Құрылыс жұмыстарына қарқын керек

507 Views

Елімізде карантиндік шектеулер басталғалы бері Қазақстан Респуб­ликасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» бағдарламасы қарқынды түрде іске асырылып келеді. Аталмыш бағдарлама қосымша жұмыс орындарын құруға, халықты табыспен қамтуға, жұмыссыз азаматтар санының өсуіне жол бермеуге бағытталған. Бүгінде әлеуметтік, инженерлік-көліктік, инфрақұрылым, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, елді мекендерді абаттандыру бағытындағы жобаларды іске асыруды көздеген бағдарлама аясында бірқатар ауқымды жүмыстар жүзеге асырылуда. Дәл осындай бағдарламалардың орындалуын және өзге де түйткілді мәселелердің шешілуін өз көзімен көру үшін өткен аптаның сенбісінде ауданға арнайы іссапармен облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев келіп, аудан аумағында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.
Облыс әкімінің орынбасары алғаш ауданның кіреберісіне орнатылған стелламен таныса келіп: «Осы стелланың жоғарғы бөлігіне хәкім Абайдың немесе ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің нақыл сөздерін жазып қойса дұрыс болар еді» деген ұсынысын айтты. Ол осыдан кейін Тереңөзек ауылдық округінде асарлатып салынып жатқан тұрғын үйдің жұмысымен танысты. Айта ләзім, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға арналған дәл осындай үйлер ауданның бірқатар округтерінде тұрғындардың атсалысуымен салынуда. Келесі кезекте Ержан Жұматұлы Малдыбай ауылындағы мектеп ғимаратының ағымдағы жөндеу жұмыстарына зер салып, терезелері ауыстырылып, дәретханасы ішке кіргізілген ғимараттың жаңа оқу жылына дайындығына өзінің бағасын берді. Нақтырақ айтсақ, пән кабинеттерінің жабдықталу сапасы мен сақтық шараларын тексеріп шықты. Тіпті, мектептің материалдық құрылғыларын(компьютер, инте­рак­тивті тақта, интернет) қосып көріп, анық­талған кемшіліктерді дереу ретке келтіруді жауапты басшыларға жүктеді. Облыс әкімінің орынбасары кейіннен ауыл тұрғындарыменен жеке жүздесіп, олардың өтініш-тілектеріне құлақ түрді. Өзінің емес, тұтастай бір елді мекеннің өтінішін арқалай келген ауыл ақсақалдарының тілегі де бір болып шықты. Олар облыс әкімінің орынбасарына тозығы жеткен білім ордасының орнына заман талабына сай келетін жаңа ғимарат салып беруге ықпал етуін өтінді. Ержан Жұматұлы тұрғындар тілегін облыс әкіміне міндетті түрде жеткізетінін білдірді.
Түс ауа бақылаушы топ мүшелері Құлан арготехникалық колледжінің №1 корпусына және асханасына, сондай-ақ, Әлихан Бөкейханов, Мұхтар Әуезов, Бауыржан Момышұлы атындағы мектептерде жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарымен жан-жақты танысты. Е.Жылқыбаев тексеру нәтижесінде анықталған кемшіліктерді дер кезінде жоюды мердігерлерге жүктеп, құрылыс жұмыстарына қарқын қосу қажет екендігін қатаң ескертті. Тіпті, құрылыс жұмыстарын өз мерзімінде аяқтай алмаған «Жоғарғы санат құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиісті шара қолдануға пәрмен берді. Айта кетейік, аты аталған мердігер компания құны 71187,1 мың теңге тұратын Құлан арготехникалық колледжінің асханасына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуде.
Іссапар барысында ауылдық округтердің көшелеріне төселіп жатқан асфальттың сапасына да мән берілді. Дәлірек айтсақ, Ержан Жұматұлы Құлан ауылындағы «Достық», Каменка ауылындағы «А.Базарқұл» көшесіне жаңадан төселген жолдың сапасына баға берді. Анықталған кемшіліктерді ретке келтіруді мердігерге табыстап, күн суытпай қалған көшелердегі жол жөндеу жұмыстарын жеделдету керектігін ерекше тапсырды.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: