Қой қоздап, қорада шу

777 Views

Құлан ауылдық округінің әкімі Е.Сейітжапаров қойлы ауылға бардыҚұлан ауылының төр жағындағы Шөңгер жазығына ілінгенде, жеңіл автокөлік кешегі жауыннан кейінгі батпаққа түсті. «Төленнің базы» деген төлқорадан өткенімізде, «Ұлықбек» шаруа қожалығының фазендасының да төбесі көрінді. Ескі латокты науаны бойлай жүріп келеміз. Әлі көктеу жасыл реңкке көмкеріле қоймапты. Ертуған Әліпбаевтың қыстауы да, төл қорасы да осы «Шөңгер жазығындағы» мың бас қойға арналған бұрынғы «Восток» колхозының қора-жайында екен. Құлан ауылдық округінің әкімі Еркін Сейітжапаров пен бас маман Бақдәулет Иманқұлов осы төңіректе жүзден аса қожалық бар екенін, олардың басым көпшілігі осы көктемде қой төлдететінін айтып келеді.
Көлігіміз каналдан өткен соң шатырлы үйдің тұсына келіп бір-ақ тоқтады. Қора-қопсы жақтан қошақан­дардың маңыраған нәзік үні талып естіледі. Ертуған сақпаншыларымен бірге күндіз-түні ұйқы көрмей жүрсе де, қабағы ашық, бізді күлімдей қарсы алды. Аман-саулықтан соң ол бізді төл қора жаққа қарай бастап жүрді. Онда әкелі-балалы Алдияр Аманұлы мен Рысбек Лебаевтар және Юра есімді сақпаншы жүр екен.
– Төл алу науқаны ақпан айының басын ала басталған болатын, қазірдің өзінде екі жүзден аса саулық төлдеді, – дейді қожалық жетекшісі Ертуған Әліпбаев. – 600 бас асыл тұқымды қойдың 500-і саулық. Бұлардан басқа 30 сиыр мен 25 жылқы бар. Оншақты сиыр бұзаулап та қойды, ал желіні жақындаған он бес бие алдағы айда құлындайтын шығар, – дейді.
Қыстау басында жемшөптің жеткілікті қоры бар екен. Қожалық өткен күзде 40 гектар жоңышқалықтан бес мың түк алыпты. Өткен жылы әр жүз саулықтан 92-ден қозы алған қожалықтың биылғы межесі де сондай. Иә, саулықтар биыл ерте төлдепті. «Еділбай» тұқымды құйрықты қозылар қора маңындағы төбеде ойнақ салып жүр. Ал Владимир Михайличенко есімді бағбан осындағы бес гектар алма бақты баптайды. Оның сақпаншылармен, ал сақпаншылардың мұнымен ісі жоқ. Алайда, алма ағаштары бүршік атуға шақ тұр. Соған қарағанда ақпанның қарлы бораны өтіп, тоқпан келсе, сақпан да алыс емес. Қариялардың айтуына сенсек, қыстың алты амалы таусылмай көктемнің жаймашуақ күндері төрімізге шыға қоймайтын сияқты.Әйткенмен, зымыстан өтсе, гүлстан келеді. Дегенмен, «Ұлықбек» шаруа қожалығының қорасында қой төлдеп, көгендегі көбеген көбейе бастапты. Ауыл әкімімен төл қораларды аралап қайтқанымызда кешегі қырбақ қардың арты ақ жауынға айнала бастаған еді.

С.Қожеке.
Құлан ауылдық округі,
«Ұлықбек» шаруа қожалығы.

Поделиться ссылкой: