886 Views
Құрметті Тұрар Рысқұлов ауданының тұрғындары!
Баршаңызды мүбәрак Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын!
Рамазан – он екі айдың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол ай. Бұл айдың басты ерекшелігі, Алла Тағала Исламның бес парызының бірі болған оразаны осы айда ұстауды парыз етті. Екіншіден, адамзат баласын тура жолға бағыттайтын, ақиқат пен жалғанды, сауап пен күнә арасындағы парықты айқындап беретін қасиетті Құран осы айда түсірілді. Сондықтан бұл айда оқылған Құран аяттарының сауабы, атқарған ізгі іс-амалдардың сауабы өзге айларға қарағанда еселеп артады. Құдси хадисте Алла Тағала былай дейді: «Ораза тек Мен үшін. Оның сыйын (сауабын) Өзім ғана беремін. Өйткені пенде Мен үшін шақуат қалауы мен ішіп-жеуден бас тартты». Үшіншіден, мың айдан да қайырлы Қадір түнінің осы айда орын алуы да – Жаратушының пендесіне тартуы.
Рамазан айында ораза ұстау – мұсылман адамның мойнындағы бес парыздың бірі. Қасиетті Құранда: «Ей, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей тақуалыққа жетулерің үшін ораза ұстау сендерге де парыз етілді» («Бақара» сүресі, 183-аят), – деп бұйырылған. Әрине, бұрынғы өткен пайғамбарлардың үмбеттері де өз кезегінде ораза ұстап өткен. Хадис-шарифте: «Ислам бес тірекке негізделген: Алладан басқа ешбір Құдай жоқтығына және Мұхаммед Оның елшісі екеніне куәлік беру, намаз оқу, зекет беру, қажылық және Рамазанда ораза тұту» деп ораза ұстау Исламның шартынан екендігін білдірсе, мына хадисте: «Кімде-кім шын көңілмен иланып, кәміл иманмен, сауабын Алла Тағаладан күтіп, Рамазан оразасын ұстайтын болса, оның өткен күнәлары кешіріледі» дей келе, оразаның ұлық ғибадат екендігін сүйіншілейді.
Осы қасиетті айдың құрметіне елімізге, жерімізге Алланың рақымы түсіп, баршаңыздың отбасыңызға амандық, саулық, өмірлеріңізге құт-береке тілеймін. Елімізде болып жатқан пандемиядан аман-есен, сау-саламат шығуымызды баршамызға нәсіп етсін.
Құрметпен, Тұрар Рысқұлов ауданының
бас имамы
Джадраев Сұлтаншәріп қажы Жақыпбекұлы.
Поделиться ссылкой: