Мемлекет басшысы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойды қабылдады

374 Views

Қасым-Жомарт Тоқаевқа коро­на­вирус індетіне қарсы күрес бо­йынша Қазақстанда қабылданып жат­қан шаралар жөнінде есеп бе­рілді. Президентке пандемияның жер шарындағы негізгі таралу тен­денциялары және вирусқа қарсы күрес­тегі еліміздің рейтингісі туралы да баяндалды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сәйкес, 1 миллион адамға шаққандағы ін­дет­ке шалдыққандардың саны бо­йынша Қазақстан 221 мемлекеттің ішінде 109-орында, өткізілген тест сынамаларының саны бойынша 67-орында, өлім-жітім бойынша 94-орында, «COVID-19» індетінен жазылып шыққандардың саны бойын­ша 48-орында, дерттің ауыр тиюі тұрғысынан 50-орында. Сонымен қатар Мемлекет басшысына өңір­лердегі эпидемиялық жағдай туралы, соның ішінде, карантин шараларының күшейтілуі және ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің қолда бар ресурстары жайында мәлімет берілді. Денсаулық сақтау министрі жұқпалы аурулар стационарларындағы дертке шалдыққан адамдар жататын орындардың 33 пайызға толғанын, жан сақтау бөлім­дерінде бұл көрсеткіш 21 пайызға жеткенін айтты. Алексей Цой «COVID-19» вирусын жұқтырғандар санының кө­беюіне қарамастан, еліміздегі ахуалдың бақылауда тұрғанын және медициналық қызметтің азаматтарға қажетті көмек көрсетуге дайын екенін атап өтті.
Министр елімізде адамдардың коронавирустан қайтыс болу деңгейі был­тырғы шілде айымен салыстырғанда 4 есе төмендегенін жеткізді. Бұл дертке шалдыққандарға көмек көрсету үшін қабылданған шаралардың, соның ішінде алғашқы медициналық-санитарлық жәрдем беру деңгейінің тиімділігін көрсетеді. Бейінді ведомствоның мәліметі бойынша, барлық өңірдегі салынған жұқпалы аурулар ауру­ханалары халықаралық стандартқа сай келеді және науқастарға қажетті көмек көрсетуде.
Қасым-Жомарт Тоқаев Алексей Цойға эпидемиялық ахуалды қатаң бақылауда ұстауды, халықты уақытылы әрі толық құлақтандыру жұмыстарын сапалы ұйымдастыра отырып, жаппай вакцина егуге дайындықты тиісті дәрежеде қамтамасыз етуді тапсырды.

AKORDA.KZ

Поделиться ссылкой: