Бозкілемнің ендігі жұлдызы – ӘЛІШЕР
Токио Олимпиадасына жолдама иеленген еркін күрес шебері Әлішер Ерғали бүгінгі таңда елімізге танымал атақты балуандардың бірі. Ол ересектер арасында Қазақстанның 2 дүркін чемпионы деген атаққа ие болды. Әрине, біріншіден өзінің еңбекқорлығының арқасында осындай зау биікті бағындырып отыр. Газетіміздің тілшісі Марат Диханбай жақында 97 келі салмақ дәрежесінде белдесетін ұлттық құраманың белді мүшесі Әлішер Ерғалимен «Whatsapp» желісі арқылы сөйлесіп, сұхбат алған еді. «Аламан» айдарының 2021 жылғы алғашқы топтамасында әріптесіміздің сүбелі сұхбатын жариялауды жөн санадық.
– Әлішер, еркін күрестен ересектер арасында Қазақстанның 2 дүркін чемпионы атандың. Құтты болсын!
– Рақмет. Қазіргі таңда менің салмағымда елімізде еркін күрестен мықты балуандар өсіп келеді. Яғни, бәсеке бар. Солардың ішінен дараланып шығу әрине оңай емес. Бірақ менің қолымнан келді. Өз шеберлігімді көрсеттім деп ойлаймын. Ізгі ниеттерін білдіріп жатқан барлық жерлестеріме зор алғыс білдіремін.
– Ілгеріректе Алматы қаласының атынан жарыстарға қатысушы едің. Ел чемпионатында Жамбыл облысының намысын қорғадың. «Әлішер, туған өлкенің абыройын қорғайтын кез келді» деген ұсыныстар болды ма, сонда?..
– Бұл ой өзімді де көптен бері мазалап жүрген. «Туған елдей ел болмас, Туған жердей жер болмас» деуші ма еді. Сондықтан Лондон Олимпиадасының қола жүлде иегері, атақты балуан, маған тілеулес ағам деп айтсам да жарасады, Ақжүрек Таңатаров осы ұсынысты айтқанда, бірден келістім. Қазақ әлгі «Арық айтып, семіз шық» дейтін еді ғой. Алғашқы нәтижелер көңіл қуантарлық көрсеткішке ие. Дайындығымыз жоспарлы түрде жоғары деңгейде өтіп жатыр деп айта аламын. Дегенмен, адамның дегені емес, Алланың қалауы болады ғой. Бұйыртса жарақаттан аман болсақ, «Токио Олимпиадасында жазиралы Жамбыл өңірінің ғана емес, барша Алаш жұртының абыройын асқақтатсам» деген арманым бар.
– Өзіңмен әлеуметтік желіде сөйлесіп тұрамыз. Кейбір спортшылар сұхбат беруден бас тартып жатады. Ал, сен өйтпейсің. Бұл ауылда жетілген қазақ баласының қарапайымдылығы болар мүмкін…
– Солай шығар. Сіздің әріптестеріңіз, яғни журналистерге әрқашан сұхбат беруден жалтарған емеспін. Қойған сұрақтарына хал-қадірімше жауап беруге тырысамын. Сан мәрте жеңіс шыңын бағындырып, қанша атаққа кенелсек те, адамдық қалыпты сақтау мен үшін алғашқы орында тұратын қасиеттің бірі.
– «Еркін күреске қатысамын!» дегенде, ата-анаң қалай қабылдады. Әдетте, кейбір отбасылар «бір жеріңді майып қыласың» деп, баласына шектеу қойып жатады. Ондай сәттер орын алған жоқ па?
– Жоқ, біздің үйдегілер спортты жанындай жақсы көреді. Біз дастархан басына отыра қалсақ, әңгімеміз тек спорт тақырыбында өрбиді. Әкем мен қатысқан жарысты міндетті түрде келіп көреді. Өйткені, оның айтқан әрбір сөзі маған рух береді. Анам да әрдайым маған тілеулес. Үйдегілердің барлығы менің қолдаушыларым десем болады. «Спорт – денсаулық кепілі» ғой. Сондықтан оған аса бір қиғалаң салатындай негіз жоқ деп есептеймін.
– Ел астанасы Нұр-Сұлтанда күрес түрлерінен өткен әлем чемпионатында сәтті өнер көрсеттің. Ең бастысы, жолдама еншіледің. Сол додада ресейлік балуан Абдулрашид Садулаев жартылай финалда сені ұпай санымен ұтты. Күш жетпеді ме, әлде психологиялық факторлар әсер етті ме?
– Қарсылас сөзсіз мықты балуан. Абдулрашидтен ұпай алудың өзі қиын шаруа екенін жақсы білесіздер. Енді жастық жалынмен қателіктер жіберген шығармын. Күшім жетпеді деп айта алмаймын. Ол кезде 20 жаста болатынмын. Жұлқынып тұрған кез. Оның үстіне қарсылас әккі балуан. Тәжірибесі де мол. Ұпай санымен жеңіліп қалдым. Алайда, содан кейін «алдағы уақытта бозкілемде кездесіп жатсақ, қалайда жеңуім керек» деп өз-өзіме серт еттім.
– Әрине, өмірде ылғи жеңісті сәттер бола бермейді ғой, Әлішер. Жеңіліс адамды шыңдайды емес пе? Келесі сұрақты өзге арнаға бұрсам деймін. Бір әңгімелескенімізде «Олимпиада ойындарының үш дүркін жеңімпазы Бувайсар Сайтиев спорттағы кумирің екенін» айтқан едің. Атақты спортшымен кездесудің сәті түсті ме?
– Әрине. Мен жасөспірімдер арасында белдесіп жүрген кезімде, яғни 2016 жылы ол кісіні көрдім. Ресейде атақты балуанның құрметіне орай турнир ұйымдастырылған болатын. Сонда көрісіп, естелік суретке де түскен едім. Барлық жарысқа қатысушыларға ағалық ақылын айтып, тәжірибесімен бөліскен болатын.
– Қазіргі таңдағы жеке бапкерің Пернебек Беласар жөнінде сөз қозғайықшы. Әдетте, балуан жайлы ылғи жазылып, бапкерлер таса да қалып қойып жатады ғой. Солай болмас үшін, бапкердің де еңбегін атап өтсек…
– Пернебек ағай қай кезде болмасын, менің қолдаушым. Біз әрқашан біргеміз. Жарыстарға жиі қатысамын. Үй бетін көрмей кететін кезіміз көп. Пернебек ағай ылғи қасымнан табылады. Әкемдей болып кеткен жан. Менің осы биік белеске көтерілгенім ағайымның айтқан ақыл-кеңесі мен бапкерлік тәжірибесінің арқасы. Ағайымның маған артқан сенімін ақтаймын деп ойлаймын.
– Әлішер, сенің бойыңдағы бұла күшті, бозкілемде еркін көсілетін шеберлігіңді біз жақсы білеміз. Токиода бапкерлердің, қала берді мұқым елдің өзіңе артқан сенімін ақтап, Мемлекеттік Туымызды көкте желбіретесің деген ниеттеміз. Сұхбаттасқаның үшін алғыс білдіремін. Абыройлы бол!
Сұхбаттасқан Марат Диханбай.