918 Views
Махаббат – таусылмайтын әңгіме. Ғашықтықтың ғазалына шомылған қос жүректің алып ұшқан сезімі сан соқпаққа жетелейді. Мәжнүн болған талай ғашық махаббаттан у ішсе де, өзегі өртенсе де, жүрегі жарылса да, осы бір бағыттан айнымайды. Есалаң меңзелдес күйде жүріп күн кешеді. Бұл сезімнің тәтті әрі ащы дәмін ернімен де, жүрегімен де сезінбеген жан жоқ шығар мына әлемде?!
Ал елімізде осы махаббат майданындағы жандардың тұнық сезімін ту ететін ғашықтар күні бар ма? Бірде 14 ақпанда тойланатын «Әулие Валентин» күніне басымдық берсек, бірде 15 сәуір – «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» күнін тойлап жатамыз. Қалыптасқан, бекіген мерзім де, меже де жоқ. Біршама жылдардан бергі тартыс толастамай келеді. Егер менталитетімізді алға тартар болсақ, халқымызға «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» күні жақынырақ. Бұл күнді ғашықтар мерекесі деп ұсынған қазіргі ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай еді. Ол 1999 жылы бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысындағы бірқатар оқу орындарын, жастар ұйымдары мен ақпарат құралдарын осы мерекені тойлауға шақырған. Ал 2012 жылдың 15 сәуірінде Көкшетау қаласындағы Тәуелсіздік алаңына жиналған жастар бұл мерекені жоғары деңгейде атап өтіп, өз замандастарына Ғашықтар күнінің мәні мен мағынасын ұқтырған.
«Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» күнін елімізде тойлау мәселесі көтеріліп жатқан тұста көптеген ақын-жазушылар, шолушылар мен журналистер өз пікірлерін білдірген болатын. Жазушы Амангелді Кеңшілік те қазір қоғамда «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» күнін тойлау керек екенін, алайда осы Ғашықтар күніне байланысты тар көзқарас қалыптасып отырғанына қынжылған еді.
– «Валентин күнін» тоқтату үшін осындай «Ғашықтар күнін» тойлау – өте орынды. Дегенмен махаббат деген нәрсені қыз бен жігіттің арасындағы махаббатпен ғана байланыстырып, соның аясында ғана қалдыруға болмайды. Бұл ананың балаларына махаббаты, баланың ата-анасына махаббаты сияқты кең ауқымды қарастыру керек, – дейді Амангелді Кеңшілік.
Қазіргі таңда ел арасында «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» күнін Ғашықтар мерекесі деп танитын жастар саны өсіп келеді. Сонда да «Әулие Валентин» күнінде бір-бірін түрлі сыйлықтармен құттықтап жататын жандар да аз емес. Бұл құбылыстың бірнеше жылдан бері біздің елде кең етек жайғанын ескерер болсақ, жақын арада Ғашықтар мерекесін 14 ақпанда тойлайтын жандардың сейілмесі анық. Мемлекет тарапынан белгілі бір Заңнамалық тұрғыдан қаулылар қабылданбаса, әлі талай жыл «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» күні «Әулие Валентиннің» көлеңкесінде қалады.
Мақаламыздың басында айтқанымыздай, махаббат – таусылмайтын әңгіме. Әркімнің жүрек симфониясы әрқалай ойнайды. Әркімнің көңіл кардиограммасы әрқалай толқиды. Әркімнің жүрек әні әрқалай шырқалады. Сезімін жүрек түкпіріне сақтап, жаһанға жар салмай, үндемей ғана сүйеді біреулер. Ал бір жандар 101 раушан гүлі мен романтикалық кештерді құп көреді. Ал өзге жандар тек қос жүрек қатар соғатын мекенді қалап, алысқа көз жібереді. Әркімнің сүюі – түрліше. Тек таза жүректен шықса болғаны.
Ахмет ҚАМШЫБЕК.
Поделиться ссылкой: