Қайырымдылық жасасаң, қайырымын өзің көресің

937 Views

Адам өміріндегі ең игі істердің бірі – мұқтаж жандарға қамқорлық жасау. Адамдар бір-біріне қайырымдылық, мейірімділік таныту арқылы жақсылық жасап, адамгершілік қасиеттерді бойына дарытады. «Қайырымдылық жасасаң, қайырымын өзің көресің» деген екен дана халқымыз. Қамқорлықты қажет ететін жандарға қол ұшын беру арқылы адам баласы жақсылыққа жол бастап, ізгіліктің нұрын себеді. Қазақ халқы қашанда көмекке әзір. Оны дәстүріміздегі Асардан бастап, күні кешегі Арыстағы жарылыстан соң жұмыла бас қосқан елдің жанашырлығынан байқауға болады. Соңғы кездері халық «Кең болсаң, кем болмайсың» деп көмек керек дегеннің көпшілігіне жәрдемдесіп, сұрағанның қолын қайтармай келеді.
Бүгінгі таңда елімізде көптеген қайырымдылық қорлары бар. Олар, әрине, пайда табуды емес, ең әуелі әр адамға мүмкіндігінше көмектесіп, тұрғындарды баспанамен қамтамасыз етуді мақсат тұтқан. Осы ретте Т.Рысқұлов ауданы жастарының ұйымдастыруымен құрылған «ЖАН ЖЫЛУЫ» қайырымдылық қорын айта кетсек болады. Қордың басты мақсаты – ауданымыздағы көпбалалы отбасыларға, аз қамтылған және мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек қолын созу. Алғаш құрылған сәттен бастап, осы күнге дейін «ЖАН ЖЫЛУЫ»қайырымдылық қоры көптеген отбасыларға көмек қолын созып жүргенін көзіміз көріп жүр. Тіпті, олар өткен жылы баспана да сыйлады. Осындай саналы, өз ұлтына жаны ашитын азаматтарымызға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Істері алға баса берсін.

Жанерке Дүйсен,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 4 курс студенті.

Поделиться ссылкой: