Азат елдің аспаны ашық

2 424 Views

Құдайшылығын айтайық­шы, бүгінгі таңда Тәуелсіз Қазақстанмен әлемнің алпауыт елдері санасатын деңгейге жет­ті. Алтай мен Атыраудың, Сыр­дария мен Ертістің арасына дейін созы­лып жатқан ұлан-ғайыр даласы бар тұғыр­лы мемлекетімізге төрткүл дүние тамсанып та, қызғана да қарай­тыны жасырын емес. Қазақстан әлем­дік картада жер көлемі жө­нінен 9-шы орында тұр. Бұл әрине, біріншіден, адамның жаны, қасқалдақтың қанымен кел­ген тәу етер тәуелсіздігіміздің арқасы.
Биыл еліміздің азаттық алғанына табаны күректей 30 жыл толады. Осы жылдар аралы­ғында тәуелсіздік жолындағы дана бабаларымыздың ерлігі қандай болды? Желмая­дай жүйткіп өткен осынау отыз жыл мерзімде Тәуелсіз Қазақстан нендей белес­терді бағындырды? Осы сауалдарға жауап іздеп көрелік.
Қалай десек те Тәуелсіздік қазаққа оңай келген жоқ. Бүгінгі мамыражай тірлікті, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманды көру үшін күллі Тұран даласының қаһар­ман ұлдары қаншама рет айқасты, отқа да, суға да түсті.
Тәуелсіздік. Құлаққа қандай жағымды естіледі. Ал осы қастерлі сөзді болашақ ұрпақ сезін­сін деп қаншама бабаларымыз жанқиярлық танытып, жазықсыздан-жазықсыз жапа шекті. Керей хан халықтың қамын күйттеп, Жәнібек хан жігерлілік танытып, Қасым хан қайсарлықпен шайқасты. Алаш үшін алысқан, Еділ үшін шабысқан, қол астында бүкіл қазақ табысқан тәуекелшіл Тәуке, сұсты да айбынды Абылай, құбыла көшкен байтақтың ордасындай, темір жұмсап оқ атқан қорғасындай болған батыр бабаларымыз Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Шапырашты Наурызбай, егеулі найза қолға алып, халқы үшін басын тауға да тасқа да соққан ер бабамыз Махамбет, қазақты еміреніп сүйіп өткен, зар заманның өртіне күйіп өткен Алаштың ардақты ұлдары Ахмет, Міржақып, Әлихан, Жүсіпбек, Сұлтанмахмұт, Бейімбет… Осы тұлғалардың барлығы дерлік заманында азуы алты қарыс ілгері мемлекеттің бірі болған, бүгінде аты мен заты картада да жоқ Жоңғар елі болсын, «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген астарлы саясат жүргізіп, қазақ ұлтын әлсіретуге қомақты күш жұмсаған қылышынан қан тамған Қызыл империямен болсын, қазақтың тәуелсіздігі мен болашағы жолында аянбай күресіп бақты. Мақсат – біреу. Өз алдына іргесі берік дербес ел атану. Бәрі де азаттықты аңсады. «Мәңгілік ел» болуды мұрат етті. Бірақ өкінішке орай, дана бабаларымыз үшін тәуелсіздік арман болып қалды. Мінеки, біздер, яғни бүгінгі ұрпақ ғасырлар тоғысындағы сол арман болған тәуелсіздіктің тәтті самалын сездік, көрдік. Ендігі меже ұлт мұраты жолында ел Президентімен бірге ұлы істерге ат салысу. Сондықтан азаттықты тұғырлы да ғұмырлы ету баршамыздың қолымызда екенін ұмытпағанымыз абзал.
Барша ұлтты бауырына басқан бауырмал Қазақ халқы біреуді артық, біреуді кем деп көрмеген. Татулық пен достықты ежелден серік еткен. Қазақстан — өз ұлты, халқы, діні, тілі, мәдениеті, тарихы, салт-дәстүрі бар құдіретті ел. Қазаққа тән ата-бабаларымыздан қалған ар-намыс, жігер-қайрат мұра ретінде келешек ұрпаққа дейін жеткен. Тарихқа үңіле отырып: «Кеше кім едік, бүгін кімбіз, ертең кім боламыз?» – деп ойланатын болсақ, бабаларымыздың жасаған ерлігіне тәнті боласың. Бірақ, бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың абыройлы беделінің арқасында әлем мойындаған, алты құрлыққа аты тараған қуатты мемлекетке айналып отырғанымыз шығар күндей шындық алдияр әлеумет.
«Біздің жүрегіміз темір емес. Бірақ біздің кек отымыз қандай темірді болса да ерітіп, күйдіріп жібере алады. Біздің үрейді жеңетін ең күшті қаруымыз ол – Отанға деген сүйіспеншілік» деген батыр Бауыржан Момышұлының даналы сөзі тасжүрек адамның өзін елітпей қоймайды. Бұл сөзге бірдеңе деудің өзі артық. Біздің бір білетініміз, Баукең айтқандай, Отаннан, Тәуелсіздіктен артық байлық жоқ жер бетінде. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан есептесек, қуатты Қазақстанның жеткен жетістігі том-том энциклопедияға арқау болары сөзсіз. Оның барлығын бір мақаланың аясына жазу тіптен мүмкін емес. Сондықтан барлығын жіпке тізбей, мемлекетімізді қуаттандырып, еңсемізді көтерген ма-ңызды факторларды тілге тиек етсек деп отырмыз.
Біріншіден, Қазақ елі жер жаһанға берекелі бірліктің, тұрақтылықтың үлгісін анық көрсетті. Сөйтіп, «Адам мен адамды, халық пен халықты, ел мен елді жақындастыратын мүдде — бірлігі» екенін жер жүзіне тағы бір мәрте паш етті. Екіншіден, алып Америкаңыздың астанасы Вашингтон төрінде саясаттағы кіл мықтылар бас қосқан БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ тілінде сөйлеуі. Бұл елі сүйген, елін сүйген Елбасының қарға тамырлы қазағына деген шексіз құрметі әрі сүйіспеншілігі. Сөйтіп, әр тараптан жиылған саясаттағы саңлақтар қазақтың бай да шұрайлы тіліне қанықты әрі тамсанды, бір шетінен қызғанышпен қарады. Үшіншіден, айдай әлемге қымсынбай Қазақ дейтін елдің тарихы тағылымға толы екендігін дәлелдеп берген Қазақ хандығының 550 жылдық торқалы тойының аталып өтуі. EXPO секілді халықаралық көрмені кез келген мемлекет керемет деңгейде ұйымдастыра бермейді. Бір жағынан осындай күрделі кезеңде жауапкершілік жүгін арқалау үлкен батырлық. Ақиқатын айтайық, сенім сертін яғни, міндеттелген межені Тәуелсіз Қазақстан 100 пайызға орындағанын уақыт талабы көрсетіп отыр мінеки. Бұны төртіншіге балаңыз. Бесіншіден, қысқы Азияда ойындары болсын, басқа да танымал спорт түрлерінен әлем чемпионаттарын жоғары деңгейде ұйымдастыра білген Қазақстанның атағы одан сайын асқақтай түсті десек, қателеспейміз. Алтыншыдан, шындығын айту ләзім, қазіргі таңда Қазақстан Орта Азияда көшбасшы елге айналды. Еуропаның еңселі елдерімен үзеңгі қағыстыра бастады. Бұл ненің арқасы? Бұл сөзсіз азаттықтың айғағы. Жұтаң ғасырларда жұқарған ұлттық беделіміз қайта жаңғырып жатыр. Ең бастысы – егемен Қазақстан дейтін ел бар. Жер бетінде Тәуелсіз Қазақ елі бар. Бұл біздің еншіміздегі ең ұлы байлық. Туған жердің бағы жанды деген осы емес пе? Ендеше, өткеннен салауат, бүгіннен ғадауат алып, баға жетпес байлығымызды ардақтай білсек, алда талай асуларды бағындыратынымызға шек келтірмеймін.

Марат Жолдасбекұлы.

Поделиться ссылкой: