Медиация ұғымы қазаққа жат емес

746 Views

Медиация ұғымы қазаққа жат емес

 Ел болған жерде дау-дамай болмай тұрмайтыны белгілі. «Бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» деп өз тентегін өздері тыйған халқымыз аузы дуалы

 билердің бір ауыз сөзіне тоқтап келді. Билердің билік айтқан заманы өтіп кетсе де ауыл-аймағына сөзі жүретін ақсақалдар әлі де бар. Тіпті, қара қылды қақ жарып, әділдікті ту еткен ел ағалары да аз емес. Олардың сүйектен өткізе айтқан әр сөзіне құлақ түріп, сөзге тоқтап жүрген үлкенді де, кішіні де көз көріп жүр. Ендеше, бабалар салған дәстүрлі жолды ұстанып, ел ішіндегі ұсақ-түйек дауларды солардың көмегімен шешіп отыруға болады. Елімізде «Медиация туралы» заңның қабылдануы да соның айқын көрінісі.

Кеше «Сұлутөр» кинотеатрында «Қоғамда Бейбітшілік пен келісімді қалыптастыру мен сақтаудағы медиация рөлі» атты аудандық Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдық келісім кеңесінің жиналысы өтті. Қоғамдық

 келісім кеңесінің төрағасы Серікбай Өтегенов төрағалық еткен жиынға ауылдық округтердегі медиаторлар мен аудан тұрғындары қатысты. Бірыңғай Республикалық

 медиация күнін өткізу бойынша іс-шаралар жоспарына сәйкес ұйымдастырылған жиын барысында сөз сөйлеген Серікбай Асанханұлы «Елбасының бастамасымен егемен еліміздің тұрақты дамуын қамтитын, жаңа әлеуметтік бастамаларын жүзеге асыратын тарихи қадамдардың бірі – медиациа институттары. Бүгінде ауданымызда кәсіби және кәсіпқой емес медиаторлардың қызметтері қалыптастырылып, қажетті әрі жүйелі түрде елдімекен тұрғындарының сұраныстарын қамтуда» дей келе, «Қазақ халқы үшін бітімгершілік – билік айтудың ең озық өнегесі. Ұлы қазақ даласының белгілі дара тұлғалары – Төле, Қазыбек, Әйтеке билер бастаған дана билердің ел арасындағы кез келген дауды бітімгершілік жолымен шешіп, халқымыздың бірлігін, ауызбіршілігін

 тұтастығын сақтауға үлкен рөл атқарғаны баршамызға белгілі. Медиация ұғымы аты бөлек болғанымен қазақ халқы үшін жат дүние емес. Халқымыздың дарабоз билерінің дәстүрлі билік жүргізу тәсілінің заңды жалғасы» деп медиацияның мәнін ашып берді. Ал, кәсіби медиатор Бақберген Абдухайымов атқарып жатқан жұмыстарына тоқталып, бітімгерлік жолымен бірнеше дау-дамайды шешіп бергенін алдыға тартты. Оның айтуынша, қандай да бір дауды қолға алар кезде арызданушы тарап бес мың теңге төлеуі тиіс екен. Алайда, оның бұл пікірімен келіспеген Абай ауылдық округінің медиаторы Рысбек Секербеков татуластыруды табыс көзіне айналдыруға болмайды деп есептейді. – Біреуден ақша сұрасаң, өз абыройыңа нұқсан келеді. Ең дұрысы бір тиын да алмай-ақ ауылдың қариясы ретінде дау-шарды шешіп, биігіңде қалу керек,-дейді ол. Оның сөзін Новосел, Жарлысу, Қорағаты ауылдық округтерінің медиаторлары да қуаттады. Сонымен қатар, аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов та сөз алып, үлкен бір мәселенің шетін шығарды. «Республикамызда 18 млн. халық болса, 6 млн. халық соттасып жүр екен. Бұл – дерт. Оның алдын алған жөн. Ол үшін ата-бабаларымыздан қалған жақсы дәстүр – бітімгерлікті жандандыру қажет. Медиаторлардың кәсіби деңгейін көтеріп, ел ішіндегі келіспеушіліктерді соларға сеніп тапсыру керек» деген пікірін білдірді.

 М.СЕЙДАШЫМ.

Поделиться ссылкой: