Қайырымдылық жасау – ізгіліктің нышаны

877 Views

«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» – дейді қазақ xалқы. Қайырымдылық – адамзат бойындағы ерекше бір қасиет болып саналады. Қайырымдылық ізгіліктің, адамның адамға деген таза ниетін, адамгершілік қарым-қатынасын көрсететін адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен көмегі.
Қазіргі таңда елімізде түрлі іс-шаралар мен акциялар, қайырымдылық қорлары арқылы қол ұшын созатын ізгі жандар көбейіп келеді. Қайырымдылық жасауға мемлекет тарапынан да көп көңіл бөлініп отыр. Жақсылық жасайтын жандар әрқашан және әркез табылады. Осы орайда Шөңгер ауылында орналасқан Ғани Мұратбаев атындағы бастауыш мектептің түлегі, Тараз қалалық «Хоумкредит банк» филиалының директоры Токабаев Қанат Қасымұлы және банк ұжымы жақсылық жасаудан еш аянбаған. Қазіргі кезде көптеген адам жылы сөзге, мейірімге мұқтаж, өзгелердің көмегіне зәру. Сол себептен де, жуырда Жаңа жыл мерекесі қарсаңында жақсылық жасауға асығып, Қанат мырза өз ұжымдастарымен бірге Шөңгер ауылының бүлдіршіндеріне сыйлықтар үйлестірді. Аяз ата мен Ақшақардың киімдерін киген банк қызметкерлері балаларды қуантып, Жаңа жылдық көңіл-күй сыйлап, мәре-сәре болды. Ғ.Мұратбаев атындағы бастауыш мектептің барлық оқушыларына сыйлықтар таратылды. Сонымен қатар, 10 отбасының балаларына сыйлықтар табыс етілді. Бүлдіршіндер Аяз ата мен Ақшақарға өлең, әндерін айтып сыйлықтарға ие болды. Жаңа жылдық көңіл-күй сыйлағаны үшін ата-аналар жылы лебіздерін білдіріп, алғыстарын айт­ты. Жақсылық жасау – имандылықтың, тәрбиеліліктің, парасаттылықтың айқын көрінісі екені сөзсіз.

А.Касенова,
Ғ.Мұратбаев атындағы бастауыш мектептің мұғалімі.

Поделиться ссылкой: