ӘЛЕМДІ АУЗЫНА ҚАРАТҚАН «Аспара» бизнес колледжі

602 Views

Облыс әкімдігі жанындағы «Рухани жаңғыру» жобалық офисі қазақ мәдениетінің қайнар көзінде тұрған ұлттық қолөнерімізді шетелдерге кеңінен таратып жүрген облыс орталығындағы «Аспара» бизнес колледжінің жетістіктерін «Рухани жаңғыру» аясында насихаттау мақсатымен біздің ауданымызға келді. Осы сапарында әлемге танымал оқу орнының қолөнер шеберлерін «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің жауапты қызметкері Әлімжан Қалмұратов бастап келіп, аудандық мәдениет үйіндегі офиске жиналған аудан мектептерінің ұстаздарымен және оқушыларымен таныстырды. Осы шараға аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Н. Алтауева да келіп қатысты.
Меркі өңірінен шыққан талантты азамат Айдархан Ералиев ұлттық дәстүр мен бүгінгі мо­дерн үлгілерін үндестіре білген, әсіресе, кол­ледждегі конструктор-модельерлер мен дизай­нерлердің төл туындыларын Үндістан, Гол­ландия, Қытай, тағы да басқа көптеген ше­телдерге таныстырған. Залға жиналғандар «Аспара» колледжінің 20 жылдығына арнайы шығарылған бейнероликтен осы саладағы көптеген шетелдік әріптестерінің өздері туралы айтқан пікірлеріне куә болды. «Аспара» колледжі директорының орынбасарлары Бақытжан Еңсепов пен Ирина Владимировна Гринвольд оқу орнының осы 20 жылдағы жетістіктерін айтып берсе, оқытушы Нұрсұлтан Сәулешов керамика бұйымдарының қа­лай жасалатынын, Меруерт Шынарова сурет салуды, сту­дент Альбина Дарсыгова киіз басуды көрсетіп берді. Колледж қолөнершілері ұлттық контексте дайындалған көптеген қолөнер бұйымдарын көрмедегідей өте көркем тәсілмен таныстырып өтті.
Иә, бұл ұлттық өнерімізді шетелдерге әйгілеп жүрген бірден бір оқу орны. Олар­дың еңбектерін рухани жаңғы­руы­мызға қосылған үлкен үлес десе де болады.

С.Қожеке.

Поделиться ссылкой: