Қарт ананы құттықтады
27 ViewsЖурналистика – жүрекке салмақ салатын мамандық. Неше түрлі кейіпкерлермен тілдесесің. Бірінде қуанасың, енді бірінде кейбір адамдарға қолдың қысқалығынан көмектесе алмай, «өзіңді-өзің жейтін» сәттер көп…
1920 жылдың 26 тамызында Қазақ Автономиялы Социалистік Республикасы құрылуына байланысты қараша айының 8-күні Қазақ АКСР-ның статистика басқармасы құрылды. Осылайша, ел аумағында статоргандар нығайып, мемлекеттік жұмыстар жоспарлы түрде жүзеге асырыла бастағаны мәлім. Сол себепті, ағымдағы жылдың 8-қарашасы статистика саласы үшін 100 жылда бір келетін тарихи дата болмақ. Өз шаңырағымызға еркін түрде еге бола бастаған күннен бері статистика басқармасы өлшеусіз қызмет атқарып келеді. Тіпті, ел іргесін өз қолымызға алған шақта басшылық, жоспарлау, басқа да барлық деңгейдегі басқару органдарын, еліміздегі экономика мен мәдениеттің жағдайы туралы, халық шаруашылығы жоспарының, көптеген шаруашылық жұмыстарының барысы мен орындалу қорытындылары туралы, жедел және жалпы жинақталған ақпаратпен жабдықтайтын жалғыз-ақ жүйе болғаны рас.
Қазіргі таңда «Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің» өңірлік органдарына 3 қалалық және 14 облыстық департаменттер кіреді. Соның ішінде Т.Рысқұлов аудандық статистика басқармасы да өз міндетін мейлінше межесімен атқаруда. Мәселен, аудан экономикасының дамуы мен түрлі салалардың деңгейлік және басқа да көрcеткіштерін көрсету – біздің бүгінгі міндетіміз. Айта кетейік, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, еңбек, құрылыс, қоршаған орта, сауда және баға, әлеуметтік-демография сынды есеп жұмыстарын атқарып, үй, ауыл шаруашылықтары туралы зерттеу сауалнамасын жіті назарда ұстап отырмыз. Әлемдік деңгейде белең алған ауыр дерттің біздің де елімізге кедергі келтіріп отырғаны шығар күндей шындық. Осы бір қысылтаяң кезеңде халқымыздың «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығара білуінің арқасында көптеген қиыншылықтарға қарсы тұра білдік. Басқарма қызметкерлері де қолдарынан келгенінше сабыр сақтап, жұмыс ретінің тоқтап қалмауы үшін біраз тер төккеніне өзім куәмін. Барлық сақтық шараларын сақтай отырып, қашықтықтан және онлайн түрде міндеттерін орындау арқылы өз көмектерін көрсете білді. Атап айтар болсам, бас маман Бақытхан Тойбеков, білікті жетекші маман Жадыра Бұланбаева, жас жетекші маман Сандуғаш Өкенова, үй шаруашылығына сауалнама жүргізіп жүрген Юлия Сакаева, Елдос Барбосов, Назгүл Еселбаева, Рабиға Алдашева секілді мамандардың танытқан жауапкершілігі орасан зор. Осы орайда өзім басқарып отырған салада қызмет ететін барша әріптестеріме шынайы көңілден шыққан ризашылығымды білдіргім келеді. Мемлекеттің өркендеуі, қоғамның ілгері дамуы мен халықтың жағдайы үшін атқарып жүрген адал еңбектеріңіздің жемісін көре берулеріңізге тілектеспін. Өйткені, ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының өзі «Адамдық борышың — халқыңа еңбек қыл» деп өсиет қалдырды емес пе?
Бағыты мен барысы сан алуан ұйымдар мен басқару органдарының, жұмыссыздық, халықты еңбекпен қамту, халықтың әл-ауқаты, инвестиция жөнінде берілетін статистикалық ақпараттардың мемлекет ісінде алатын орны бөлек. Сол себепті, мемлекеттік шешім қабылдау барысында статистика маңызды рөл атқарады. Сондықтан осы салада қызмет ететін әрбір маман ұқыптылық пен тиянақтылықты, білгірлік пен нақтылықты қатар алып жүруі шарт.
Жүз жылдық тарихи уақыттың ішінде статистика саласы заман талабынан қалмай өзгерістер көшіне ілесе отырып, өзінің жеке сферасын қалыптастыра білді. Бірнеше тәжірибелер мен сынақтардан өтіп, озық технологиялар мен бағдарламаларды игере алды. Есесіне, бүгінгі күні қажеттілікке байланысты түрлі салалар бойынша белгілі ақпаратпен қамтамасыз ете алады. Бұл осы уақытқа дейінгі аталмыш саланың жеткен жетістігі деп ауыз толтырып айтуға болады.
Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейханұлынан «Ұлтыңа қызмет ету – білімнен емес мінезден», «Ұлттың жоғын ұйықтап жүріп емес, ояу жүріп жоқтау керек» деген асыл сөз қалған еді. Құрметті менің әріптестерім! Сіздерді қаны бір қазақтың қамы үшін, жоқты бар қылудың жолы үшін, ертеңгі ұрпақ тынысын ашатын күні үшін қызмет етуге шақырамын. Егеменді елімізге атқарған еңбектеріңіз елеулі болсын. Елімізде «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заман болсын. Баршаларыңыздың шаңырақтарыңызға береке-бірлік, тыныштық тілеймін. Батыр Бауыржан Момышұлы айтқандай, «Ел дегенде езіліп, жұрт дегенде жұмылып қызмет етуден» еш жалықпайық.
Қазақтың мемлекеттік статистикасының 100 жылдық тарихи мерейтойы құтты болсын.
Бақытжан Пірімқұлов,
аудандық Статистика басқармасының басшысы.