505 мыңмен бизнес бастаған

790 Views

Бизнес – тұрмысыңды тіктеуге таптырмас мүмкіндік. Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлы айт­қандай бойыңызда «талап, еңбек, терең ой» болса, сізден қалтасы қалың жан болмасы айдан анық. Шағын және орта бизнес мемлекеттің экономикалық әлеуетін дамытатын маңызды факторлардың бірі. Шынтуайтына келгенде, біз мұны кеш түсіндік. Ынтаның жоқтығы ма әлдебір фобияның кесірінен бе бизнес бастауға именетініміз де жасы­рын емес. Дейтұрғанмен, қазіргі қоғамда бойындағы осы бір қорқыныштарды жеңе білген жандар да жетерлік. Бүгінде олар өздерінің қолынан келетін, ауыз толтырып айтарлықтай табыс әкелетін шағын бизнес бастап, тұрмыстарын түзетуде. Солардың бірі жас кәсіпкер – Жеңіс Сүлікбаев.

Жеңіс – Луговой ауылының тумасы. Жастайынан жаңа технологияларға әуес болып өсіп, мектепті аяқтай салы­сымен, Шымкент қаласындағы Отырар колледжіне оқуға түскен. Онда 4 жыл дәріс алып, «бағдарламашы» маман­дығын игеріп шығады. Алайда, маман­дық бойынша жұмысқа орналаса алмаған ол Тараз қаласындағы №12 кәсіптік колледжде қайта даярлау кур­сынан өтіп, «автомеханикалық жабдықтау» мамандығын игереді. Сұранысы көп мамандықты мықтап меңгерген Жеңіс осылайша мемлекет ұсынған бағдарламаны тиімді пайдаланады. «Шындығын айту керек, өз басым мемлекет ұсынған бағдар­ламаларды барынша кәдеге жаратып келемін. Тіпті, өмірімнің жарты бөлігі осы бір баянды бағдарламалармен тығыз байланысты де­сем артық айтқандығым емес. Оқу бі­тіре салысы­менен мен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдар­ламалар бөлімінің маман­дарының кеңесіне құлақ асып, «Жастар тәжірибесі» бойын­ша өтініш бердім. Кейіннен аудандық қазынашылық басқармасына жұмысқа орналасып, онда жарты жыл мамандық бойынша қызмет атқардым. Бірақ, аталмыш мекемеде бос жұмыс орынының жоқтығына байланысты ол жерден кетуге мәжбүр болдым. Сол сәтте маған жұмыспен қамту орталығының мамандары тағы бір бағдарламаны қолдануды ұсынды. Ұтымды ұсыныстан бас тартқан жоқпын. Осылайша облыстың бас шаһарына барып, кәсіптік білім алдым. Мойындауым керек, «қайта даярлау курсы» мен үшін жаңа мүмкіндіктерді аша білді. Автоэлектроника саласын мықтап меңгерген нағыз шеберлерден тәлім алып, қайта ауылға оралдым» деген Жеңіс бизнеске беттеген алғашқы қадамдарымен бөлісті.
Темір тұлпардың тілін тапқан жас жігіт осылайша ауылдағы техникалық жөндеу орталықтарының бірінде шағын кәсібін ашады. Ол жерде көлік тізгіндегендерге автоэлектрлік қызмет көрсетеді. Бастаған ісі оң нәтиже беріп, кәсібінен өз нәсібін таба бастайды.
Бірер жыл бұрын біз басылым бетінде Жеңіс жайында азды-кем әңгімелеген болатынбыз. Сол кезде жас кәсіпкер өзіне алдағы уақытта жеке шағын техникалық жөндеу орталығын ашқысы келетінін айтқан болатын. Сенесіздер ме, Жеңіс сол көздеген мақсатына жетіпті?! Қалай дейсіз ғой? Ендеше оны кәсіпкердің өзі кеңінен әңгімелеп берсін.
«Қандай кәсіп болсын жалдамалы орынға тапқан табысыңның 30 пайызын жұмсайсың. Сондықтан мен әу бастан өзіме жеке нысан салуды көздедім. Жинаған қаражатыма шағын цех салып, ішін керекті құралдармен жабдықтадым. Бірақ, қанша тырысқаныммен автокөліктерге диогностикалық зерттеу жүргізетін құрылғыға қаражатым жетпеді. Ал ондай құрылғы біздің ауданда мүлдем жоқ. Қалай болса да аталмыш құрылғыны сатып алуды өзіме мақсат еттім.
Бірде өздеріңіздің газеттеріңізді оқып отырып, бір хабар­ландыруға көзім түсті. Ол жерде кәсіп бастағысы келетін жандарға «қайтарымсыз грант» беріліп жатқаны жайында жазылыпты. Дереу тиісті мекемелерге барып, құжаттарымды тапсырдым. Алғашында «Атамекен» кәсіпкерлік палатасында бір айлық курстан өтіп, кәсіп ашудың қыр-сырын үйрендім. Ізінен мемлекет ұсынған 505 000 теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантты алып, сөз басында атап өткен қымбат құрылғыны сатып алдым. Бүгінде жеке кәсібім өз жемісін беруде» деп мемлекеттің ұсынған бағдарламасы жаңа мүмкіндіктерге жол ашқанын, 505 000 жаңа бизнес бастауға сеп болғанын жеткізді.
Жүрегі жігерге толы жас кәсіпкер мұнымен тоқтап қалмақ емес. Тиімді бағдарламалар бар болса, кәсібін кеңейтуді көздейді. Алдағы уақытта шағын цехының маңынан автобөлшек саудалайтын дүкеннің іргетасын қалап, тұтынушыларды қосымша уайымнан әрі әуре-сарсаңнан арылтуды ойлайды. «Қызметім сапалы болуы үшін барынша шетелдік қымбат бөлшектерді қолдануға тырысам. Түсінген тұтынушылар да осы бастамамды қолдап, сапалы құрылғыларды тауып келуге тырысады. Бірақ, оны біздің ауданнан таппайтыны өкінішті-ақ. Тапсырыс бойынша Шымкент, Тараз, Алматы қалаларынан алып келіп жатады. Бұл әрине қосымша қаржыны, уақытты қажет етеді. Алдағы уақытта бөлшектер сататын дүкен ашып, бұл олқылықты реттеуге ұмтылып көремін. Бірақ оған қосымша қаражат қажет» деп жоспарымен бөлісті.
Расымен де Жеңістің бұл бастамасы қолдауға тұрарлық. Егер мүмкіндік болса, аудандық атқамінер азаматтар жас кәсіпкердің жүйелі жоспарына жіті назар аударып, барынша қолдап, қаржы қарастырудың тетігін көрсетеді деген сенімдеміз. Ал біз өз кезегінде мемлекеттік бағдарламаларға жан бітіріп, азын-аулақ қаржымен өз ісіңді бастауға мүмкіндік бар екенін үлгі ретінде көрсеткен Жеңістің жұмысына толағай табыс пен сәттілік тілейміз.
Р.S: Өткен жылы кейіпкеріміз секілді қайтарымсыз грантты (505 000 теңге) ауданымыздың 502 азаматы алған екен. Ол үшін бюджет қаржысынан 271,0 млн. теңге көлемінде қаржы бөлінген. Аталмыш қаражат жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға берілген болатын. Алайда, оны мақсатты түрде жұмсап, Жеңіс секілді кәдеге жаратқандардың саны өте аз. Тіпті, саусақпен санарлық десек, қателеспейміз. Өкінішке орай, өзекті өртейтін мәселе осы ғана…

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: