Шоқ тілді Шона
20 ViewsӨткен сәрсенбіде Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде белгілі сатирик Шона Смаханұлының 100 жылдығына орай Басқар Битанов атындағы халықтық театр ұжымының ұйымдастыруымен «Жүз шымшыма»…
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Т.Рысқұлов ауданына жұмыс сапары барысында жайылымдық жерлерді бөлуге қатысты жергілікті тұрғындар арасында дау туындаған Тереңөзек ауылына ат басын бұрды. Олар аймақ басшысына әлеуметтік желі арқылы шағымданған болатын. Сондай-ақ, жұмысшылары алдында жалақы берешегі бар «Луговой жылқы зауыты» ЖШС-іне де арнайы барды.
Жалпы, Тереңөзек ауылдық округі аумағындағы жайылымдық жер көлемі 42233 гектарды құрайды. Мал бағуға арналған осындай ауқымды аумақ бола тұра, жергілікті тұрғындар өзара келісімге келе алмауда.
Тереңөзектіктер өздері айтқандай, ауылдағы көптеген отбасылар қораларында оншақты ірі қара және ұсақ малдар мен жылқылар ұстайды. Кейбіреулеріндегі мал саны жүз басқа дейін жетеді. Үш мыңнан астам адам тұратын ауылдық округте 2493 бас ірі қара, 34625 бас ұсақ мал және 1144 жылқы бар. Барлығы 85 шаруа қожалығы тіркелген.
Жақында ғана 2305 адам тұратын Тереңөзек ауылының тұрғындары әлеуметтік желілерде жайылымдық жерлердің жетіспеушілігін айтып, шағымданған болатын. Кездесу барысында Т.Рысқұлов ауданының әкімі Ерболат Садырқұлов тұрғындар арасындағы келіспеушілік ауыл іргесіндегі жайылымдық жерлерге қатысты туындағанын атап өтті. Алайда, ол бұл жерлерді бөлу бекітілген нормаларға сәйкес жүргізілгенін жеткізді. Ол тұрғындарға ауыл сыртындағы 12622 гектар жайылымдық жерлерді пайдалану бойынша ұсыныс білдірген.
Жергілікті тұрғын Алпыс Дүрменов жер бөлу кезінде әр ауладағы адам саны ескерілмегенін алға тартады.
– Меніңше, жайылымдық жерлер балалар санына қарамай, әртүрлі бөлінуде. Көп балалы отбасыларға да, бір балалы отбасыларға да бірдей көлемдегі жайылым тиеді, — деді ол.
Облыс әкімі кез келген мәселе заң шеңберінде шешілетінін атап өтті.
– Ешқандай жер пайдаланусыз жатпауы керек, ол табыс әкелуі тиіс. Сондықтан бір апта ішінде аудан және ауыл әкімдері осы елді мекен маңындағы жерлерге талдау жүргізеді. Пайдаланусыз жатқан жерлерді иелері мемлекетке қайтаруы керек. Ол жергілікті тұрғындарға мал санына сәйкес бөлінеді, — деп түсіндірді Бердібек Сапарбаев.
Дегенмен, аймақ басшысы малдың негізгі бөлігі ауыл сыртындағы жайылымдарда жайылуы тиістігін тілге тиек етіп, онда жердің жеткілікті екендігін баса айтты.
– Қалай десек те, ауылдың іргесіндегі жер бәріне бірдей жетпейді. Сондықтан, малшы жалдап, алысқа жаюға тура келеді. Сондай-ақ, мұндай шағын аумақта 80-нен астам шаруа қожалығының болуы – өте көп, оларды біріктіру қажет. Бұған жергілікті ақсақалдар атсалысқаны абзал, — деп атап өтті облыс әкімі.
Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаев Тереңөзек тұрғындарына ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруде үй маңындағы жерлерді тиімді игерудің маңыздылығына тоқталды.
Кездесу барысында басқа да өзекті жайттар қаузалып, ауыл шаруашылық өнімдерін қайта өңдеу мәселесіне де ден қойылды.
Соңғы кездері «Луговой жылқы зауыты» ЖШС бірқатар келеңсіздіктерге тап болғаны белгілі. Осыдан аз ғана уақыт бұрын онда қызметкерлеріне жалақы төлеуге қатысты мәселе туындаған-ды. Бірнеше айдағы берешек мөлшері 100 миллион теңгеден асқан. Қазіргі таңда қарыздың негізгі бөлігі өтелген. Жылқы зауытының басшыларының бірі Александр Линниктің айтуынша, қалған 18,2 миллион теңге жұмысшыларға жақын арада төленбек.
– Осы айда мемлекеттен бізге тиесілі 46 миллион теңге мөлшеріндегі субсидияны алғаннан кейін, бірден жалақы бойынша барлық борыштарды өтейтін боламыз. Бұл ағымдағы жылдың қаңтар және ақпан айларындағы төлемдер. Кешіктіру біздің кінәмізден емес, жеткізушілерге қатысты орын алды, — деп түсіндірді ол.
Өңір басшысы барлық қарыздарды 20 наурызға дейін төлеу қажеттігін, сондай-ақ, кәсіпорында жұмыскерлердің құқықтарын қорғаумен айналысатын кәсіподақтың құрылуы тиіс екенін атап өтті.
Қазіргі уақытта кәсіпорын қызметкерлерінің арасында ең жоғары жалақыны механизаторлар алады десек, олардың айлығы — 350 мың теңгеге дейін, ал операторлар 105 мың теңге алады. Бұған қоса, жалақы жыл сайын 10 пайызға өсіп отырады. Жұмысшылар күніне үш рет тегін тамақпен қамтамасыз етілген, олардың кәсіпорын өнімдерін жеңілдетілген бағамен сатып алуға мүмкіндігі бар.
А.Линник сыйымдылығы алты мың тонна болатын жер асты қоймасын көкөніс қоймасына қайта жабдықтау жоспарымен бөлісті. Ол үшін барлық жағдай жасалған. Қойма желдету жүйесімен жабдықталған. Кеңес заманында мұнда азық-түлік сақталған. Асфальт төселіп қана қоймай, оған теміржол да тартылған. Облыс әкімі бұл бастаманы қолдап, оны «Тараз» ӘКК-нің қатысуымен жүзеге асыруға уәде берді.
Жұмыс сапары барысында аймақ басшысы өнімі еліміздің ең ірі қалаларына жеткізілетін облыстағы ірі шаруа қожалықтарының бірі – «Шәушеннің» жұмысымен де танысты.
Қазіргі таңда «Шәушенде» 25 мың қой мен екі мың жылқы бар. Кәсіпорын басшысы Балжан Қодасованың айтуынша, өткен жылы шаруашылық алғаш рет 160 гектар жерге рапс тұқымын отырғызған.
Аудандағы «Ақтоған» шаруа қожалығы да ұзақ жылдар бойы ұн мен макарон өнімдерін өндірумен айналысып келеді. Өзін шикізатпен қамтамасыз ететін шаруа қожалықтың 9450 гектарды құрайтын бидай және арпа егіс алқабы бар.
– Біздің өнімдер үлкен сұранысқа ие. Біз әрдайым өз тұтынушыларымызға сапалы өнім ұсынуға тырысамыз. Айталық, біз жоғары сапалы «А» тобындағы макарон өнімдерін шығарамыз, ол әрі арзан. Ал ұнның бағасы біздің облыста ең төменгі көрсеткішті, яғни 130 теңгені құрайды, — деді шаруа қожалығының басшысы Сейіт-Хасан Ахаев.
Өңір басшысы кәсіпорын жұмысын жоғары бағалап, «Ақтоған» басшылығына «Тараз» ӘКК-мен тұрақты ынтымақтастығы үшін алғыс айтты.
Сонымен қатар, Бердібек Сапарбаев Т.Рысқұлов ауданының көктемгі егіс науқанына дайындығын, шаруалар мен диқандардың жанар-жағармайдың қажетті қорымен қамтамасыз етілуін тексеріп, аудан басшылығынан суармалы су мәселесін қалай шешуге ниетті екенін сұрады.
Аудан орталығы Құлан ауылында мұнай өнімдері мен тыңайтқыштар сақтауға арналған «WeDoEnergy» ЖШС қоймалары орналасқан. Шаруалар кәсіпорыннан ауыл шаруашылығы техникасына арналған отын, сондай-ақ, «Қазфосфат» ЖШС өндіретін минералды тыңайтқыштарды сатып алады. Сондықтан, жанар-жағармайға қатысты мәселе болмауы тиіс.
Аудан басшылығы суармалы су тапшылығы мәселесін шешу жолында жұмыстар жүргізуде. Облыс әкімі Қарақыстақ ауылдық округіне ат басын бұрды. Осы күзде Каменка ауылының оңтүстігінде орналасқан ұзындығы 5,7 шақырым болатын «Ботпай-Сиқым» арнасын күрделі жөндеуден өткізу жоспарлануда. Ал «Казводхоз» РМК биыл Қарақыстақ өзенінде форель шаруашылығын құруды көздеп отыр.
Жамбыл Облысы әкімінің баспасөз қызметі.