КӘСІПКЕРДІҢ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҒЫ
Көнекөздерден қалған бір қанатты сөз бар: «Батыр болсаң – жауыңа найзаң тисін, бай болсаң – халқыңа пайдаң тисін» деген. Иә, қарап отырсаң расында байлық қолдың кірі деген сөздің де жаны бар-ау. Осыны байлыққа қолы жеткендер кейде түсіне бермейтіні өкінішті-ақ. Мешітке барып имамның уағызын тыңдасаң: «Қайырымдылық жасау, кедей-кепшікке, жарлы-жақыбайға, жетім-жесірге берген садақаң бұл тірі жүргендерге қалқан, ал, өлгендерге сауап болады. Сондықтан малшы малынан зекет, диқан егінінен кеусен, мешітке пітір-садақа бергені абзал» дейді.
Осынау сауапты істі жасау Сәтжанның «әу» бастан-ақ ойында жүрген. Жақсылық жасаудың сәті жақында түсті. Өйткені, жыл он екі ай қожалықтың шаруасы біткен бе. Бұл жолы да Сәкең осы қайырымды шараны егін орағы сияқты жауапты науқан аяқталған соң атқару туралы аймақ Көкдөнен ауылдық округінің әкімі Төлеген Атабаевқа уәде беріп қойған. Оған дейін ауыл әкімі назарға ілінген үш отбасының жағдайын, жай-жапсарын біліп алу мақсатымен олардың үйлеріне барған. Алдымен он жылдан бері арбада отырған бірінші топтағы мүгедек Халида Әбдіқадырқызына жолыққан. Оның үстіне Халида маусым айының алтысында әкімнің кеңсесіне келіп: «Бізге аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі қоларбаны жеті жылда бір береді. Берген арбалары бір жылға әрең шыдайды. Ол өзі 60-70 мың теңге тұрады, ләж жоқ сатып аламын. Менің сізге келген себебім де осы арбаға байланысты еді. Қайырымдылық жасай алатын кәсіпкер болса әлгі арбаның қымбаттау тұратын «активный» деген түрі бар көрінеді, өзін Алматыда бір қолөнер шебері жасап, 350 мың теңгеге сатады екен. Шіркін, сондай бір қоларба болса ғой…» деген жағдайын айтқан. Әкім Халиданың сөзін жерге тастамай осыған байланысты қайырымдылық жасау туралы «Қайқы» шаруа қожалығының жетекшісі, аудандық мәслихаттың депутаты Сәтжан Пойызбайұлы Мамырбаевқа өтінішпен қайырылған.
Жақында қолы жомарт кәсіпкер әлгі қымбат арбаны Халида Әбдіқадырқызына өзі әкеліп табыстады. «Асан-көмек» деп аталатын мүгедектердің корпоративтік қорына мүше болып жүрген Халиданың қуанышында бұл күні шек болған жоқ. Оның аурухана мен поштаға, дүкендерге баруына мемлекет тарапынан көмекші болып бекітілген Жұпаркүл Сейдалиева да бірге қуанды. Иә, Халиданың тоғызыншы сыныпта оқитын қызы да бар. Бірақ ол өзі үйінде қол қусырып қарап отырмайды. Жұрттан киім тігуге тапсырыс алады. Сөйтіп, «көгілдір отын» мен жарыққа деген шығынын ажыратады.
Ауыл әкімі Т.Атабаевтың қатысуымен сол күні Жақсылық ауылының мүлдем малы жоқ, тұрмысы төмен екі отбасына кәсіпкер Сәтжан Мамырбаев он-он қойдан жиырма қой қорасына кіргізіп берді. Иә, осындай қиын-қыстау індет жүріп жатқан шақта «Жақыныңа жанашыр бол» деген қағидаға сүйеніп, ауыл тұрғындары Қ.Нұрпейісов пен А.Сабырқұловаларға қайырымдылық көрсетіп жатқан кәсіпкер азаматқа ауылдастары да алғысын аямады. Шіркін, осындайда барлық бай азаматтардың дәл осылай қолы ашық болса ғой дегің келеді.
С.Шамин.
Суреттерде: кәсіпкер С.Мамырбаев бірінші топтағы мүгедек Халида Әбдіқадырқызына қоларба тапсырып тұр; қорасына он саулық кіргізіп жатқан көршілер.