Майдангер қарт құрметке бөленді

452 Views

Аудандық басылымда қыз­мет етіп жүргеніме биыл төрт жыл толады. Осы аралықта сан түр­лі кейіпкерлермен кездесіп, олардың әуезді әңгімесін тыңдап үлгердік. Шыны керек, солардың арасында мен үшін болмысы бөлек жандардың бірі – Асаубай Сүлейменов ақсақал. Жақсылық ауылының тұрғыны, майдангер қартты аудан әкімдерімен бірге биыл үшінші рет құттықтап барыппын. Әр барған сайын ақсақалдың аузынан құнды естеліктерді естіп отырамыз. Сол бір майдан шебінде орын алған мына естелігі менің жадымда мәңгілік сақталып қалатын шығар.
«« …1942 жылы, 25 қазан күні, сағат 11-лер шамасында болған, басымнан өткен Сталинград түбіндегі шайқасты айтып берейін,- деп бастады майдангер өз әңгімесін. – Сол ұрыста оң қолымнан жараланып, взод командирінің бұйрығымен артқа шегінген едім. Әрі қарай ол жерде не болғанын білмеймін. Маған ешкім еш нәрсені ашып айтпады. Жүк көлігіне өзімді ғана отырғызып, әскери ауруханаға әкелді. Менің пайымдауынша, аталған ұрыс алаңында бірде-бір адам тірі қалмаған секілді. Сол шайқас әлі күнге дейін мені қатты ойландырады. Егер де басшының бұйрығымен кері шегінбегенімде, осы бейбіт күнді, өздеріңдей азаматтарды көре алмас едім…» — деген болатын.
Сұрапыл соғыста періштесі қаққан жас жауынгер бүгінде қазыналы қартқа айналған. Үлкен бір әулеттің тірегі, дүрсілдеп соққан жүрегі болып отыр.
Мереке қарсаңында ақсақалды аудан басшысы Ерболат Садырқұлов арнайы барып құттықтап қайтты. Ардагерге миллион теңге көлемінде бір реттік сыйақы мен мерекелік себетті табыстады. Өз кезегінде ақсақал құттықтап келушілерге үлкен алғысын айтып, жыл сайын назардан тыс қалдырмай жүрген мемлекет және аудан басшыларына өз алғысын жаудырды.
Кездесу барысында өзге де тақырыптар жайында сөз қозғалды.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.
Жақсылық ауылы, Көкдөнен ауылдық округі.

Поделиться ссылкой: