«ҚҰЛЫНШАҚТА» КӨҢІЛДІ

431 Views

Жаңатұрмыс ауылындағы 115 балаға арналған бөбекжай жақында жұмысын қайта жандандырды. Бұрынғы ескі мектептің ғимараты бүлдіршіндерге ыңғайланып қайтадан күрделі жөндеуден өткелі, ауылдағы жұмысы бар халық балаларын бақшаға бере бастаған. Бірақ биыл бөбекжай ойламаған жерден үш-төрт айға жабылып қалды. Өйткені елді коронавирус індеті жайлап, тұмау үлкенді де, кішіні де есеңгіретіп тастады. Көнекөздердің айтуынша мұндай індет бұрын-соңды болмаған.
Иә, халық бәріне көнбіс қой, алайда ауылға аудан әкімі Е.Садырқұлов арнайы жұмыс сапарымен келгенде жұрт ауыз жауып, қарап тұра алмай: «Ең болмаса бөбекжайды жұмыс істетсеңіз қайтеді?» деген өтінішін айтқан. Сонымен көп ұзамай бақша балаларға есігін айқара ашты. Бірақ бұрынғыдай емес барлық санитарлық-гигиеналық сақтық шаралары қарастырылып, 32 өрен төрт топқа бөлініп, тәрбие процесі қайта қолға алынды.
– Пандемияға байланысты көп бала қабылдай алмаймыз,-дейді тәрбиеші Айгүл Шыңғысбаева.- Әйтпесе, бізде барлығы 43 адам жұмыс істейді, олардың 18-і педагог мамандар. Аз топпен жұмыс істеп жатырмыз. Менімен бірге тәрбиеші Жанна Шаңбаева топтағы балаларды қамқорлығына алып, алдын ала жасалған бағдарлама бойынша оқыту процесін бастап кетті. Әзірге күн жылыда бүлдіршіндерді көбіне далаға ойнатып, сабақ кезінде ғана оқу кабинеттеріне кіргіземіз. Әсіресе, арақашықтық сақтауға ерекше көңіл бөле отырып, бес оқу кабинеті мен бес жатын бөлмені неғұрлым тиімді пайдаланудамыз. Әдеттегідей балаларға үш мезгіл ыстық тамақ беріледі. Аспазшылар Айгүл Архабаева мен Фарида Ахметованың пісірген дәмдерінде мін жоқ. Бақшадағы медбике балалардың денсаулығын күн құрғатпай бақылап отырады.
Иә, бөбекжай ашылғалы бері ата-аналар жұмысынан қалмай белгіленген уақытта балаларын бақшаға әкеліп, алып кетіп жүр. Бүлдіршіндер бір мезгіл ойын алаңында ойнап көңіл көтереді. Бұл да болса үйлерінде қамалып, іштері пысқан балалардың көңілін жадырататын жәй болды. Ең бастысы аурудың беті аулақ болса дейміз. Әйтпесе, «Құлыншақтағы» балалар көңілді.

С.Қожеке.
Жаңатұрмыс ауылдық округі.
Суретте: «Құлыншақ» бөбекжайында.

Поделиться ссылкой: