Қайырымдылықтың ерекше үлгісін көрсетті
Бейқам жатқан дүниені жаулаған тәжтажал аздаған уақыт ішінде адам баласын көп нәрсеге үйреткен секілді. Әуелі мына бір жалған дүниеде ең басты байлық денсаулық екенін мықтап ұқтырса, одан кейін бәрімізді бірдей бірлікке бекем болуға, ысырапшылдық пен астамшылдыққа мүлдем жол бермеуге үйретті. Сондықтан болар, соңғы кездері отандастарымыз қайырымдылықты көптеп жасауға, мұқтаж жандарға қол ұшын созуға ақырындап дағдыланып келеді. Осы сөзімізге айқын дәлел ретінде абайлық тұрғындардың атқарып жүрген ауқымды жобаларын сөз етуге болады.
Мәселен, абайлықтар ауданда алғашқылардың бірі болып мешіт жанынан асхана салуды қолға алған. Бүгінде аталмыш нысанның құрылыс жұмысы аяқталуға жақын. Одан бөлек ауыл жастарының бастамасымен осы Алла үйінің айналасы толықтай абаттандырылып, көріктендіру жұмыстары жоғары деңгейде жүргізілген. Бұл аз десеңіз, ауылдың орталық көшесіне ақсақалдардың бастамасымен декоративті талдар егіліп, «Асар» дәстүрі аясында үйде соғылды. Жоба бойынша соғылған баспана ауылдағы мұқтаж отбасылардың біріне беріліпті. Жуырда мұның бәрін бізге ауыл әкімі Арыстанбек Мұратбек Дәкенұлы мәлімдеп берді. Әкімнің айтуынша бұл ілкімді істердің басым бөлігі жастардың ынтасымен, тұрғындардың бірлігі мен ұйымшылдығының арқасында іске асырылыпты.
Үлгілі ауылдардың тізіміне енген елді мекенде қайырылымдылықтың тағы да бір ерекше түрі жүзеге асуда. Ол – жағдайы төмен, аз қамтылған, көп балалы және жалғызілікті қарттардың үйіне көгілдір отын құбырын кіргізіп беру. Айта кету керек, соңғы үш жылдың ішінде демеушілік есебінен сегіз үйге газ кіргізіліпті. Әкімнің сөзіне сенсек, енді ауылда көгілдір отынның құбыры тартылмаған үш қана үй қалыпты. Алдағы уақытта бұл олқылықта жомарт жандардың көмегімен қалыпқа келеді деп сенейік.
Дәстүрге айналған бұл бағыттағы істі биыл округке қарасты Көкарық және Еңбекші ауылдарының 1984 жылы дүниеге келген, осы жылы мектеп бітіргендеріне 20 жыл толған түлектер қайта жандандырыпты. Олар ортадан 1 000 000 теңге көлемінде қаржы жинап, қос бірдей отбасыны қуанышқа бөлеген. Оның бірі ақжаулықты әже – Орал Қойлыбекова болса, екіншісі асыраушысынан айырылған – Айшабибі Найманбаева. Ұйымдастырушылар қатарында аудан әкімінің орынбасары Ерғазы Еспенов бастаған Бақбол Жүзбаев, Таңат Молдазов, Нұрлан Зауырбеков, Данияр Серіков, Медеу Исалиев сынды жомарт жандар бар.
Кездесу соңында бас бармақпен бағаланатын бұл бастамаға ауыл ақсақалдары риза болып, жомарт жүректі, демеушіліктің ерекше үлгісін көрсеткен жігіттерге өз батасын берді.
Жәнібек СӘДУАҚАС.