957 Views
«Бүгінгі заман білектілердің заманы емес, білімділердің заманы» деп бекер айтылмаса керек. Сапалы білім қай кезде болмасын жарқын болашақтың кепілі. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов айтып кеткендей, қазіргі жастарымыздың озық ойлы маман болып қалыптасуына айрықша көңіл бөлуіміз қажет. Ол үшін түрлі деңгейдегі байқаулар тұрақты түрде өткізіліп тұруы тиіс.
Жуырда 2020-2021 оқу жылында жалпы білім беретін пәндер бойынша мектеп оқушыларының республикалық пәндік олимпиадасының аудандық ІІ кезеңі 14 негізгі пән бойынша ақпан айының 8 мен 11-і күндері аралығында №1 мектеп-лицейі және Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектеп базаларында пандемия мен эпидемиологиялық жағдайға байланысты барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, оффлайн форматында ұйымдастырылып өткізілді.
Аталған шараға ауданның 30 мектебінен мектепішілік кезеңнен І орын иеленген 9, 10, 11 сынып оқушылары қатысты. Оның жалпы жиынтық саны 631 оқушы.
Олимпиаданың негізгі мақсаты оның қатысушылары арасында конкурстық іріктеу арқылы олимпиада жеңімпаздарын анықтау болып табылады. Олимпиаданың қорытындысы бойынша 14 негізгі пәннен аудандық кезеңнен 26 оқушы І орынды иеленіп, облыстық олимпиадаға жолдама жеңіп алды. Жеңімпаздар тізімі төмендегідей. Айталық, қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша Бірлес орта мектебінің 9 сынып оқушысы Шолпан Садатқызы, Абай орта мектебінің 10 сынып оқушысы Әліби Жұмабек, Райымбек Смайлов атындағы орта мектептің 11 сынып оқушысы Тұнық Гіміңтай жүлделі I орынға ие болды. Ал қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен орыс сыныбы бойынша оқушылар Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің 9 сынып оқушысы Гузаль Қасымова, Ақтоған орта мектебінің 10 сынып оқушысы Альбина Горнухова, Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің 11 сынып оқушысы Денис Байко жеңімпаз атанды. Орыс тілі мен әдебиеті пәні бойынша Қаныш Сәтпаев атындағы орта мектептің 9 сынып оқушысы Диан Алдахияр, Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің 10 сынып оқушысы Дания Қали, Ақтоған орта мектебінің 11 сынып оқушысы Айнұр Планова топ жарды. Ал орыс тілі мен әдебиеті пәнінен орыс сыныбы бойынша аудандық пәндік олимпиаданың жеңімпазы атанған Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің 11 сынып оқушысы Нұрайым Ибраева.
Қазақстан тарихы пәні бойынша Максим Горький атындағы орта мектептің 10 сынып оқушысы Ләйлә Махмуд, Ақтоған орта мектебінің 11 сынып оқушысы Фатима Жолдас жеңімпаз атанды. Құқықтану негіздері пәні бойынша Болтай батыр орта мектебінің 9 сынып оқушысы Досымжан Сейсен топ жарып облысқа жолдама ұтып алса, ағылшын тілі пәні бойынша №2 шағын орталықты орта мектебінің 9 сынып оқушысы Жандаулет Дүйсенби, Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің 10 сынып оқушысы Дәмели Чилменбетова, Максим Горький атындағы орта мектептің 11 сынып оқушысы Балғын Таңатар жеңімпаз атанды.
География пәні бойынша Қызылпан Сұлтанбеков атындағы орта мектептің 10 сынып оқушысы Олжас Көкіман, №1 мектеп-лицейінің 11 сынып оқушысы Рамазан Илес топ жарды. Биология пәні бойынша Ахмет Байтұрсынов атындағы орта мектептің 9 сынып оқушысы Нұрдана Бақберген пәндік олимпиада жеңімпазы болды. Физика пәні бойынша Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің 10 сынып оқушысы Қуаныш Жолдасхан облысқа жолдама ұтып алса, математика пәні бойынша да дәл осы ордалы білім ошағы Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің 9 сынып оқушысы Нұрай Олжабай жеңімпаз атанды. Информатика пәні бойынша №3 шағын орталықты орта мектебінің 9 сынып оқушысы Бақдәулет Оразғали, №1 мектеп-лицейінің 11 сынып оқушысы Айдана Оспанның мерейлері үстем болды. Өзін-өзі тану пәні бойынша Юрий Гагарин атындағы негізгі мектептің 9 сынып оқушысы Аружан Алибаева, Қызылпан Сұлтанбеков атындағы орта мектептің 10 сынып оқушысы Диана Әшімбаева, Айтқұл Шынасилов атындағы орта мектептің 11 сынып оқушысы Гүлзат Ертілеу жеңімпаздар қатарын толықтырды.
Сонымен қатар аудан бойынша 30 мектептен қатысқан 631 оқушының ішінен 68 оқушы жүлделі ІІ орынға қол жеткізсе, 112 оқушы жүлделі ІІІ орын иегері атанды. 150 оқушы қатысқаны үшін алғыс хатпен марапатталды.
13 ақпан күні Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектептің базасында негізгі 14 пән бойынша І орын иеленіп, облысқа жолдама еншілеп алған 26 оқушыны аудандық білім бөлімінің басшысы Майра Айдарбекқызы арнайы құттықтап, дипломдар табыс етті.
Әрбір күні өзгеріске толы бүгінгі жауапты кезеңде заман көшінен қалып қоймай, уақыт талабына сай жас ұрпақты білімді етіп тәрбиелеу ұстаздарға зор жауапкершілік жүктейді. Ол мұғалімнен үздіксіз ізденуді, өз білімін үнемі жетілдіріп отыруды талап етеді. Өйткені еліміздің ертеңі – бүгінгі жас ұрпақтың қолында.
Бауыржан Самылтыров,
аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі.
Поделиться ссылкой: