Бала тәрбиесі – тәлімді іс

591 Views

Жалпы ұрпақ тәрбиесіне дана халқымыз қашанда бей-жай қарамағаны белгілі. Бала тәрбиесі ешқашан салғырт қарауды көтермейтін, аса бір күрделі де маңызды іс. Адамды адамдық қалыпқа келтіретін де, аздырып, тоздыратын да тәрбие жұмысы. Балаға жас кезінде әсер ететін құбылыстар әр түрлі болғанымен оларды тәрбиелеуші, әрине ата-ана. Алайда бала тәрбиесіне өзінің ортасы да, мектеп те, балабақша да үлкен әсерін тигізеді.
Осы орайда Көгершін ауылында орналасқан «Ақбота» балабақшасында түрлі бағыттағы іс-шаралар өткізіліп, баланың дұрыс бағытта жетілуіне көптеген жағдайлар жасалып отыр. Басты мақсат — баланың жақсы тәр­биені бойына сіңіруде деп түйсінген бала­бақша тәрбиешілері тәлімді істің озық үлгісін көрсетіп жүр. Дана Әл-Фара­би де «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген еді ғой. Аталмыш балабақшаның тәрбиешілері де білім мен тәрбиені қатар беріп, баланың жанына ізгілік нәрін сеуіп жүрген жайы бар.
Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл толуына орай осы жақын арада «Ақбота» балабақшасының «Айгөлек» тобындағы балалардың қатысуымен мазмұны терең іс-шара өтті. Шара барысында балалар Жамбыл Жабаевтың өлеңдерін жатқа оқып, өз өнерлерін ортаға салды. Сондай-ақ, «Айгөлек» тобында тәрбиеленушілер «Ертегілер еліне саяхат» атты қойылым қойды. Қойылым кезінде балалар белсенділік танытып, ертегінің сәнін келтірді.
Міне, өзім қызмет ететін Көгершін ауылындағы «Ақбота» балабақшасы осы сипаттағы іс-шаралар арқылы балалардың қабілеттерін шыңдап, олардың бойындағы жақсы қасиет­терін аша түсудеміз. Ізгілік пен жақсылық, мейірім мен адамгершілік секілді озық қасиеттерді балалардың бойына дарытып жүрген балабақша тәрбиешілерінің де еңбегі орасан зор. Олардың негізгі мақсаты – бала жүрегін жылылық пен мейірімге толтыру. Ал бала тәрбиесі – тәлімді іс.

Айсара ЮЛДАШЕВА,
«Ақбота» балабақшасындағы «Айгөлек» тобының тәрбиешісі.
Көгершін ауылы.

Поделиться ссылкой: