Мереке мезіреті

929 Views

Мэлс Өзбеков атындағы аудан­дық мәдениет үйінің өнерпаздары жыл сайын Жаңа жыл мерекесіне қызу дайындық жүргізіп, концерттік бағдарлама әзірлейтін. Алайда әлемді жайлаған тәжтажал мына дерт, яғни коронавирус көп тірлікке тұсау сал­­­ғанын көз көрді. Бірақ, Нұрдос Базарқұлов басшылық ететін даңқты саз­гер Мэлс Өзбековтың тегімен ата­латын мәдени ошақтың өнерпаздары әрқашан ілкімді істің қиюын таба бі­леді. Олар осы жолы да болған жайтты бір сәтке ұмытып, есті әндер орындап, патша көңілді көрерменге сапалы дүние ұсыну мақсатында қызықты Жаңа жылдық бағдарламалық кеш әзірледі. Әрине, кеш онлайн форматта өтті. Бағдарламаның сценарийі да жұп-жұмыр. Шұбалаңқы былдыр сөз көп емес. Қысқасы, кеш жүргізушілер де, әншілер де, бишілер де бұл кеште барын салды. Ал шын ықыласпен істелген іс шала-жансар болушы ма еді?..
Орыстардың «Голубой огонёгы» бар ғой. Концерттік бағдарламаның сце­нарийі соған дәлме-дәл ұқсас. Өнер­паздардың ән таңдаудағы талғамы да біздің көңілден шықты. Қайрат Баекеновтың «Жаңа жыл» әнін Рысбек Қадырқұлов нәшіне келтіре орында­ды. Рысбектің әніне би сценография­сын әзірлеген «Әдемі-ау» халықтық ән-би ансамблінің жетекшісі Ләззат Жайсаңбаеваның да еңбегі зор екенін атап өткен жөн. Құр әнге баса назар ау­дармай, арасында ізгі тілектер білді­ріп отыру да сахнаның сәнін келтірді. Осы ретте Ләззат Жайсаңбаеваның «Отан­дастарымыз аман болсын, бере­­ке­лі заман болсын, өсіп-өнген перзент­­тің бәрі адал болсын» деп айтқан лебізі жүрекке ой салғанын айту ләзім. Содан соң аудандық мәдениет үйінің әншісі Айша Жүнісова белгілі әнші Гүлнұр Оразымбетованың орындауындағы «Жаңа жыл» әнін тамылжыта орын­дады. Сәтжән мен Аружан дуеті ән таңдаудағы талғамдарының жоғары екенін ұқтырып, мерекелік әуезді ән шырқады.
Осындай әдемі кеш тек көрермен­сіз өтті демесеңіз, барлығы да келісті бол­ды. Дегенмен келер жылдан үміт ба­сым. Лайым сіз бен бізді жақсылық­та көрісуге жазсын. Жаңа жыл әр қазақ­тың отбасына табыс әкелсін.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: