Қарт ананы құттықтады
27 ViewsЖурналистика – жүрекке салмақ салатын мамандық. Неше түрлі кейіпкерлермен тілдесесің. Бірінде қуанасың, енді бірінде кейбір адамдарға қолдың қысқалығынан көмектесе алмай, «өзіңді-өзің жейтін» сәттер көп…
Жуырда Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйі қызметкерлерінің бекітілген іс-шаралар жоспарының тізіміне сәйкес, Тереңөзек ауылдық округінде ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай мәнді де мазмұнды концерт ұйымдастырылды. Бұл концертке Тереңөзек ауылдық клубының меңгерушісі Кәміл Дабылбеков тыңғылықты дайындалыпты. Концерт барысында ол айқын сезіліп тұрды. Алғаш болып сахнада өнер көрсеткен республикалық «Әнші болғым келеді» байқауының лауреаты Нұрдәулет Сағаділдә атағы дардай маэстро Нұрғиса Тілендиевтің «Өз елім» әнін жоғары деңгейде орындады. Нұрдәулет осы жолынан жаңылмай іздене берсе, болашақта кең диапазонды танымал әншінің бірегейі болары анық. «Өз елім» секілді әлемдік классикалық әннен соң Құрманғазы бабамыздың «Балбырауын» күйін «Домбыра дастан» үйірмесінің мүшелері орындады. Шіркін-ай, қандай ғажап! «Шертпе күй – қазақтың жаны, төзімі, ал төкпе күй – сол төзімнің сарқылғаны» деген екен жазушы Алдан Смайыл. «Балбырауынды» тыңдағанда осы сөз ойымызға оралды.
Ауданымыздың мәдениет саласына қомақты үлес қосып жүрген жезтаңдай өнерпаз Гүлмарал Қорабаеваның да осы концертте қонақ ретінде ән шырқауын нағыз достық пейілдің көрінісі деп ұқтық. Өнерпаз деген Гүлекең секілді болсашы, шіркін-ай! Әнші Кеңес Дүйсекеевтің «Домбыра туралы баллада» әнін орындап, аз да болса залға жиналған көрерменнің қошеметіне бөленді. «Жамбыл менің – жай атым, халық менің – шын атым» атты облыстық байқауының «Талантты ақын» номинациясының иегері Жамбыл Тышқановтың ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнаған арнау өлеңін де көпшілік ұйып тыңдады. Жасөспірімдер арасында өткен түрлі деңгейдегі облыстық, республикалық байқаулардың жүлдегері Жәния Амангелді «Сарыарқа» әнін орындағанда алпыс екі тамырымыз иіп, «Пах шіркін, не деген зор дауыс» деп таңырқадық. «Сарыарқа» әнін әнші Бағдат Сәмединовадан артық өзге ешкім шырқай алмайды деп жүруші едік. Қателесіппіз. Жәния Амангелдінің дауысы сұмдық тегі. Жүрек шымырлатады. Тіл көзіміз тасқа, Жәния қарындасымыз да болашағынан зор үміт күттіретін хас таланттың өзі екен.
Содан соң көркемсөз оқу және драма үйірмесінің шәкірттері өнер көрсетті. Алина Тұрсынбек Мұқағали Мақатаевтың «Қазақстан», Зухра Рахымбай Фариза Оңғарсынованың «Туған жер», Самал Сейітмахан Күләш Ахметованың «Сен қазақсың» атты өлеңдерін жатқа оқыды. Мұндай концертте халық әндерінің шырқалуы заңдылық деп білеміз. Айтып ауыз жиғанымыз сол еді, халық әні «Керім-ау айдайды» фольклорлық ансамбль тамылжыта шырқап берді. Концерт соңы Нұрдәулет Сағаділданың орындауындағы Роза Әлқожаның «Атамекен» әнімен қорытындыланды. Концерттік бағдарлама аяқталған соң қорытынды сөз облыстық ардагерлер Кеңесінің мүшесі, ұлағатты ұстаз Кеңес Дабылбеков пен Тереңөзек ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Жолдасбек Қайнарбаевқа берілді. Әрқашан қазақы сөздің қаймағын теріп, баталы сөз өрбітетін қос ақсақал Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтып, жастарға баталарын берді.
Марат Диханбай.