Арулар – асыл жандар

546 Views

Жұма күні Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйінде 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай үлкен жиын өтті. Мереке қарсаңында ұйымдастырылған шарапаты мол іс-шараға ақ жаулықты аналардан бөлек аудан әкімі Ерболат Садырқұлов, мәслихат хатшысы Ербол Әбутәліпов, аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов қатысты. Аты аталған азаматтар ілкімді іс-шара барысында жаны нәзік жандарды төл мерекелерімен құттықтап, ізгі ниеттерін білдірді. Айта кету керек, аталмыш жиында санитарлық талаптар толықтай сақталды.
Шынтуайтына келгенде, дәл мұндай кең көлемде ұйымдастырылатын шараларды әбден сағынып қалыппыз. Оны ақ жаулығын жамылған ардақты аналардың бал-бұл жайнаған жылы жүздерінен анық аңғаруға болады. Тек сол бір қуаныш бетперде артында жасырын қалғаны өзекті өртейді. Дейтұрғанымен, біз аналардың сырға толы тұнық көздеріне терең үңіліп, көтеріңкі көңілді, ыстық ықыласты байқадық.
Жасырып қайтейін, біз қатысқан іс-шара өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Осы орайда Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйі өнерпаздарының тыңғылықты дайындығын ерекше атап өткеніміз жөн болар. Мерекелік жиында ақ жаулықты әжелерге, аяулы аналарға, сұлу да сымбатты қыздардың құрметіне арналып ән айтылды. Сондай-ақ, мың бұралған бұрымды қыздар би билеп, іс-шараның көркін қыздырды. Бәрін айт та, бірін айт. Ондағы мерекелік атмосфераны бір мақаланың аумағына сыйғызу мүмкін емес.
Жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына айрықша үлес қосқан жандар да марапатталды. Ал ардагер аналарға бағалы сыйлықтар мен гүл шоқтары тарту етілді.
Мерекелік іс-шара аяқтала салысымен Ерболат Салқынбекұлы аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында бір топ нәзік жандыларды жеке қабылдады. Мереке иелерімен бірге бейне байланыс арқылы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың құттықтауын тыңдап, жиын соңына қарай жыл бойы белсенділік танытып, нәтижелі жұмыс атқарған нәзік жандыларды арнайы марапаттады.

Жәнібек СҰЛТАН.

Поделиться ссылкой: