Заманауи білімнің қайнар көзі

629 Views

ҚазҰУ – талантты, дарынды студенттердің басын біріктіріп отырған мекен. ҚазҰУ – адамның тұлға болып қалыптасуына ықпал етіп, тұлғаның жан-жақты қабілетін ашып көрсетуіне мүмкіндік беретін білім ордасы. Қазіргі таңда университетте 16 факультет пен 32 ғылыми-зерттеу институты жұмыс істейді. Соның ішінде білікті де білімді мамандарды даярлауда Экономика және бизнес Жоғары мектебіндегі «Есеп және аудит» кафедрасының бәсі жоғары. Аталмыш кафедра 2004 жылдың 27 сәуірінде ресми түрде ұйымдастырылды. Міне, сол уақыттан бері аталмыш кафедра экономика саласын небір жан-жақты мамандармен толықтырды.
Мұнда білім беру қазіргі заманғы инновациялық әдістерді қолдана отырып, классикалық білім берудің үздік дәстүрлері негізінде жүзеге асырылады. «Есеп және аудит» кафедрасы оқу бағдарламасына сәйкес бакалавриат, магистратура, докторантура дәрежелері бойынша білім береді. Осы кафедрада 30-дан астам пәндер бойынша орыс, қазақ, ағылшын тілдерінде сабақтар жүргізіледі. Сондай-ақ, міндетті пәндермен қатар элективті пәндер де оқытылады. Бухгалтерлік есеп және аудит кафедрасындағы элективті курстардың ерекшелігі – экономиканың әр түрлі салаларында бухгалтерлер мен аудиторларды дайындауда теория мен практиканы ұштастыра отырып, білім беру.
«Қаржы және есеп» кафедрасы еліміздің үздік жоғары оқу орындарының бірі Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен, ТМД мемлекеттерінің ішінде көш бастап тұрған М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетімен және тағы басқа да оқу ордаларымен тығыз ынтымақтастық қарым-қатынас орнатқан. Бұл арқылы ҚазҰУ-ды өзіндік сара жолы бар болғанымен, өзге озық үлгілерді өз үрдісіне енгізуден бас тартпайтын, керісінше озық тәжірибені қалыптастырып, дамытуға тырысатын бірден-бір оқу орны деп пайымдауға толық негіз бар.
Бүгінде кафедраның профессор-оқытушылық құрамы толық қалыптасқан, әрқайсы өз саласында майталман маман болып қызмет атқарып жүр. Сонымен қатар жалпы әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілеттілікті қалыптастыру талаптарына орай факультетте шет елдік профессорлардың да дәріс оқуы қарастырылған. Мұндай қажеттіліктің еліміздегі есеп және аудит саласының, қаржы саласының халықаралық стандарттар негізінде жұмыс істеуімен де тығыз байланысты. Қаржы және есеп кафедрасы халықаралық, республикалық деңгейлердегі ғылыми конференциялардың, сондай-ақ жыл сайынғы республикалық студенттер конференциялары мен пәндік олимпиадаларының тұрақты ұйымдастырушысы әрі қатысушы болып табылады. Жыл сайын студенттер мен магистранттар ғылыми-тәжірибелік байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болады. Кафедрада «Жас аудитор», «Бухгалтер» және «Қаржы талдаушысы» ғылыми үйірмелері құрылғанына да біршама жылдың жүзі болды. Оған 1-4 курс студенттерінің барлығы қатыса алады. Осы үйірмелердің жұмыстары әдеттегі сабақтардың мазмұнын байыта түседі, оларды қызықты етіп жүргізудің әртүрлі нысандарын ұсынады.
Қорытындылай келе, университеттің ашылуынан бастап, бүгінге дейін ҚазҰУ Қазақстанның көптеген рейтингтерінде өзінің алғашқы позициясын сақтап келеді. Соның ішінде Экономика және бизнес Жоғары мектебіндегі «Есеп және аудит» кафедрасының түлектері экономика мен қаржы саласында еліміздің өркендеуі үшін еңбек етіп келеді. Сол себепті де, мен өзімнің ҚазҰУ-да білім алып жүргенімді өмірімдегі ең үлкен сәттілік деп санаймын. Сіздерді де осы білімнің қара шаңырағына айналған оқу ордасына білім алуға шақырамын.

А.АРЫСТАМБАЕВА,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аға оқытушысы.
А.АДАМСОПИЕВА,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Экономика және
бизнес Жоғары мектебінің 4 курс студенті.

Поделиться ссылкой: