Жаңа фельдшерлік- амбулаториялық пункт ашылды
26 ViewsРахым Сәбденов ауылында жаңа фельдшерлік-амбулаториялық пункттің ашылуы – жергілікті тұрғындар үшін үлкен қуаныш. Нысан 15 келушіге арналған. Жобаның жалпы құны 298 миллион теңгені құрайды.…
Ән – ғұмыр. Күй – көңіл. Өнер – өміршең. Әуезді ән мен құдіретті күй бойыңды шымырлатады. Сезіміңді селт еткізіп, көңіліңді көкке самғатады. Осы бір өнердің қасиетін жүрегіне құйып, бойына сіңіріп, өнер бәйгесінде оза шапқан жыршы, әншілердің үні алты қырдың астынан естіледі. Бұл – тот баспас асылдардың үні, ақындардың жыры. Халық мұрасына адал болып, таза қалпында сақтай білген Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Ақтамберді жырлары әлі күнге дейін көңілдегі шерді тарқатып жүр. Заманында олар қазақ өнерін шырқау биікте әуелетіп, халық жүрегінен орын алды. Жыраулардан қалған аманаттың қадірін кетірмей, туған халқын ән-күй өнерімен сусындатқан заңғар тұлғалар қазақ қоғамында өте көп болған. Солардың ішінде өмірін өнермен өрнектеген дәулескер күйші, композитор Нұрғиса Тілендиевтің орны қазақ өнерінің төрінде тұр.
Нұрғиса ата Тілендиев – ән-күй өнеріндегі шоқтығы биік тұлға. Биыл- корифейдің туылғанына 95 жыл. Ғасырға таяп қалды. Осы уақытқа дейін қазақ халқын әнімен әлдилеп келеді. Өз басым Нұрғиса атамыздың «Құстар әнін» ерекше ықыласпен тыңдаймын. Кіреукелі көңілдің пердесі ашылып, жүректегі шерді ән әуезі жуып, сартап болған сағыныш көзден жас болып ағады. Бұл жерде Тұманбай Молдағалиев пен Нұрғиса Тілендиевтің тандемі жарасып-ақ кеткен. Алайда әннің мәнін, сөздің сәнін кетіріп, ән мәтінін бұрмалап айтып жүрген әншілер зәтте қылады. Жауапкершілік жоқтығынан үлкен өнер болмайтыны әмбеге аян. Сонда да ұлт эталонына айналған асқаралы тұлғаның әндері әр үйдің төрінде, қазақтың көгінде шырқалады. Себебі өнер – мәңгілік.
Нұрғиса Тілендиевтің туылғанына 95 жыл толуына орай М.Өзбеков атындағы мәдениет үйінің ұйымдастыруымен online форматта «Нұрғиса – қазақтың сұлу сазды жүрегі» атты мерекелік кеш өтті. Кеш барысында әсем ән мен күмбірлеген күй сусап жүрген көңілдің көкірек көзін ашты. Мерекелік концерттің шымылдығын «Ата толғауы» күйімен ашқан оркестр өнерпаздары домбыра шегін ғана емес, жүрек қылын шерте білді. Одан кейін Айша Жүнісова, Аружан Оразалы, Рысбек Қадырқұлов, Нұрлан Әмірбетов секілді әншілер жанды дауыста қазақтың майда қоңыр үнімен ән шырқады. Алайда online форматта өткен кеште өнер саңлақтарына көрерменнің қошеметімен ыстық ықыласы жетпеді. Өкінішті дүние. Сонда да ән құдіреті өнерпаздардың шабытын шалқытты.
Мұхтар Мағауиннің «Өнерпаз мұраты – кісіге жағу емес. Жұртты үйірген – ұнасымды болу керек, тамсандыру, таңырқату керек, тіпті, құлдық ұрғызып қойған жөн» деген сөзі бар. Бүгінгі күні теледидар мен сахна төрінен кенеусіз дүниелер ұсынылып жүр. Осындайда «Нұрғиса Тілендиев, Жәнібек Кәрменовтер біздің қоғамның кеспірін көргенде не дер еді?» деп оңаша ой отауына енесің. Тек өнерді кие тұтқан сол кісілердің әндерін дәтке қуат етесің. Көңілің орнына түседі. Әйтеуір өлмес үмітпен болашақтан бір сәуле іздейсің…
Ақымет Қамшыбек.