Сайманың сай ма, шаруа?

661 Views

Жылдағыдай емес биыл аудан әкімі облыстық басқармамен көктемгі егіс-дала жұмыстарын жоспарлы көлемде орындау туралы келісім жасап, саннан гөрі сапалық көрсеткіштерге бет бұру, игерілмей жатқан егістік жерлерді иге­руге айрықша мән берді. Астықты ауданның жағдайымен жете танысқысы келді ме, өңір басшысының орынбасары Б.Б.Нығмашев бізге жақында бір емес, екі мәрте келіп кетті.
Аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Ерғазы Еспеновтің ол кісіге берген мәліметінде биыл өткен жылмен салыстырғанда 6,3 мың гектар жерге дақыл артығымен егілетін сияқты. Демек биыл егістік алқаптың көлемі 142,8 мың гектар болғалы тұр. Өткен күзде 61,3 мың гектар жерге күздік бидай, 560 гектарға күздік арпа, 160 гектарға рапс тұқымы себіліп те қойған. Күздік себуге біздің диқандар машығып қалды емес пе, оның шығу монолиті биылғы көктемде 99,2 пайыздық көрсеткішке жетіп отыр. Ал рапс сияқты майлы дақылды диқандар біраз жылдан бері екпеп еді, қазір себілген 160 гектардың 97 гектарының шығымы жақсы деуге болады.
Сонымен көктемгі егіс-дала жұмыстары басталып та кетті. Бұрын ұжымдық шаруашылық болған соң ба, әр науқанға әзірлік жоспарлы, ұйымдасқан түрде өтуші еді. Енді қожалықтар: «Көктемнің бір күні – жылға азық» деген қағиданы ескермей ме, әйтеуір науқан созылмалы болып әрең аяқталып жүр. Дегенмен, «Луговой жылқы зауыты» ЖШС, «Бай Алғабас», «Шалқар», «Ақтоған», «Қайқы» шаруа қожалықтары науқанды дәл мерзімінде өткізуге ынталы. Дәлірек айтқанда, сай­маны сай шаруа­шылық­тар тоңның жібуін күтіп, жер жіпсіп, жер айдауға келісімен соқасын сүйретіп, маласын тартып, сәті келсе тұқымдық сепкіштерін тіркеп, аңызға шыққан. Қазірдің өзінде аудан көлемінде 61293 гектар жердің сүдігері көтеріліп, соның ішінде қант қызылшасын себуге арналған 350 гектар алқап алдын ала дайындалды.
«Биыл 54200 гектарға жаздық арпа, 3500 гектарға жаздық бидай, 8700 гектарға мақсары, 3325 гектарға балтамыр, 150 гектарға жүгері, 700 гектарға көктүйнек, 520 гектарға көкөніс, 200 гектарға бақша дақылдарын, 20 гектарға таңқурай, құлпынай, 12500 гектарға беде егу жоспарымызда бар. Көктемгі егіске деп 2795 тонна кепілдендірілген жанар-жағармай бөлінді. Бөлінген дизель отынының әр литрі 158 теңгеден айналды. Сонымен қатар 4 элиталы тұқым шаруашылығы: «Луговой жылқы зауыты», «Қайнар-Агро», «Шалқар» және «Шәушен» өнімділігі жоғары тұқым сататын болады. Қазіргі таңда 10808 тонна тұқым дайын. Аудан шаруашылықтары «Тараз» ӘКК-нен 35 тонна картоп, Алматыдан 12 тонна көпжылдық шөп тұқымын сатып алуға келісімшартқа тұрды. Бұдан басқа Меркі мен Қордай аудандарынан да тұқым алатын боламыз» дейді Е.Еспенов.
Сонымен, сайманымыз сай ма? Иә, бүгінгі күнге 445 трактор, 162 соқа, 29 жер қопсытқыш, 171 дән сепкіш, 17 тұқым дәрілегіш агрегат дайындық сапында тұр. Диқандар көктемнің қолайлы деген әр күнін босқа жібермей, қазірдің өзінде 830 гектар жер жыртып, 890 гектар алқапты тұқым себуге дайын етті. 200 гектарға арпа тұқымы бастырылды. Осыған қарап биыл да аудан диқандары алға қойған міндеттерін дер кезінде әрі агротехникалық мерзімде атқарады деп ойлаймыз.

С.Қожеке

Поделиться ссылкой: