Адалдықты арқалаған «АМАНАТ»

664 Views

«Ынтымақ қайда болса, ырыс сонда барады» деген ата-баба өсиетінің өміршеңдігі туралы ешкім дау айта алмас. Карантин уақытында біршама игі істердің куәсі болдық. Аудан көлемінде қайырымдылыққа бағытталған іс-шаралардың дені жастардың, жақсылыққа жанашыр жандардың ат салысуымен өтіп келе жатқанын әлеуметтік желіден көріп жүрміз.
Өткен сенбіде Құлан ауылында «Аманат» қайырым­дылық тобының бастамасымен бол­ған берекелі іске көз сүйсініп, көңіл қуанған жай бар. Аталмыш топтың мүшелері сауапты іске мұрындық болып, бұл хабар­ды барша халыққа әлеуметтік желіде таратып, қомақты қаражат жинау арқылы бір отбасыны баспанамен қамтамасыз етті. Баспана иесі атанған үш баланың әкесі Болат ағамыздың көзіндегі қуанышты көріп, біздің жүрек те елжіреді. «Ең алдымен осы «Аманат» қайырымдылық тобына, екіншіден барша халыққа алғыс айт­қым келеді. Осы уақытқа дейін өзім де, балаларым да жеке үйіміздің болға­нын қалап, біршама талпындық. Алайда, қолдың қысқалығы ұзаққа апармайты­ны мәлім. Сонда да барша халықтың көмегінің арқасында осы мақсатымыз орындалды. Сол үшін қалың көпшілік­ке өз алғысымды білдіремін» деп жү­рек­тің түкпіріндегі сезімді бір толқытып өтті.
Қайырымдылық іс-шарасына ар­найы келген аудандық «Сұлтан» орта­лық мешітінің бас имамы Джадраев Сұлтаншәріп те көңілдегі ақжарма тілегін: «Бұл сауапты істің басы-қасында жүрген жандарға риза болып тұрмын. Ата-бабаларымыз жақын жандарын ешқашан өзекке теппеген. Тіпті, сонау аласапыран кезеңде сырттан ауып келген өзге ұлт өкілдеріне кеңпейілдік танытып, жарты нанын бөлген, үйінің жанынан орын берген. Ал жақсылыққа жаны құмар жандардың бастамасымен болған бүгінгі бастама жастардың ата дәстүрден алшақтамағанын көрсетеді. Сонымен қатар, «Аманат» қайырымдылық тобының бұл әрекеті барша жас өскіндерге үлгі болуы тиіс» деп жеткізді.
Іс-шараның соңында «Аманат» қайырымдылық тобының белсенді мүшесі Әбуасқар Жамбылұлымен аз-кем тілдескен едік. Оның айтуынша аталмыш қайырымдылық тобының бұл алғашқы табыс еткен баспанасы екен. Сонымен қатар ол өз сөзінде: «Бұл іске тек қайырымдылық тобының мүшелері ғана емес, барша жүрегі жомарт жандар ат салысты. «Instagram» әлеуметтік желісінде белсенді болып, барша халыққа бұл хабарды тарату арқылы қомақты қаражат жинадық. Тіпті, әлеуметтік желіде жақсылыққа жаны құштар халықпен бірге өнер адамдары да бізге қолдау көрсетті. Міне, нәтижесі үлкен жетістікке әкелді. Негізі, «Аманат» қайырымдылық қоры Құлан ауылының 1992 жылғы жігіттерінің ұйымдастыруымен құрылды. Осы уақытқа дейін түрлі жандарды азық-түлікпен, тұрмыстық қажетті заттармен қамтамасыз еттік. Қиын да күрделі карантин уақытында қайырымдылық жасау арқылы көптеген адамдардың ризашылығын алдық. «Халықтан қарғыс алғанша, алғыс ал» деген сөзді көңілінің құтысына құйған қайырымдылық топтың әрбір мүшесі адал әрі берекелі бастамалардың ұйытқысы болып жүр. Енді алдағы уақытта бұл сауапты істердің өз жалғасын табатына сенімім мол» – деп өзінің көңілдегі ойын жеткізді.

Ақымет ҚАМШЫБЕК.

Поделиться ссылкой: