ШАЛҒАЙДА

665 Views

Қараша айының соңғы күндерінде аудандық ветеринариялық станцияның директоры Серік Дәлібаев, облыстық басқарманың ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Т.Қожабергенов пен облыстық ветеринария және эпизотия бөлімінің бас маманы Олжас Әсембек және осы жолдардың авторы бастаған мамандар екі топқа бөлініп, шалғайда мал қыстатып отырған малшылардың қыстауларын аралап, мал қыстатудың жағдайын өз көздерімен көріп қайтты.
Биыл мал қыстатуға аудан бойынша 329 шаруа қожалығының 11665 ірі қара малы, 185736 қой-ешкісі, 5160 жылқысы мен 57 түйесі түсті. Біз 92 шаруа қожалығын аралап көрдік. Әзірге барлық мал өз аяғымен жайылуда, қолға қараған жоқ. Оның үстіне құмның шөбі шүйгін, суаты мол. Жекеменшіктің малы болған соң қожалық жетекшілері қыстау басына жемшөптің жеткілікті қорын жеткізіп те қойған екен. Біз әр шопанмен, жылқы мен сиыр бағатын бақпаншылармен жеке-жеке сөйлесіп, олардың талап-тілектерін қойын дәптерімізге жазып алып жүрдік. Айту ләзім, олардың ветеринария мамандарына айтатын шағымдары жоқ екен. Отарларда, табындарда мал шығыны жоқ. Соған қарамастан, біз өз тарапымыздан зоотехникалық-малдәрігерлік ереже талаптарына сай түсіндіру жұмыстарын жүргізуді де ұмытпадық. Аудандағы ветеринарлық зертханаға мал отарларындағы төрт түліктен алынған қан сарысулары да мезгілінде жеткізіліпті. Зертхана меңгерушісінің айтуына қарағанда биоматериалдарды жеткізіп берген мал дәрігерлерінің атына ескертулер мен шағымдар түспеген. Дәлірек айтқанда, зертханаға әкелінген 27 мың дана қан құйылған колба төрт күн ішінде зерттелген.
Аудан бойынша қолда бар малдың есебі ауыл шаруашылығы басқармасының дерек қорында 35428 ірі қара, 501024 қой-ешкі, 19367 жылқы, 65 түйе болып тіркелсе, аудандық статистика басқармасының мәліметінде 38524 ірі қара, 592548 қой-ешкі, 22657 жылқы, 76 түйе деп көрсетілген. Көріп отырсыздар ақпараттық мәліметте әжептәуір айырмашылық, яғни алшақтық бар. Дәлірек айтқанда, бірдейлендіру қорына енгізілген мал саны мен статистика басқармасының мәліметінде мүйізді ірі қара 8 пайызға артық көрсетілсе, уақ мал 18 пайызға төмен көрсетілген. Әрине, мұндай атүстілікке жол беруге болмайды. Сондықтан дерек пен дәйекке жүрдім-бардым қарамауымыз керек.
Жалпы мал қыстату науқаны ойдағыдай өтуде. Барлық қыстауларға отын-су жеткізілген. Сондықтан мал қыстату ойдағыдай өтеді деген сенімдеміз.

Ғ.Әшімбек,
аудандық ветеринариялық станция директорының орынбасары.

Поделиться ссылкой: