Індеттен арылудың амалы – екпе салдыру

550 Views

Алдияр әлеумет, ел аумағында коронавирус инфекциясы қайтадан дендеп, аталмыш дертті жұқтырған адамдар саны күннен-күнге еселеніп барады. Сол себептен де ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «СОVID-19» індетіне байланысты эпидемиологиялық ахуал жөнінде жуырда кеңес өткізіп, тиісті тапсырмалар берді.
Өздеріңізге мәлім, талай адамның өмірін қиған бұл дерт Қытай елінен бастау алған болатын. Аспан асты жұрты қазіргі таңда алғашқылардың бірі болып коронавирус ауруының таралуын ауыздықтай алды. Мемлекет басшысы бұл жөнінде:
– Қытай елі ауруы жұқтырғандардың санын азайтты. Экономиканың қайта қалпына келуін қамтамасыз етті. Қытайдың үлгісімен Азияның Жапония, Оңтүстік Корея, Вьетнам және Сингапур сияқты елдері де пандемияға қарсы нақты іс-қимылдар жасады. Сондықтан бізге пандемияға қарсы күресте және вакцина салу кезінде Қытайдың осы ұтымды тәжірибесін ескерген жөн. Бұл өзіңізді, ата-аналарыңыз бен жақындарыңызды қорғау үшін қажет. Әрі-беріден соң, бұл біздің азаматтық парызымыз, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Біз бәзбіреулер таратқан қауесетке сенбеуіміз керек. Біз бұл дерттен арылудың жолы екпе егу екенін түсінгеніміз жөн. Былтырғы жағдайды барлығымыз білеміз. Қаншама отандастарымыз осы кеселдің салдарынан көз жұмды. Жоғарыда айтқанымдай, індеттен арылудың жолы вакцина салдыру екенін біз емес, мамандар айтып отыр. Сондықтан қателікке бой алдырмай, мамандар кеңесіне құлақ асқанымыз абзал.

Садат Бисембаев,
балалар мен жасөспірімдердің туризм және өлкетану орталығының директоры,
аудандық мәслихат депутаты.

Поделиться ссылкой: