Қазақтың Димашы

702 Views

Биыл Дінмұхамед Қонаевтың туғанына – 109 жыл

12 қаңтар – қазақтың аяулы перзенті Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туған күні. Биыл қазақтың маңдайына біткен қоғам қайраткерінің туғанына 109 жыл толды. Осы аптада аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен ұлтына ұстын болған тұлғаның туған күніне орай «Даладай дарқан, таудай заңғар» атты портреттік кеш өткізілді. Жылы жүректен атқарылған іс-шарада Дінмұхамед Қонаевтың сан салалы өмір жолы, саясаттағы түрлі қадамдары, еліне еткен елеулі ең­бегі тұрғысында біршама пайымды пікірлер айтылды. Бұл кештің форматы басқа кештерден өзгерек болды. Себебі, аталмыш іс-шара портреттік кеш ре­тінде өткізіліп, көңілдің көзі, естелік лебі сезілетін суреттермен айшықтал­­ды. Портреттік кешке ат салысқан Айгүл Сейсенбекқызы, Мөлдір Керімбаева, Алия Искакова, Ерсайын Нұршат секілді кі­тап­­ханашылар тарапынан түрлі соны ойлар, сарабдал пікірлер айтылды. «Бұл іс-шараның арқалағаны атан түйе­ге жүк болардай. Себебі, Дінмұхамед Қонаев үлкен болмыс иесі. Бұл іс-шарада біз оны жан-жақты көрсету арқылы оқырманның көкірек көзіне көрікті ойларды құйғымыз келеді» дейді аудандық орталық кітапхананың қызметкері Айгүл Жиенбаева.
Қаймана қазақ оны қайраткер Қонаев деп білетін, дегдар Димаш деп еркелететін. Ол аяулы халқының, талай теперішті бастан өткерген елінің қамқоршысы еді, жоқтаушысы еді. Сол үшін оны барша қауым ел өз баласындай жақсы көретін, өз ағасындай ардақтайтын. Жарлыға үй берген, жаяуға көлік мінгізген Дінмұхамед Қонаев өз заманында біраз жанға өз көмегін көрсетіп, ыстық ықыласқа бөленген. Қоғам қайраткерінің бұл арда болмысын мына бір сөзінен байқасақ керек. «Мен Тәңірі сыйға тартқан біраз жасқа келдім. Жақсыны да көрдім, жан ауыртқан күндерді де бастан кештім. Ол менің ғұмырым, бірақ бұл өмірді халықтан бөле жара қараған емеспін. Бозбала шағымда қара бастың қам-қарекеті болса болған шығар, бірақ ат жалын тартып мінген азамат кезден алдыма қойған бар арман, бар мақсат елмен еншілес болды, халқым. Саған қалтқысыз қызмет еттім, аманатыңа адал болдым, соңғы демім таусылғанша еліме, жеріме қызмет етуден танбаймын. Менің тірі пендеге өкпем жоқ, ал менде кеткен өкпе-наз болса, ақ басымды иіп, мың қайтара кешірім сұраймын. Біріншіден, үрейден аулақ болайық. Сенім жоғалмасын. Қиыншылық деген қиюы келмейтін іс емес. Жұмыла көтерейік. Екінші­ден, тату үйге тақсірет жуымайды. Бірлігіңе ие бол. Үшіншіден, өзіңе жақсылық тілесең, өзгеге жамандық қылма» деген екен Дінмұхамед Қонаев. Міне, нағыз ұлты үшін туған перзенттің елінің еңсесін көтеру үшін айтқан алғаусыз ақиқаты. Ол аңызға бергісіз тұлға. Оның әрбір айтқан сөзі ел арасында ауыздан ауызға тарап, «халықтық нақылға» айналды десек болады. Мұндай алыптар жүз жылда, бәлкім, мың жылда бір туар. Бұл уақыттың еншісіндегі мәселе. Ал біздің міндет – Дінмұхамед Қонаевтың қазақы қасиеті мен өнегелі өсиетін бойға сіңіру, сол арқылы ел мүддесі жолында өз «миссиямызды» адал орындау. Бұл жолда әсте жаңылдырмасын.

Ақымет ҚАМШЫБЕК.

Поделиться ссылкой: