Ботулизмнің алдын алу
32 ViewsБотулизм – жалпы организмнің улануына әкеліп соғатын инфекциялық аупу түрі. Ботулизм – Clostridium botulinum бөліп шығаратын улы затпен (токсин) бүлінген, ластанған тамақтан жұғады, токсин…
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ауылдық жерлердегі шаруалармен жүздескен сайын ірілендіру мәселесін қозғап, аудан басшыларына кішігірім қожалықтарды біріктіру туралы мәселе көтеріп келеді. Жақында осындай сервистік қызмет көрсететін холдинг құрылды. Қазірдің өзінде «Құлан агрохолдингіне» 16 шаруа қожалығы бірікті. Біз осы жаңадан құрылған холдингтің басшысы Қалдыбек Бегіналыұлы Әділовты әңгімеге тартқанымызда, ол: – Мен өзім Жаңатұрмыс ауылдық округіне қарасты «Әділ» шаруа қожалығының жетекшісімін. Иелігімде 358 гектар жер бар. Соның 160 гектарына былтыр күздік бидай, 10 гектарына рапс ектім. Бұдан басқа 70 гектар алқапта жоңышқам бар. Оны Сатыбалды талының жанындағы «Ақкүшік» көліндегі сумен суландырып отырмын. Осы көктемде тағы 80 гектар егіске арпа тұқымын себуді қолға алдым. Қожалықта бір «Беларусь» тракторы бар болатын. Жақында өз ақшама яғни, 13 миллион теңгеге «Беларусь-892» маркалы жаңа тракторын «КУН»-ымен, «БД» жер өңдегішімен қоса сатып алдым. Айтайын дегенім – қазір ауыл-ауылда ұсақ шаруа қожалықтары көп. Олар жаз шықты болды техника іздеп, жер жыртқызып, тұқым себуге кезекке тұрады. Өткен жылы өзім сияқты механизаторлар әр өңдеген гектарына 7-8 мың теңгеден ақы алатын. Қолында техникасы жоқ жекеменшік иелерінен биыл енді олар 12 мың теңгеден ала бастапты. Менің екі тракторымды жүргізіп жүрген ұлым Бекболат пен оның әріптесі Мұрат Ноғайбеков олардан екі мың теңгеге төмен ақы алып жүр. Осы қиыншылықтың бәрін ескеріп, облыс әкімінің ірілендіру бағытындағы бастамасын қолдай отырып, «Құлан агрохолдингін» аштым. Оған қазір Жаңатұрмыс ауылдық округінің өзінен төрт қожалық енді, – дейді Қ.Әділов.
Иә, холдингке мүше болған Манат Омарқожаев, Мәди Азаматов және Әбдіраман Мырзахановтар енді жаңа ұжымның сервистік қызметін пайдаланатын болады. Қазірдің өзінде шаруалар 250 гектар жерін жыртқызып, енді тұқым сепкізуге әрекет жасауда. Бұл аз десеңіз, Белоруссиядан 25 миллион теңгенің жаңа техникасы жақын күндері трайлермен келіп те қалады. Холдинг басшысының айтуына қарағанда, биыл осы мақсатқа бөлініп отырған 75 миллион теңге қаражатқа түгелдей жаңа техника сатып алынады екен. Олардың ішінде шөп тайлап буатын механизмдер, роторлы шөп оратын агрегаттар да бар көрінеді.
Сонымен «Іске сәт!» деп кіріскен диқаншылар көктемгі егіс-дала жұмыстарын қыздыра түсті. Олар өздерінің қарамағындағы 16 қожалықтың жерін айдап, өңдеп бітірген соң, өзге де қожалықтардан тапсырыс қабылдайтын болады. Расында ауылдық жерге сервистік қызмет көрсететін, сөйтіп шаруалардың басын біріктіретін осындай ұжым көптен керек-ақ еді. Игі бастама ауылдан қолдау тапты. Ендеше холдингтің жұмысы жемісті болсын дегіміз келеді.
С.Қожеке.
Суретте: «Құлан агрохолдингінің» механизаторлары Мұрат Ноғайбеков пен Бекболат Әділов және ауыл әкімі Нұрболат Жамалбеков егіс басында.