ЖАҢАҚАЗАЛЫДАН КЕЛГЕН ЖАЙЛЫБАЕВ
Алтекең Луговойға Алматыдағы жастар толқуы яғни, «декабристер» дүмпуі басылған соң келді. Бұл кезде оның білдей ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты – ғалым деген атағы бар болатын. Сондықтан болар «Қорағаты» қой совхозына бас зоотехник болып келген оқыған азаматқа жұрт сыйластықпен қарады. Тың совхозын ол кезде Махмедун Қосыбаев сынды ауыл шаруашылығы өндірісінің білгірі басқаратын. Кеңшар асыл тұқымды Оңтүстік Қазақстан мериносы қойларын алты құрлықтың ар жағындағы Австралия сияқты елден әкелінген асыл тұқымды қошқарлармен будандастырып, одан қатаң климатты Қазақстанның шөл және шөлейт жерлеріне бейімделген биязы жүнді қой тұқымын өсіруді жолға қоюды алдарына мақсат етіп қойып отырған шаруашылық еді. Оның үстіне совхоз болған соң мемлекеттен тікелей қаржыландырылатын. Шаруашылықта барлық зоотехниялық-селекциялық жұмыс ғылыми жолға қойылған. Сондықтан болар Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын зооинженер мамандығы бойынша үздік бітіріп, өндіріске келген Алтынбек Шындалыұлына совхоз бен аудан, тіпті облыс басшылары зор үмітпен қарады. Оның келешегінен үміттенді.
Өзі тәмамдаған Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтында кіші және аға ғылыми қызметкер бола жүріп жинақтаған тәжірибесін іс жүзінде көрсететін кез келгенін Алтынбек бар болмысымен сезінді. Сөйтті де жұмысқа құлшына кірісті. Ол сол кезде көрші жатқан Ленин мемлекеттік асыл тұқымды қой зауытындағы Санат Қырықбаев, Рақым Сәбденов сынды ауыл шаруашылығы өндірісінің корифейлерімен байланысып, олардың озат тәжірибесін өзінде жүзеге асыруға көп күш салды. Ол совхозда еңбек еткен үш жыл ішінде елге шаруашылықты да, өзін де танымал ете білді. Сөйтіп жүргенде ойламаған жерден оны Луговойдағы зоотехникалық-малдәрігерлік техникумына директор етіп тағайындап жіберді. Иә, партиялық басқару тәсіліне таңданбасқа шараң жоқ. Енді ғылыми жұмыспен етене жақын айналыса бастағанда ауыл шаруашылығына мамандар даярлайтын облыстағы бірден бір оқу орнына мұны басшы етіп жіберуі шынында да ол күтпеген жаңалық еді. Бәлкім жоғарыдағы басшылар тағы да сол оқу орнын ғалым басқарсын дегені болар. Алтынбек Шындалыұлы бұл жерде де өзіне әріптес, өзі сияқты ғалым Бармақ Орымбаев сынды оқытушы ағасын тапты. Не керек, терең тарихы бар техникумды тағы да үш жыл басқарып, оқу процесі үрдісіне жаңалықтар енгізуге құлшыныс білдіріп жүргенде мұны енді аудан басшылары қолқа салып аудан агроөнеркәсіптік бірлестігіне төраға етіп тағайындап жіберді. Сонымен өзі ғалым, өзі зоотехник әрі оқытушы маманымыз партияның тапсырмасынан шыға алмай, енді мемлекеттік органға білдей басшы болып отырып алды. Иә, одан арғысы белгілі ғой, өзіңнің орындаушылық қабілетің партия органының діттеген ойынан шығып жатса болды. Сонымен жәйлі креслоға отырып алған Алтекеңді бұдан соң партия басшылары оның табанын жерге тигізбей енді халық депутаттары аудандық кеңесі атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметіне жоғарылатты.
Осы кезде елде партиялық басқару жүйесі тоқтап, Қазақстан өзінің тәуелсіздігін жариялады. Қайта құру 74 жыл бойы кеңестік режиммен жұмыс істеген коллективтік шаруашылықтарды жекешелендіруге кірісті. Советтік шаруашылықты сақтап қалуды ойлады ма, жоғарыдағылар «Ленин» совхозына енді Алтынбек Жайлыбаевты басшы етіп жіберді. Жылдар бойы асыл тұқымды қой өсірумен айналысып келе жатқан зауыт осы кезде шын күйзелді. Мәскеу бұл кезде совхоздарды қаржыландыруын тоқтатқан. Енді өз күніңді өзің көруің керек болды. Алтекең екі жыл шыдады, әйтеуір шаруашылықты таратпаудың қамын жасап, енді оны «Ақбұлақ» акционерлік қоғамы етіп қайта құрып, нарықтық қатынастың қатаң тәртібімен өмір сүре бастады.
Иә, акционерлерге президент болу оңай ма? Шаруашылық 1994 жылдан 2004 жылға дейін қиын жағдайды басынан кешірді. Нарықтық қатынастар қыспағы колхоздарды таратып, қожалықтарға бөлшектеп жіберді. Осындай күйді совхоздар да басынан кешті. Бартер деген пайда болып, қолда бар мал егіншілікті жүргізу мен шаруашылықтың басқа да мұқтаждарына жұмсалып, тоз-тозы шықты. Бірақ Алтынбек нарық жағдайында «өмір сүрудің» жолын тапты. 2005 жылы ауданда «YITA» акционерлік қоғамының филиалын ашып, оның директоры болып 2016 жылға дейін істеді. «Кәсіп болмай, нәсіп болмайды» деген сөздің нағыз өмірден алынып айтылғанын Алтекең ісімен дәледеді.
Осы жылдар ішінде Алтынбек Шындалыұлы партия, кеңес қызметінде жүріп аудандық мәслихатқа екі дүркін депутат болып сайланды. Қазір ол зейнетте. Ауданның Құрметті азаматы. «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» тағы басқа да көптеген медальдардың иегері. Ең бастысы, ол кемел жасында зейнетке шығып, ауданның Құрметті азаматы деген атаққа ие болды. Бір ұл, екі қыз тәбиелеп өсіріп, сегіз немере сүйіп отырған отағасы бүгінде мерейлі 70 жасқа келіп отыр. Оның өмірлік жары Айман Жақияқызы Білім және ғылым министрлігінің Құрметті қызметкері, байырғы педагог, қазір зейнетте.
– Алтынбек нағыз сала маманы, білікті де білімді азамат. Мен онымен қызметтес болдым. Оның принципшілдігі мен табандылығы ұнайды маған, ең бастысы адамгершілігі жоғары, кісілігі мен кішілігі зор. Оның аудан ғана емес, облысымызға сіңірген еңбегі айтарлықтай. Мен оны шын жүректен мерейлі жасымен құттықтаймын!, -дейді осы салада онымен қызметтес болған ауданның қадірлі қариясы Санат Қырықбаев.
Иә, Алтекең қазір нағыз кемел шағында. Оның жүріп өткен жолы кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге боларлық. 70 жас құтты болсын, Алтеке!
С.Қожеке.