Еңбек етуден жалықпаған жан
Мен ылғи өз мақалаларымда Қазақстанның халық ақыны Қадыр Мырза Әлінің «Адам алдымен еңбектеп өседі, содан соң еңбекпен өседі» деген сөзін қолданамын. Осы жолы тағы да жазуға тура келіп тұр. Себебі, бүгінгі біздің кейіпкеріміз атадан қалған адалдықтан айнымай, талай жасқа өзінің ісімен бірге сүбелі сөзімен де өнеге болып отырған жаны жайсаң жан. Ол наурыз айының 6-сы күні 80 жасқа толатын Балапан Каипов ақсақал.
Кейіпкеріміз Балапан Каипов 1941 жылы 6 наурызда Луговой станциясында дүниге келген. 1958 жылы Өскемен құрылыс-жол институтына оқуға түсіп, 1963 жылы аталған білім ордасының толық курсын «Өндірістік және азаматтық құрылыс» мамандығы бойынша бітіріп шыққан. Ал 1965 жылғы 25 мамырдағы мемлекеттік емтихан комиссиясының қарары бойынша Балапан Каиповке инженер-құрылысшы деген квалификация берілді.
Кейіпкеріміз 1965 жылдың 11-ші қарашасынан бастап 1972 жылдың қаңтарына дейін Луговой аудандық колхозаралық құрылыс ұйымында прораб, ПТО-ның бастығы болып жұмыс атқарған. 1975-1978 жылдары Луговой жылқы зауытының партия комитетінің хатшысы болып жұмыс атқарса, 1978 жылдың 2 қазанында Луговой аудандық колхозаралық құрылыс ұйымына прораб болып қабылданды. 1986 жылдың 22 желтоқсанында колхозаралық құрылыс ұйымы « ПМК 2005»-пен бірігіп, «Жамбыл сельстройгресінің МПМК -5» ұйымы деп аталынса, ал 1989 жылдың 1 наурызынан бастап, «МПМК-5 Луговой райагрострой» деп аталды. Балапан ақсақал осы аталған ұйымдарда, яғни 1995 жылдың наурыз айына дейін прораб, ПТО бастығы болып жұмыс атқарған. Сөз басында Балапан ақсақалдың мамандығы инженер-құрылысшы деген едік қой. Қазіргі аудан әкімшілігі мен аудандық орталық аурухана ғимараттарының құрылысына ол кісі бір кісідей атсалысқан екен.
– Менің атам кез келген іске жауапкершілікпен қарайды. Зейнет жасқа жеткенше талай жауапты қызметтер атқарды. Ол соның барлығында адал әрі көпшіл болды. Содан кейін де болар, атамды есейген баладан еңкейген қартқа дейін сыйлайтындығы. Бізде атамыздың ақ батасымен өсіп жетілдік,- дейді кейіпкеріміздің немересі Ниязбек.
Қазақ көркемсөзінің хас шебері Әбіш Кекілбаевтың «Барша тығырықтан шығаратын бір-ақ жол – тәуелсіздігімізді тәу етіп, тәуекелімізге бекем болу» деген сөзі бар. Газетімізді үзбей оқитын Балапан ақсақалдың аузынан осы сөзді естіп қуанып қалдық. «Тәуелсіздігіміз баянды, ынтымағымыз ырысты, ел бірлігі мығым болсын» дейді кейіпкеріміз.
Марат Диханбай.