Дарабоз Дана жерлесіміз әлем чемпионатының күміс медаль иегері

660 Views

Жастар арасында Польшаның Кельц қаласында өткен әлем чемпионатында жерлесіміз, талантты боксшы ару Дана Дидай 75 келі салмақ дәрежесінде сәтті жұдырықтасып, күміс медаль иеленді. Жерлесіміз 18 мемлекеттің спортшылары қатысқан халықаралық жарыста 3 кездесу өткізді. Алдымен венгриялық Варга Бокларкамен жұдырықтасып, оны ұпай санымен жеңді. Жартылай финалда өзбекстандық Сохиба Рузметованы өзінің ауыр соққысымен нокдаунға сұлатып, 4:1 есебімен оңай жеңді. Ал финалда үндістандық Тхокчем Санамача Чанумен шаршы алаңға шығып, 3:2 есебімен жеңілуге мәжбүр болды. Олай дейтін себебіміз, төрешілер осы кездесуде Дананың дөп соққыларына көз жұма қарады. Сөйтіп әділетсіз шешім шығарды. Бұл жөнінде жерлесіміз де өз пікірін әлеуметтік желіде жазды. Біз де Данадан бұл жөнінде сұрағанымызда:
– Иә, әділетсіздік болды. Алайда, бұл мені жігерлендірді. Орыс халқында «Все худшее к лучшему» деген сөз бар ғой. Бұл маған керісінше, мотивация болды. Жуырда Азия чемпионаты өтеді. Сол жарыста үндістандық боксшымен қайта кездесіп, төрешілер «бармақ басты, көз қысты» етпейтіндей, есемді қайтарсам деймін. Осындай әділетсіздікке тап болған кезде әрдайым қолдаушым бола білетін өзімнің жеке бапкерім Жанбек Кульниязовқа ерекше алғысымды білдіремін, – дейді боксшы ару. 3 жыл бұрын: Сол кезде Дана 15 жаста еді. «Соққысы жойқын жас талант» деген тақырыппен боксшы ару жайлы мақала жазған едім. Дананың енді жарқырай көріне бастаған кезі. Небәрі 15 жасында ол өзінің мықтылығын дәлелдеп, жасөспірімдер арасында ел чемпионатының жеңімпазы деген атаққа ие болды. Мына сөзі әлі есімде Дананың. «Батыр Бауыржан Момышұлының «Өтіріктің балын жалап өмір сүргенше, шындықтың уын ішіп өлген артық» деген сөзі менің өмірлік ұстанымым. Сидней Олимпиадасының чемпионы, жерлесіміз Ермахан Ыбырайымовтың «Қызым алған бетіңнен тайма. Біз саған сенеміз» деген бір ауыз пікірі маған мотивация сыйлады. Осы жеңісімді бақилық болған анам Райкүл Айнабекованың рухына арнаймын» деп еді жас боксшы сол жылы. 15 жастағы арудың аузынан осындай пікір естігенде болашағы жарқын боларына сенгенбіз. Үлкен деген «ақсақал әрі көксақалдардың» өзі мұндай есті сөз айта алмайды қазіргі күні.
Қазір Дана Дидай соққысынан кез келген қарсылас именетін еліміздегі теңдессіз спортшының бірегейі. Алғаш 10 жасында қолына былғары қолғап кигенде, оған бокстың қыр-сырын түсіндіріп, жеңіс жолына жетелеуге шыңдаған білікті бапкер Бақытбек Толымбетов екенін спорттың айналасындағы мамандар білгенімен, қарапайым жұрт біле қоймас. Сондықтан оны да айта өтейік.
«GGG» деген лақап атпен әлемге танымал атақты боксшы, отандасымыз Геннадий Головкинді өз кумиріне балайтын Дана Дидайдың алға қойған мақсаты көп. Әлбетте, ең бірінші кезекте – Олимпиада шыңы. Ендеше жерлесіміздің мақсаты орындалсын. Біз оған сенеміз. Бұрымды жас арудың шаршы алаңда әрдайым жолы болып, мерейі үстем бола берсін.
Тақырыпқа орай: Дана Дидай жасөспірімдер арасынан болашақ Олимпиадаға үміткерлер дайындайтын республикалық колледждің студенті. Бокстан Қазақстанның 4 дүркін жеңімпазы. Азия чемпионы. Әлем чемпионатының күміс жүлде иегері. Түрлі деңгейдегі халықаралық жарыстардың да жеңімпазы.

Поделиться ссылкой: