Тәңір сыйлаған Тәуелсіздік

747 Views

Өткен жыл айтулы оқиғаларға толы болды. Бір жағынан ұлы данышпандарымыздың мерейтойларын тойласақ, екіншіден Ұлы Жеңістің 75 жылдығын ерекше атап өттік.
Биылғы жыл да еліміз үшін айрықша жыл болмақ. Өздеріңіз білетіндей, ағымдағы жылы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын тойлайтын боламыз. Бұл туралы жақында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында мәлімдеді.
«Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деп аталатын мақалада Қасым-Жомарт Тоқаев егемендігіміз бен елдігіміздің тірегі болатын басты бағыттарға тоқталып, іргеміздің берік болуы үшін қажет шараларды да айқындап берді. Сондай-ақ, төрт бөліктен тұратын мақалада Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттың құндылықтарын түгендеп, береке бастауы бірлікті меңзеді. Елге қызмет жалаң ұрандап емес, нәтижелі істе екенін айтты. «Біз ұлттық мүддені аспен де, таспен де қорғауға дайын болуымыз қажет», – деп ұлт мәселесіне келгенде аянып қалмауға, қолдан келгенше қорғауға шақырды. Расымен де, қазақ үшін ұлттық мүдде дегеніміз әуелі – Алтай мен Атырау, Алатау мен Арқаға дейінгі алып атырап екені баршамызға белгілі. Мемлекет басшысы бұл жөнінде «Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ», – деп шегендеулі шекарамызға ешкімнің де көз алартып қарауға құқысы жоқ екенін нақты атап өтті. Сондықтан да біз өз жерімізді өзгенің сұғанақ сөзінен де, көзінен де қорғауымыз керек.
Қасым-Жомарт Кемелұлы өз мақаласында өзге жайттарға кеңінен тоқталды. Аталмыш баянды бастамалар еліміздің дамуына, рухани жаңғыруына үлкен серпіліс әкелетініне сенімдімін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай!

Назгүл АХМЕТБЕКОВА,
№2 шағын орталықты орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі.

Поделиться ссылкой: