Тағылым мен тәрбиесі мол жыр кеші

688 Views

Кітапхана – қашанда, қай уақытта болмасын, ең ғажайып байлықтың, адам ақыл ойының, парасатының қоймасы. Ал мектеп кітапханасы – кітап арқылы жас ұрпақтың жан-жақты білім алуымен қатар, патриоттық рухта тәрбиеленуіне, азаматтық санасын қалыптастырып, ғылыми және мәдени деңгейінің дамуына әсер ететін бірден бір әлеуметтік орын. Жақында өзіміз қатысып, куә болған жыр кеші осы сөзіміздің дәлеліндей көрінеді.
Айтқұл Шынасилов атындағы орта мектеп кітапханасы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен өткен қазақтың мұзбалақ ақыны М.Мақатаевтың туғанына 90 жыл толуына арналған поэзия кеші жаңаша мазмұнда өтті. Жыр кеші дүлдүл ақынның «Бүгін менің туған күнім, ой, пәлі-ай» өлеңін оқудан бастаған кітапханашы Алмаш Әлімбекова мен кітапхана кеңесінің мүшесі Әлия Зиятбектің нәзік иірімдерге, отты теңеулерге толы сөздері қатысушылардың көңілін баурап алды. Бұдан соң көрермендер ақын өмірі мен шығармашылығы хақында сыр шертетін фильмді тамашалады. Келесі кезекте жас бүлдіршіндердің М.Мақатаев өлеңдерін оқуы жүрекке ыстық ықылас сыйлады. Сондай-ақ, Ардақ Мелдебек, Темірхан Жолмаханбет, Насихат Қуанышбек, Балнұр Бахытбек, Аружан Алимолда секілді талантты жастардың өнерлері көрермен тарапынан жақсы бағаланды.
Айта кетерлік жайт, осы кештің барысында мектеп түлегі Мақсат Әбітов мектеп кітапханасына Мұқағали Мақатаевтың «Күнделік», «Аманат», «Өмір-өзен», «Үш бақытым» жинақтарымен қатар, Ғ.Мүсірепов, Б.Соқпақбаев, Ш.Мұртаза секілді әдебиет айдынындағы алыптардың кітаптарын сыйға тартты. Мектеп кітапханасының қорын асыл да бағалы кітаптармен толтыру аса құрметке ие іс. Себебі оқушылардың таным көкжиегін кеңейтетін, ой өресін өсіретін кітаптар өте қажет. Аталмыш жыр кеші бәріміздің есімізде ұзақ сақталатындай болды. Себебі тағылымы мен тәрбиесі мол осындай рухани кештер адам бойының кемелденуіне жол ашады.

Әнсара ҚОНЫСБАЙ,
Айтқұл Шынасилов атындағы орта мектептің 10 сынып оқушысы.
Жарлысу ауылы.

Поделиться ссылкой: