Азаттық деген асыл сөз

600 Views

Азаттық. Құлаққа қандай жа­ғым­­ды естіледі. Ал, осы қастерлі сөз­ді болашақ ұрпақ сезінсін деп, қан­шама бабаларымыз жанқиярлық та­нытып, жазықсыздан-жазықсыз жапа шекті. Жәнібек хан мен Керей хан халықтың қамын күйттеп, Қасым хан қайсарлықпен шайқасып, Абылай ба­ба­мыз аттан түскен жоқ. Бұлардың бар­­лығы да болашақ ұрпағының бақыт­ты ғұмыр кешуі жолында ерлікпен шай­қасып, жандарын қиды. Осының бәрін екшеп отырып, мен кейде со­лар­­дың ержүректілігіне, жаудың ал­дында қасқайып тұрып қарсы сөз айт­қан қайсарлығына, кісі баласына жа­мандық түгілі артынан ғайбат сөз ай­туды жаратпайтын зиялылығына, қара басының қамынан гөрі жерінің, хал­қының, елінің жағдайын ойлаған ұлы­лығына тәнті боламын. Алтай мен Аты­раудың арасындағы ұланғайыр атырабтағы осынау сайын даланы ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен мына біздерге аманат етіп қалдырды.
Азаттық үшін алысқан алаш көсем­дері Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы сынды зиялыларымыз ұлт мүддесі үшін бастарын қатерге тікті. Солардың қайсар мінезінен қуат алған желтоқсаншылар 1986 жылы қызыл империяның айдағына көнбей, қазақы намыстың ұшқынын ұқтырды. Осылайша, 1991 жылдың 16-шы желтоқсанында қазақ жерінде бұрын-соңды болмаған тарих орнады. Бодандықтың қамыты артта қалып, Алаштың төрінде тәуелсіздіктің таңы атты. Барша қазақ бөркін аспанға лақтырып, қуаныштан көз жасқа да ерік берді. Ол – жай жас емес, ішкі түйсікті жарып шыққан шынайы жас болатын. Міне, біз ғұмыр кешіп жатқан Тәуелсіз Қазақстанның тарихи құндылықтары осындай. Айтар сөзге оңай болғанымен, таусылмас төзім мен жаралы жылдардың жеңісі бұл. Біз, тәуелсіз ұрпақтың өкілі ретінде осы ерліктерді әрқашан жүрек сүзгісінен өткізіп, біліп жүруіміз керек деп ойлаймын.
Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жағдайымыз қалай болмақ? Шындығын айту керек, осы сауал барша жұртшылықтың көкейінде тұрды сол тұста. Бірақ, баба тағылымынан тәбәрік алған Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев сол сауалдың қамалын бұзды. Нәтижесінде, кешегі өзгеден оқшау көрінген қазақ, бұл күндері дара да һәм дана қазаққа айналды. ЖаҺандық мінберлерден қадау-қадау сөз айтқан Елбасының ерлігін әлем жұртшылығы мойындады бүгінде. Анау-мынауға ұмсына бермейтін алып Америкаңыздың аспанында қазақтың тілі шарықтап сала берді. Сөйтіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген көшбасшы екеніне көз жеткізген әлем жұртшылығы қаһарман қазақтың мықтылығын да мойындады. Менің пайымымша, бұл бабалар арманы орындалып, елдігіміздің, тәуелсіздігіміздің мойындалғаны деп білемін. Алдағы уақытта тәуелсіз елдің жалынды жастары жеткен жетістіктерімізді үсті-үстіне жетілдіре түссе деймін. Сонда ғана Елбасы бастап, қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев қостаған жаңа белестерді бағындыра аламыз. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты ел халқына арнаған кезекті Жолдауында: «Ысырапшылдық пен даңғазалық қоғамның да, адамның да абыройын төгеді. Жауапсыздық немқұрайдылық бүкіл елді қасіретке ұшыратады. Ал, бос сөзділік пен бөспелік, мақтаншақтық қоғамның дамуын тежейді. Бұл туралы Абай «Өңкей жалған мақтанмен, шынның бетін бояйды» деп ашық айтқан. Бұл мәселе бүгінгі күні де өзекті болып отыр» деп оябы бөлек ой айтты. Мен бұл сөзге толықтай келісемін.

М. Тілепов,
аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы.

Поделиться ссылкой: