ҚҰЛАНДАҒЫ МӘСЕЛЕЛЕР ДЕ ШЕШІМІН ТАУЫП КЕЛЕДІ

530 Views

Шілде айының басында Ақбұлақ ауылын аралап, ондағы атқарылған жұмыстарды көзбен көрген аудан әкімі осы жолы Құлан ауылдық окру­гінде іске асырылып жатқан игі бастамаларға өз бағасын берді. Жалпы биыл құландықтар үшін округте ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылып жатыр. Атап айтар болсақ, ауыл аумағындағы жарық беруші 750 ескі шамдар толығымен ауыстырылған. Соңғы үлгідегі электр үнемдегіш жарық көздерін ауыстыру жұмыстарымен «Алира Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысуда. Бұл мақсатта бюджеттен 25727,5 теңге қарастырылған. Сондай-ақ, дәл қазір орталық көше бойына 166 дана жарық диотты шам бағаналары орнатылуда. Бұл жұмыстарды «Building Technology Group» жауапкерлігі шектеулі серіктестігі жүргізуді қолға алған. Осы жұмыстар толығымен аяқталатын болса, ауданның орталық көшелері түнімен жарқырап жанып, орталыққа өзгеше өң беретін шығар. Сонымен қатар, орталық көшенің бойында жаяу жүргіншілерге арналған саяжолға брусчатка төселуде. «Tembol» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп жатқан бұл жұмысқа бюджеттен 9955,5 теңге қаражат бөлінген.
Қазіргі таңда Құлан ауылын­дағы 20,44 шақырымды құрайтын 42 көше­нің жолына орташа жөндеу жұмыс­­та­­ры жүргізілуде. Солардың бірі – Қарақат ауылындағы Әбілдә Сүлейменов атындағы көше. Аудан әкімі Ерболат Садырқұлов өзінің сапарын осы көшенің жұмысымен танысу­дан бастады. Биыл округке қарасты Қарақат ауылында 3 көшенің жолы асфальтталған. Көшелердің жалпы ұзындығы – 1,5 шақырымды құрайды. Жолдың сапасын бақылап, оны салып жатқан мердігер «Құлан жолдары» жауапкершілігі шектеу­лі серіктесті­гінің басшысы Руслан Оразханмен жолыққанда аудан әкімі оның жұмысына оң бағасын беріп, басқа көшелердің жолдары да дәл осылай сапалы болатынына сенім білдірді. Орталық көшенің жұмыстарымен танысқан аудан басшысы Қарақат ауылындағы білім ошағына да бас сұқты. Онда мектепке жапсарлас дәретхана салынып, терезелері то­лы­ғыменен ауыстырылған екен. Атал­­­мыш жұмыстарды аудан әкімі­не мек­теп директоры Ербол Қайпулдаев таныстырды. Ербол Талантұлы соңғы жылдары ауылда демографиялық өсімнің артқанын айтып, биылдың өзінде 30-дан астам бала мектеп табалдырығын аттауға өтініш бер­генін тілге тиек етті. Атқарылған жұмыстармен танысқан аудан әкімі білім ошағына алдағы уақытта спорт зал мен асхана және қосымша оқу бөлмелері салынатынын айтты. Тіпті, қолдан келсе заман талабына сай жаңа білім ошағынның іргетасын қалау да болашақ жоспарда бар екенінен хабардар етті. Осынау қуанышты ха­барды естіген ауыл қариясы Үмбет Жанәділов аудан әкімінің жоспарын қолдайтынын айтып, өз батасын берді.
Биыл білім саласына бөлінген қа­ражат өте қомақты. Олардың басым көпшілігі мектептерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жұмсалуда. Дәл осындай құрылыс жұмыстары «Балдырған» бала бақшасына да жүргізілуде. Нысанның сыртқы то­лығыменен қоршалып, есік алдына соңғы үлгідегі жол жолақтары төсел­ген. Бұл жұмыстармен «ММ Group» құрылыс компаниясы айналысуда. Құрылысты өз мерзімінде аяқтауға уәде берген құрылысшылардың жұмы­­сы­­на аудан басшысы өз тарапынан оң баға берді.
Келесі кезекте Ерболат Садырқұлов ауданның орталық аланын жаңғырту жұмыстарымен танысты. Жұмысқа жауапты мамандармен пікір алмасып, орталықта орналасқан балалар сая­бағын жөндеу жұмыстарын қолға алу керектігіне баса назар аударды. Осы саябаққа дәл қазір спорттық және жаттығу алаңы салынуда. Құрылыс жұмыстарымен танысқан аудан әкімі саябақты абаттандыру жұмыста­­ры­­на да ерекше мән беру керектігіне на­зар аударып, ауыл әкімі мен жауап­ты мамандарға бірқатар тапсырмалар жүктеді. Іс сапар барысында Ерболат Салқынбекұлы «Ардагерлер үйіне» кіріп, ондағы жұмыстарға көз жүгірт­­ті. Өз сөзінде аудан ақсақалдарымен жиі бас қосу керектігін алға тартты.
Құланда атқарылып жатқан ау­қымды жұмыстарға қарамастан, әлі де шешімін таппай түйіндеулі тұрған мәселелер де баршылық екен. Солардың бірі – Жангелді көшесі. Бүгінгі таңда аты аталған көшедегі 20-дан астам шаңырақ ауыз сусыз отыр. Осы мәселені шешу үшін аудан басшысы Ерболат Садырқұлов ауыл әкімі Еркін Сейтжапаровпен, «Таза су – 2014» мекемесінің басшысы Азамат Ботагараевпен, аудан әкім­дігінің «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» басшысы Мақсат Дауытбековпен ұзақ пікір алмасып, шешу жолдарын қарастырып көрді. Кейіннен аудан әкімі сондағы тұрғындармен тілдесіп, алдағы уақытта Жангелді көшесіне жол және жарықтандыру жұмыста­ры жүргізілетінін атап өтті. Сондай-ақ, кө­ше тұрғындарының негізгі мәселе­сіне айналған электр жүйесін бақы­лауға алатынын айтты.
Аудан басшысы дәл осылай Панфилов көшесінің тұрғындары­мен де кездесті. Тұрғындардың өтіні­ші­не құлақ түріп, күрделі мәселелерді анықтады. Жалпы Панфилов көшесін­де 4 көп қабатты үй орналасқан. Онда дәл қазір 250-ге жуық тұрғын тұрып жатыр. Ерболат Садырқұлов оларға қолайлы жағдай жасау үшін қолдан келген барлық амалды жасап көреті­нін айтты. Сондай-ақ, биылдың өзінде көшені қайта жарықтандыратынын, спорттық алаңға төсеніш төсеу үшін қаржы бөлетінін жеткізді. Ал, келер жылы балаларға арналған ойын ала­ңын және көше жолын толық жөндеуден өткізуге уәде берді.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: