Тәрбиенің өзегі – балабақшадан басталады
14 Views«Театр – киімілгіштен басталады» деген сөз бар. Сол секілді бала тәрбиелеу ісінің алғышарты да балабақшадан басталатыны сөзсіз. Осы ұғымды мақсат еткен аудандық аналар кеңесі…
Биыл аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бөкейхановтың туғанына – 155 жыл толып отыр. Бөкейханов Әлихан Нұрмұхамедұлы (1866-1937) қазақ халқының азаттық жолындағы күресте алдаспаны болған аяулы тұлға. Бұрынғы Семей (қазіргі Шығыс Қазақстан) облысы, Қарқаралы уезінде дүниеге келген арда азамат 71 жасында кеңес қоғамының ең бір қасіретті «Халық жауы» деген жалған жаласымен Мәскеу қаласында мерт болды.
Ол ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ даласында кеңінен қанат жайған ұлт-азаттық Алаш қозғалысының негізін қалаушы және жетекшісі, Алашорда ұлттық автономиясы халық кеңесінің төрағасы болды. Оның азаматтық ұстанымы мен өмірлік мақсаты – тәуелсіз қазақ мемлекетін құру болған. Ол «қазақ үшін жүрек майын шам қылған» ұлт қайраткері, өзінің бар саналы ғұмырын қазақ халқының азаттығы мен дамуына, ел тәуелсіздігі мен ұлт мүддесі жолындағы күреске арнаған. Ұлттың қамын ойлап, жеке басын қатерге тіккен ұлт қайраткерінің айтқан әрбір қанатты сөзі бүгінгі жас ұрпаққа ерекше мотивация сыйлайды деп ойлаймын.
Әлихан Бөкейханов мемлекет қайраткері ғана емес, Оксфорд, Кембриджде мойындалған қазақ ғалымы. ЮНЕСКО Алаш көсемін, « бүкіл дүниежүзілік маңызы бар шынайы даңқты қайраткер» деп мойындады.
Ұлы бабалар аманатына ғасырлар бойы жүргізген күрестің нәтижесінде қазақ халқы 1990 жылдары ғана қол жеткізді. Қарға тамырлы қазақ жұрты таза жолмен тура жолға бастаған Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевпен бірге азаттық айдынына шықты. Көш түзелді, ел егемендігі баянды болды.
Ғұмыр бойы күресті күндерді басынан өткізген Әлихан Бөкейхановтың туғанына биыл 155 жыл толып отыр. Рух майданының шын мәніндегі күрескері болып өмірден өткен аяулы жанның туған халқының қамын ойлап айтқан қадау-қадау қағидаттары өте көп.Танымы мол, тағылымы терең ойлардың берер ғибраты кеше мен бүгіннің, ертеңгі болашақтың жемісі болып тәуелсіз ұрпақтың санасында мәңгі жаңғырып қалары сөзсіз. Ол қазақ елі үшін қанын да, жанын да аямаған, өзінің басын қатерге тіккен ұлы тұлға. Тарих бедерінде ол қазақтың мұңын мұңдаған дара көсем болып қала бермек.
Г.Мамбетова,
Ш.Уәлиханов атындағы шағын орталықты орта мектептің кітапхана меңгерушісі.