«ҚҰЛАН-ДӘН» ҚҰРЫЛТАЙШЫЛАРЫН ҚҰТТЫҚТАДЫ

733 Views

Қанатының астына 453 құрылтайшыны жинап, он сегіз жыл ішінде өзінің жарғылық қорын 11 миллион 26 мың теңгеден 148 миллион 431 мың теңгеге, ал жеке капиталын 221 миллион 353 мың теңгеге жеткізіп отырған несие серіктесінде ақ жаулықты әйелдер де баршылық. Сол ару аналар мен қыз-келіншектерді 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында серіктестік басқармасы кеңсесіне шақырып, сән-салтанатқа бой алдырмай, шағын дастархан басында жылы лебіздерін білдіріп, пандемиядан әбден ығыр болған әйел-аналардың көңілін көкке бір көтеріп тастады.
Осы кездесуде құрылтайшылардың тапсыруымен басқарма төрағасы Рахманәлі Әбдіқадыров ауыл-аймақтардан келген кәсіпкер әйелдерді мерекемен құттықтап, олардың ісіне игілік тіледі. Одан соң сөз алған ауданның Құрметті азаматы, байырғы құрылтайшы Санат Қырықбаев пен «Құлан-Дән» несие серіктестігі тексеру комиссиясының төрағасы Қадірбек Құлбарақов ақ жаулықты кәсіпкер аналарға алғыстарын айтып, олардың еңбегіне табыс тіледі. Серіктестік басшысы індетке байланысты дағдарысқа қарамастан ауыл шаруашылығын дамыту үшін қаржы алушыларды несиелендіруді жүйелі түрде жүргізіп келген бір топ серіктестік қызметкерлерін ынталандыру туралы өзінің бұйрығын оқып, кәсіп иелеріне құттықтау хаттар мен бағалы сыйлықтар ұстатты. Олардың ішінде байырғы ұстаз, аудандық қоғамдық кеңес сарапшысы Түзел Алагөзова, ең алғашқы құрылтайшылар Роза Сағынғалиқызы, Келсін Қадырқызы, Гүлнәр Бақбергенқызы, Шахризада Айтқұлқызы, Вера Анатольевна, Қамризада Қырықбайқызы, Жанат Елдосқызы, Сұлукүл Серікбайқызы, Ағираш Құлымбетқызы, Жазира Өткіркелдіқызы тағы басқалар бар.
Құрылтайшыларды мекеменің несие бөлімінің басшысы Дулат Қазақбаев пен мүлік бағалау жөніндегі бас маман Абдулхамит Кейқуатовтар да шын жүректен құттықтады.
Бұл өзі расында да көзайым кез­десу болды. Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары ән айтып, қожалық жетекшілерінің көңілін көтеріп тастады. Сонымен әйел аналар мен арулар серіктестік басшылығына өздерінің шын ризашылығын білдіріп, көңілді тарқасты.

С.Қожеке.

Поделиться ссылкой: