Садырқұлов қатысып, марапат иелеріне ізгі тілегін білдіріп, отбасыларына амандық, жұмыстарына табыс тіледі.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: