Кеңейтілген отырыс өтті
11 ViewsКеше аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Тұрар Рысқұлов аудандық аумақтық сайлау комиссиясының кеңейтілген отырысы өтті. Аудан әкімі Ернар Есіркеповтің төрағалығымен өткен кеңейтілген отырысқа Жамбыл…
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласына үн қосу
Биыл Қазақ елі тәңір сыйлаған Тәуелсіздігінің, азаттығының отызыншы жылына қадам басып отыр. Тарихи шежіресі сонау ежелгі түркіден бастау алатын қазақ халқының бұрынғы заманнан бері іргелі елдігін, салиқалы салтын сақтап қалғаны – қайрат қажырының, еркіндік сүйгіштік жігерінің, асқақты биік рухының арқасы.
«Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бабалардан мұра болған қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз. Қазақ еліне осынау ұлан- ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ» деп жазған болатын.
Шынымен де, егемен ел атанып, өз алдына отау тігіп дербес мемлекет атанған Қазақ елі қаншама қиындықтарға жолықса да тастай берік төзімділігімен шыдамдылығының арқасында, әлемге өзінің өршіл үнін, өркениетке деген сенімділігін мойындатты. Тәуелсіздік шежіресі тұңғыш Президентіміз – Елбасының тарихи тұлғасымен тығыз байланысты. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – жаңа дәуірдегі Қазақстанның негізін қалаған қайраткер, тәуелсіз қазақ елін тарих сахнасына шығарып, дүниежүзіне таныстырған тұлға. Қазақ халқының беделін асқақтатқан және әлемге әйгілі еткен саңлақ саясаткер екені даусыз.
Егемендік алған 30 жылда еліміз Елбасының жүйелі саясатының, халқымыздың даналығы мен парасаттылығының, қажырлы еңбегінің арқасында толағай табыстарға қол жеткізді. Бейбітшілік, келісім мен тұрақтылық жағдайында Қазақстан жылдам қарқынмен әлемдегі алдыңғы қатарлы жетекші елдердің қатарына қосылғаны белгілі.
Мемлекет басшысы осы мақаласында ұлттық мүддеміздің, тәуелсіздігіміздің алтын арқауы қазақ тілі екендігіне баса назар аударып отыр. Мақалада, Қазақстанның мемлекеттік тілі – қазақ тілі екендігі, біріктіруші күшке айналдыру қажеттігі өте жақсы айтылыпты. Ендігі мәселе өзімізде екені ақиқат. Қазақ баласы ең әуелі өзінің ана тіліне өзі қамқорлық танытуы қажет.
Тәуелсіздігіміздің алтын арқауы және басты құндылығы ұлттық мүдде екендігіне Мемлекет басшысы өз мақаласында кеңінен тоқталады. Біз ұлттық мүдде мен тәуелсіздікті бәрінен биік қоямыз. Тәуелсіздік – ең алдымен қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ арманы мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан да біз үшін Тәуелсіздік күні – ең қастерлі күн. Біз бүгінгі барлық жетістіктерімізге Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік. Тәуелсіздік – тәңірдің біздің ұрпаққа берген үлкен сыйы, халқымыздың мәңгілік құндылығы. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы тұғырлы, баянды болсын! Тәуелсіз Қазақстанның таңы нұрлы, егемен еліміздің ұрпағының еңсесі биік болып, көк аспанда қасиетті көк туымыз мәңгі желбіресін!
А.Сәрсеханұлы,
аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры.