Шоқ тілді Шона
16 ViewsӨткен сәрсенбіде Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде белгілі сатирик Шона Смаханұлының 100 жылдығына орай Басқар Битанов атындағы халықтық театр ұжымының ұйымдастыруымен «Жүз шымшыма»…
Өткен жылы аудан аумағында жалпы 187 қылмыстық іс тіркелген. 2019 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 15 пайызға төмендеп отыр. Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылы ауданда 220-ға жуық құқық бұзушылық іс тіркеліп, оларды ашу бойынша ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылған. Былтыр тіркеуге алынған қылмыстарды ашу деңгейі де көз қуантады. Бүгінде 2020 жылы орын алған қылмыстық іс-әрекеттің 82,1%-ы ашылған.
Ауданда көп орын алатын қылмыстардың көшін «бөтеннің мүлкін ұрлау» ісі бастап тұр. Аталған қылмыстық іс бойынша былтыр 229 бас төрт түлік қолды болған. Олардың 25-і ірі-қара болса, 157-сі ұсақ малдар. Жалпы ұрланған малдың 204 басы жеке құрамның жедел әрекетінің арқасында иелеріне қайтарылып берілген. Нәтижесінде қылмыстық іс қозғалып, 13 әккі ұры темір торға тоғытылған. Тағы да бір қызық ақпаратпен бөлісе кетейік, ауданда жалпы 21 адам мал ұрлығы бойынша есепте тұр. Олардың барлығы да аудандық полиция бөлімінің қатаң бақылауында.
Енді өткен жылы өзге де орын алған қылмыстарға тоқталайық. Өткен жылдың 12 айында қоғамдық орындарда орын алған қылмыс саны – 29. Ал көшелерде 17 қылмыстық іс тіркелген. Жасөспірімдердің қатысуымен 3 қылмыс орын алса, топ болып жасалған қылмыс саны – 12. Бір қуантарлығы, бұл бағыттағы қылмыстардың бәрі 2019 жылмен салыстырғанда едәуір төмендеген. Ал енді шамадан тыс орын алып, пайыздық көрсеткіші өскен қылмыстар жайында кеңінен баяндасақ. 2020 жылы мас күйінде жасаған қылмыстар саны 26,6 %-ға өскен. Өткен жылы ащы суға сылқия тойып алып, қылмыс жасаған 35 азамат құрықталған. Сондай-ақ, аудан аумағында кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыстар саны 2019 жылмен салыстырғанда екі есеге көбейіп, 100%-дық көрсеткішті көрсетіп отыр.
Аудан аумағында құқық қорғау саласының мамандары жүргізген тексеру, ақпараттандыру жұмыстарын назарына ілгісі әрі қателіктен сабақ алып, түзелгісі келмейтіндер де баршылық екен. Оны бұрын жасаған қылмысын қайта қайталаған 53 адамның ерсіз іс-әрекетінен анық аңғаруға болады. Айта кету керек, бұл бағыттағы қылмыстар 6 пайызға өсіп отыр. Аталмыш мәліметтердің барлығын аудан тұрғындарына аудандық полиция бөлімінің басшысы Олжас Омарбеков баяндап берді. «Сұлутөр» кинотеатрында өткен есепті жиында сала басшысы жол көлік оқиғаларына қатысты мәліметтерді де кеңінен тарқатты.
Өткен жылы ауданда жалпы 53 жол көлік оқиғасы орын алған. Көлік қақтығысы бойынша орын алған жайттардың кесірінен 81 адам жарақаттанып, өкінішке орай 12 адам өмірмен қош айтысқан. Аудан аумағындағы республикалық маңызы бар жолдарда 22 оқиға тіркелсе, жергілікті авто жолда 5, көше жолдарында 26 көлік қақтығысы орын алған. Аталған жол көлік оқиғаларын алдын алу мақсатында әлеуметтік желілерде түсіндірме жұмыстарының қарқыны күшейтілген.
Жалпы аудандық полиция бөліміне басшы болып Олжас Төлегенұлының келуімен көп нәрсе өзгерді. Сала жұмысына қан жүгіріп, бірқатар бастамалар қолға алынды. Ол туралы есепті жиында жиналған жұрт та сөз етті. Кездесудің сұрақ-жауап айдарында тұрғындар полиция қызметкерлерінің мәртебесін көтеру, мас жүргізушілерді құрықтау, жол көлік оқиғаларының алдын алу, түнгі рейдтерді көптеп жүргізу және сол сәтте ұсталған жасөспірімдердің тізімін аудандық білім бөліміне ұсыну сынды мәселелерді көтерді. Ең соңғы болып сөйлеген ауданымызға белгілі азаматтың бірі Бауыржан Намазбаев жас басшының табандылығына, іскерлігіне, ұйымдастыру қабілетіне ерекше тоқталып, атқарылған жұмыстарға «қанағаттанарлық» деген баға берді.
Ж. БАЗЫЛБЕКОВ.